2024 жылы Қазақстан әуе көлігін дамытуда маңызды қадамдар жасады. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есе артты (жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін), ал Қызылордада 7 есе өсті (жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін), деп хабарлады Primeminister.kz сайты. 

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өткізу қабілетін 7,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл инфрақұрылымдық жобалар жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды.

Биыл Қазақстандағы 8 әуежайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау және Павлодар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жөнделді, сондай-ақ Балқаш қаласы әуежайында рулеж жолы мен перрон реконструкцияланды. 

"Аталған жұмыстар ұшу рейстерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, еліміздің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді", – делінген Үкіметтің ресми сайтында. 


Оқи отырыңыз: