Биылдан бастап салық органдары үш ай қатарынан ай сайын әртүрлі 100 адамнан төлем қабылдаған адамдардың мәліметтерін тексереді. Салық органдары оларды шақырып, қаржының қайдан түскенін түсіндіріп беруді талап етеді. Сондықтан шотына басқалардан ақша жиі түсетін адамдар қаражаттың жасырын кәсіпкерлікпен байланысы жоқ екенін дәлелдеуі керек.

Жеке тұлға банк картасын жеке мақсатта пайдалану үшін ашады. Сондықтан мобильді аударымдарды жеке кәсіпкерлік мақсатта қолдану дұрыс емес. Десе де, жеке шотты кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатындар жоқ емес. Сондықтан, көлеңкелі экономикамен күресу, салықтан жалтаруды болдырмау үшін жеке тұлғалардың мобильді аударымдары бақыланады. 

Қаржылық бақылау кезең-кезеңімен жүзеге асады:

  • 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оған теңестірілген азаматтар және олардың жұбайлары, бюджеттік сала, яғни мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары; 
  • 2024 жылы жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
  • 2025 жылдан бастап жалпыға ортақ декларация тапсыру басталған тұста халықтың қалған санаттағы азаматтарының шоттары тексеріледі.

Оқи отырыңыз: Мобильді ақша аударымына салық салына ма? Жиі қойылатын сұрақтарға жауап


Мемлекеттік кірістер органдары нақты тұлғалардың ЖСН нөмерін банктерге береді. Тек содан кейін ғана аталған санаттағы адамдардың есеп-шоттары бақылана бастайды. Үш ай бойы әр айда кем дегенде 100 адамнан төлем алсаңыз, банк ақша аударымдарыңыз туралы ақпаратты салық органына береді. Ақшаны танымайтын адамдар емес, туыстарыңыз бен достарыңыз аударса алаңдауға негіз жоқ.

Ақшаны аударғандардың емес, қабылдағандардың мәліметтері тексеріледі. Бір адамның қанша рет аударым жасағаны емес, аударымды қанша адам жасағаны ескеріледі. QR-код арқылы төлем қабылдау бизнеспен айалысатыныңыздың айғағы. Ал үш ай ішінде әртүрлі 300 адамнан шотыңызға ақша түссе, салықтан жалтарып, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүрсіз деген күдікке ілінесіз.