1 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік сайттар салық төлейді
Алдын ала болжам бойынша осы ҚҚС салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түседі.Жаңа жылдан бастап салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалары күшіне енеді, деп хабарлады ҚР ұлттық экономика министрлігі.
ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ын құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.
"Төлем тәртібі өте қарапайым. Компаниялар салық салу мақсатында тіркелмейді. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, ҚҚС төлеуге дайын екендігі туралы хабарлайды", – деді ҰЭМ вице-министрі Азамат Амрин.
Әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар аударған сомалар туралы екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады. Әкімшілік мақсаттар үшін төлем жүйелерін пайдалана отырып, төлемді және/немесе ақша аударымын алушы ретінде шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы болып табылатын Merchant ID немесе MID ұғымын белгілеу ұсынылады.
"Merchant ID – шетелдік интернет-компаниялар беретін реквизиттердің бірі. Ол бойынша банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіреді. Бұл – халықаралық практика. Мәселені қарастыру кезінде халықаралық, Еуропа елдерінің де, таяу көршілеріміз Ресей мен Беларусьтің де тәжірибесі зерттелді", – делінген министрлік хабарламасында.
ҰЭМ-нің болжамынша, осы ҚҚС салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түседі.
Еске салсақ, 2021 жылғы 25 қарашада сенат салық кодексіне интернет арқылы сатылатын тауарларға цифрлық салық енгізуді қарастыратын түзетулерді қабылдаған болатын.