2019 жылы 27 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында "Байтақ болашақ" экологиялық альянсының (ары қарай Экоальянс) III конгресі өтті. Бұл жолғы жиналыс су мәселесіне арналды.
Конгресті ашқан Олжас Сүлейменов:
– Бізде үш нәрсені тазарту керек. Ол – су, ауа, жер, – деп Алматы қаласындағы миллиондаған тонна жарақсыз қоқыстардың үйіліп жатқанын, олардың өртеніп қала халқының тұрмысына кедергі келтіргенін еске салды.
Аралдың құрып кетуіне Хрущев кінәлі
– Арал теңізіне Сыр дариясы мен Әму дария құяды. Бұл екі дарияның Өзбекстаннан басталатыны белгілі. Хрущев мақта өндірісін көбейту үшін су қоймаларын салуды бастап, миллиондаған гектар жерге суды бұрды. Сонымен Арал сусыз қалды. Сол кездегі орталықтың өткізген жиналысында олардың ұсынысына Қонаевтың "Мақтаны Қазақстанда да еге аламыз" деп айтқаны есімде. Сол үшін Қонаев сенімсіз тұлғаға айналды, – деді Олжас Сүлейменов.
Аралға тағы екі тоспа салу керек
Бұл туралы Ресей Зоология иниститутының гидробиологиялық лабораториясының меңгерушісі Николай Васильевич Аладин бастаған ғалымдардың жобасында ұсынылған.
Олардың айтуынша, Сыр мен Аму дарияларының бойындағы ауылшаруашылық өндірістерін реттеу мен суды пайдалану жүйесін оңтайландыру арқылы соңғы жылдары Арал теңізі аз да болса тіріле бастаған.
Көкарал тоспасынан кейін кіші Арал толды. Енді ондағы құйылатын судың мүмкіндігін пайдаланып, кіші Аралдың солтүстігіндегі Арал қаласына дейінгі бөлекке су толтыруға болады, яғни онда бір тоспа салу керек.
Ал екінші тоспа орталық Аралмен батыс және оңтүстік Аралды қосады. Оны салу арқылы орта Арал көлін қалпына келтіру болады.
Арал балығын құтқарудың жаңа жобасы бектілді
Көкарал тоспасынан үлкен Аралға кетіп жатқан сумен бірге балық та өтіп кетіп, ондағы судың тұздылығы өте жоғары болғандықтан, қырылып қалады. Сол үшін Көкорал тоспасына жақын жерден балықты тосатын қауіпсіз сүзгі жасау керек.
Осы мәселе бойынша 2018 жылы Қазақстан мен Германияның бірлесіп жаңа жоба жасағаны белгілі болды. Жобада Көкарал тоспасына гидроакустикалық балықты қорғау шарбағын орнату қарастырылған. Аталған шарбақ Көкарал тоспасынан 150 метр қашықтыққа орнатылады. Бірақ жобаның қашан іске асатыны белгісіз.
Жиналыс кезінде Арал өңірін жасылдандыру және құм мен тұздың ұшуынан сақтану шаралары туралы жүргізіліп жатқан істер таныстырылды. Сонымен бірге соңғы жылдары Өзбекстан жағы көгалдандыру жұмысын қарқынды жүргізіп жатқаны айтылды.
Қазақстандағы Аралды құтқару халықаралық қоры Германия қаржыландыратын "Солтүстік Аралдың балығын қорғау" туралы жобасын жүзеге асыру келісіміне қол қойды. Бұны 2019 жылдың соңына дейін іске асыру көзделген.
Бурабай көліне шомылуға болмайды
Бұл туралы Германияның су тазарту қауымдастығының өкілі Өмірхан Алтын хабарлады. Өмірханның айтуынша, суды тазартуға қатысты Қазақстанда өте керемет жобалар бар. Қаржы да бөлінген. Алайда кедергі көп.
Ол:
– Қазақстан Үкіметімен келісе отырып Щучье және Бурабай көлдерін тазарту жобасын енгізген едік. 2011 жылы Щучье көлін тазартудың пилоттық жобасын іске асырдық.
Алайда, жұмыс жасаудың орнына бітпейтін жобалар қаржыландырылды да нақты жұмыс тоқтап қалды. Қағазбастылық пен бюрократтық қатты болды. Аталған жобаның бюджетін үш рет көтерді. Сонымен бірге суды тазартуға кететін қаржының бір бөлегін тек қағаз жұмыстарына жұмсады. Кейбір келеңсіздіктер туындады. Сонымен біз жұмысты істеуден бас тарттық, – деді.
Өмірхан ағаның айтуынша, Бурабай көлі ұзақ уақыттан бері тазаланбағандықтан астындағы су көздері бітелген және түрлі ауру тудыратын бактериялар да көбейе бастаған. Сол үшін онда шомылу қауіпті.
Германияда су қалай тазаланады?
Бұл сауалымызға жауап берген Өмірхан Алтын:
– Таза су ішу әр адамның азаматтық құқы есептеледі. Сол үшін Үкімет таза сумен қамтуды алдыңғы кезекке қойды.
Екіншіден, әр аудан және ауыл өздері сайлаған басшылық арқылы демократиялы түрде бақылайды және іске асырады.
Үшіншіден, халықтың суды үнемдеу және тазалықты сақтау санасы өсті. Мысалы, өткен жылы бүкіл ел бойынша 17 млрд текше метр су үнемделген. Бұл қаржының үнемделуіне ықпал жасады. Үнемделген қаржы су жүйесін жақсартуға жұмсалып отыр.
Төртіншіден, Европа Одағы арнайы су пайдалану стандартын қабылдады. Қазір Германия халқы таза сумен толықтай қамтылған, – дейді.
Өмірхан Алтын Экоальянс ұсынған меморандумға қол қойып, Қазақстандағы су тазарту жұмыстарына көмектесетінін әрі кейбір мәліметтерді беретінін жеткізді.
Өмірханның айтуынша, Германия және басқа Еуропа елдерінде өзен және көл арналары жыл сайын тексеріліп, тазаланып отырады.
Қытайдан келетін өзендер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Бұл сауалға ҚР Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марат Иманалиев жауап берді.
– Қазір су мәселесі бойынша Қытай тарабымен келісімге келіп жатырмыз. Халықаралық конвенцияға сай кей пункттерін қайта талқылаудамыз. Барлығы оң шешіледі деп санаймын, – деді комитет төрағасы.
Алматыдағы Сорбұлақ сорымызды қайнатуы мүмкін
Бұл туралы Геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик Ержан Сапарғаилев айтты.
– Алматы қаласының жарақсыз сулары құйылатын Сорбұлақ көліне әр секундта 5 тонна су құйылып жатыр. Қазіргі су көлемі 900 миллион текше метрден асқан. Судың деңгейі 620,5 м жетті. 622 метрден асып кетпеуі керек. 622 м болғанда 1 млрд текше метр суды қабылдай алады. Атап айтқанда, жағдай қауіпті деңгейге жетіп қалды. Егер аталған өңірде жер сілкінісі секілді тәбиғи апаттар туылса, тоспа жарылып кетуі мүмкін, – деді Сапарғалиев.
Осыған байланысты аталған көлді биологиялық жолмен тазарту керек екенін, қауіптің алдын алу шараларын қолға алуды сұрады.
Ақтөбедегі мұнай бұрғылаушылар жер асты суын ластап жатыр
Бұл туралы ақтөбелік эколог Бекарыстан Мырзабай хабарлады. Ол:
– Жер асты тұщы су қоры мол Көкжиде өңірінде "Ада Ойл", "КМК Мұнай" ЖШС-і мен "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ы мұнай өндіріп жатыр. Бірақ аталған компаниялары ауыз суды түбегейлі қорғау технологиясын әлі қолданбай отыр. Тіпті, өткен жылы тексеруге барған тәуелсіз комиссияны экологиялық апатты аймаққа кіргізбей қойды. Ауыз су қорының былғанып жатқанын Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылары да біледі, – деді.
Осыған байланысты сұраққа жауап берген ҚР Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марат Иманалиев:
– Заңға сәйкес тәуелсіз комиссия құрып тексеруге құқыңыз бар, – деді. Сонымен бірге экологиялық альянспен бірлікте тексеру жүргізуге көмектесетінін жеткізді.
Ауыз су жүйесі құрылысының бірыңғай стандарты бар ма?
Бұл сұрақты Тұран Астана университетінің проректоры Орақ Жолмырзаев қойды. Оған Марат Иманалиев:
– Қазірше жоқ, – деп жауап қайтарды.
– Қазіргі экологиялық мәселелер өте күрделі. Сондықтан нақты шараларды қолға алу керек, – дейді Экоальянс мүшесі Тоқтар Әубәкіров ағамыз. Ол Үкіметтің атқарып отырған жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
Конгресс соңында Экоальянстың президенті Азаматхан Әміртаев Үкіметтік ұйымдармен бірлесе отырып, экологиялық ортаны сақтау бойынша заң-талаптарды бұзған тұлғалармен ашық алаңға шығып, соттасып жатқандарын мәлімдеді. Түстен кейін "Олжас Сүлейменов аллеясы" ашылып, сонда ағаш екті.