Қазақстанда су жетіспеу мәселесі әсіресе Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында өзекті болып отыр. Бұл туралы Nur Otan партиясының бір топ депутаттарының премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалынан белгілі болды.

"Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, экологиялық ахуалы Сырдария өзенінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне тікелей тәуелді болғанымен, кейінгі кезде Арал – Сырдария бассейніне қатысты мемлекеттері өзеннің төменгі су ағысына су жіберу міндеттерін көп жағдайда орындамай жүр", – делінген депутаттық сауалда.


Оқи отырыңыз:


2021 жылы Шардара су қоймасына келісілген су көлемінің 56,7 пайызы ғана келген. Соның салдарынан Қызылорда облысында күріш егісінің көлемі 5,9 мың гектарға қысқартылды. Облыстың ауыл шаруашылығы түгелімен суармалы егіншілікке бағытталған. Қажетті судың жетіспеуі жағдайды күрделендіріп, 2021 жылы Арал өңірін құрғақшылыққа, жайылым өнімділігінің төмендеуіне, балық қорының азаюына алып келген.

"Бұл ретте, өткен жылы 207 көлдің 17-і толығымен тартылып құрғаса, қалған көлдердің толуы 50 пайыз шамасында болды. Қалыптасқан жағдайға бүгінде облыс халқы алаңдаулы", – делінген депутаттық сауалда.