16 шілдеден бастап білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға құжат қабылдау басталады
Биыл Білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квота бөлді.Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 шілде күні басталады. Қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылады.
Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді.
Оқи отырыңыз:
- БҒМ 2021-2024 жылдарға арналған білім гранттарының санын жариялады. Толық тізім
- Әлеуметтік осал топтағы азаматтар білім грантын квотамен иелене алады. ҰБТ нәтижесі шекті балға сәйкес келуі тиіс
Оқуға түсушілер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады. Өтінішпен бірге келесі құжаттар болуы тиіс:
- аттестат;
- аттестатқа қосымшаның электрондық көшірмелері;
- электрондық 3×4 сандық фотосурет;
- сондай-ақ, басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тапсыруы қажет.
Егер талапкер "Алтын белгі" иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылықтар қарастырылған. Талапкерлердің мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін құжаттарды тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші сертификаттың атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді.
Сонымен қатар, биыл білім беру гранттарын бөлу кезінде Білім министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Олар:
- көпбалалы отбасында тәрбиеленгендер;
- толық емес отбасылардан шыққан балалар;
- ерекше қажеттіліктері бар балалар.
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады:
- "Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл;
- "Денсаулық сақтау" − кемінде 70 балл;
- "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" – кемінде 60 балл;
- "Ветеринария" – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл.
Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні немесе шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.