2023 жылы жастарға қандай жеңілдіктер жасалады?
Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына кіреді.2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, бірқатар мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында премьер-министрің орынбасары Алтай Көлгінов депутат сауалына берген жауабында айтты.
Отырыста депутат Жұлдыз Сүлейменова қаңтар оқиғасына қатысып, кейін рақымшылықпен босатылған, қоғамға оралған жастарды әлеуметтендіру үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Алтай Көлгіновтың айтуынша, қаңтар оқиғасына қатысты 1095 адамға рақымшылық жарияланған. Бүгінгі таңда 461 адам жұмысқа орналастырылған. Қалған азаматтар бойынша жұмыс жүріп жатыр.
"Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде заң қабылданды. Оның бірнеше жаңа нормалары бар. Егер бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Демек жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Егер бұрын жастар категориясына 3 млн 700 адам кірсе, қазір 5 млн 700 мың адам кіреді. Яғни осы нормаларға, осы қолдау тетіктеріне ие болады", – деді Алтай Көлгінов.
Оқи отырыңыз: Мәдениеттанушы: NEET жастарының мәселесі оларға жұмыс тауып берумен шешілмейді
Сонымен қатар Алтай Көлгінов заңда NEET санаты деген норма бекітілгенін атап айтты. Енді еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын немесе біліктілігін арттырмай жүрген азаматтар да мемлекеттік қолдауға ие болады.
"Сондай-ақ "Жастар практикасы" бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жыл дейін ұзартылған. Осы бір жылдың ішінде жастар 100 мың теңгеге жуық айлық алатын болады. Сонымен бірге "Алғашқы жұмыс орны" деген бағдарлама да бір жарым жылға дейін ұзартылды. Бұл бағдарлама бойынша да жастар 100 мың теңгеге дейін айлық алатын болады", – деді Алтай Көлгінов.
Премьер-министрдің орынбасары "Бастау Бизнес" бағдарламасасы аясында 70 мыңға жуық азамат онлайн оқудан өткенін, өз ісін ашуға мүмкіндік алғанын айтты. Сонымен қатар биылдан бастап жастарға арзандатылған несие берілетінін еске салды.
Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5 пайыздық кредит: Негізгі шарттары белгілі болды
Сондай-ақ ол жастарды баспанамен қамту мәселесін де қозғады. Айтуынша, Алматы, Астана, Шымкенте 7 мыңға жуық азамат пәтерге ие болған.
"Жұмыс жалғасуда. Әлеуметтік кодекспен жуық арада Парламентке кіретін боламыз. Алдағы уақытта 3 миллионнан астам азаматты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның 2 миллионы – жастар", – деді Алтай Көлгінов.