1 қазаннан бастап ХҚКО қандас мәртебесін алуға өтініш қабылдамайды
ХҚКО қандас мәртебесін беру туралы шешімді төрт жұмыс күні ішінде шығарса, енді оны қарастыру мерзімі 35 күнді құрайды.1 қазаннан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары қандас мәртебесін беру бойынша өтініштерді қабылдамайды. Бұл туралы "Отандастар қоры" хабарлады.
Ендігі кезекте этникалық қазақтар қандас мәртебесін "Құтты мекен" ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемелері арқылы алады. Ол үшін келесі құжаттар қажет:
- өтініш;
- еркін нысандағы өмірбаян;
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері және нотариалды куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы;
- жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты жазылмаған жағдайда, өтініш берушінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар болуы керек.
Оқи отырыңыз: Қандас мәртебесін қалай алуға болады? Шеттегі қазақтарға арналған нұсқаулық
Өтінішті жергілікті әкімдіктер жанындағы арнайы құрылған комиссия қарастырады. Комиссия келесі шарттарды ескере отырып қандас мәртебесін беру немесе бас тарту туралы ұсыным шығарады:
- ҚР үкіметімен белгіленген өңірлерге қоныстандыру үшін;
- Демографиялық дамуға қажеттілігі бар ауылдық елді мекендерге, аудандық және облыстық қалаларға қоныстандыру үшін;
- Өтініш берушінің Қазақстандағы отбасымен немесе жақын туыстарымен қауышуы үшін;
- Жұмыс берушілердің шақыруы бойынша.
Қандас мәртебесін 35 жұмыс күні ішінде қарастырады. Қандас мәртебесінің мерзімін ұзарту үшін ХҚКО немесе Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтініш беру керек.
Оқи отырыңыз: Квота саны өседі. Биыл тағы 362 қандас Қазақстанға қоныс аудара алады
Қосымша сұрақтар болса "Отандастар қорының" қандастарды ақпараттық қолдау орталығының байланыс нөмірлеріне тегін хабарласуға болады:
- 1404 – барлық қазақстандық ұялы операторлар үшін тегін;
- +7 701 000 14 04 – WhatsApp, Telegram мессенджерлері арқылы онлайн;
- 8 7172 9814 04 – халықаралық қоңыраулар үшін шетелдік операторлар белгіленген ақылы тарифпен.