2022 жылы республикалық бюджеттің үштен біріне жуығы ел өңірлерін дамытуға бөлінеді
Қаржы министрлігі бюджет тапшылығын төмендетуді жоспарлап отыр.2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінеді. Аталған сома жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ын құрайды. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
"Келесі жылы түсім 13 трлн теңге көлемінде болады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 431 млрд теңгеге көп. Ал мұнай саласынан тыс келетін түсім 25,1%-ға ұлғайып, 1,8 трлн теңгені құрайды. Ұлттық қор қаражатын жинақтау режиміне байланысты осы мұнай түсімін 1,3 трлн теңгеге төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ, келер жылы ұлттық қор тарапынан кепілдендірілген трансферт 2,4 трлн теңге болмақ. Ол біртіндеп 2024 жылға қарай 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Осының арқасында мұнай саласынан тыс түсімдер үлесі 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ке дейін өседі", – деді қаржы министрі.
Алдын ала болжам бойынша, республикалық бюджеттің кірістері:
- 2022 жылы – 9,2 трлн теңге;
- 2023 жылы – 9,7 трлн теңге;
- 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды.
Мұнымен қатар, бюджет тапшылығын төмендету жоспарланып отыр. 2022 жылы ЖІӨ-нің 3,3%-нан, 2024 жылы 2,5%-ға дейін төмендейді. Ал мұнай саласынан тыс тапшылық ЖІӨ-нің 8,1%-нан 6,3%-ға дейін азаяды. Қаржы министрінің айтуынша, келер жылы шығыстар көбейеді.
"2022 жылы шығыс 577 млрд теңгеге көбейіп, 15,9 трлн теңге болады. Бұдан өзге, даму бюджеті 2022 жылы 1 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Шығыстың 50%-ы әлеуметтік салаға тиесілі. Осының арқасында бюджеттің әлеуметтік бағасы сақталады. 2022 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге бөлінбек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 515 млрд теңгеге көп. Шығыстың бұлай өсуі жыл сайынғы индекстеу, зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысының көтерілуіне байланысты болып отыр. Мұнымен қатар, 2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінеді. бұл жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ын құрайды. Оның ішінде нысаналы трансферттері түрінде 1,8 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 630 млрд теңге көзделді", – деп қорытты сөзін Ерұлан Жамаубаев.
Еске салсақ, үй кезегіндегі тұрмысы төмен жандарға пәтерді жалға алуға берілетін субсидияның алдын ала мөлшері белгілі болды. Мемлекеттік көмектің ең жоғары мәні Алматы қаласында: пәтердің 1 шаршы метріне – 0,55 АЕК (биыл 1 604 теңге) мөлшерінде субсидия беріледі.