2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттер қанша теңге стипендия алады? Жаңа нұсқа
ҒжБМ Назарбаев университеті магистранттарының стипендиясын бұған дейінгі жоспардан тағы да арттыруды көздеп отыр.Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерге төленетін стипендия мөлшерін арттыруды көздейтін Үкімет қаулысының жобасын жариялады. Еске салайық, бұл қаулы жобасының алғашқы нұсқасы емес. Министрлік құжат жобасын бұған дейін де бірнеше мәрте ұсынды. Наурыздағы нұсқамен салыстырғанда, Назарбаев университетінің магистранттарына төленетін стипендия сомасында өзгеріс бар.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы студент қалай 115 мың теңге стипендия ала алады? Шәкіртақы түрлеріне шолу
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап стипендия мөлшері келесі мәндерге ие болады:
- педагогикалық бағыттарда және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, студенттерге – 41 898 теңге;
- педагогикалық бағыттарда білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
- интерндерге – 75 890 теңге;
- магистранттарға – 97 024 теңге;
- "Назарбаев университеті" дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға – 181 250 теңге (наурыз айындағы нұсқада 162 500 теңге болатын);
- докторанттарға – 217 500 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттарға – 217 500 теңге;
- "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
- мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақысының деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендияның мөлшерінен төмен емес;
- техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге.
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге.
"Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен, бірақ 2023 жылғы 1 қыркүйектен ерте емес мерзімде қолданысқа енгізіледі", – делінген қаулы жобасында.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 12 наурызға дейін.