"Шілдеде" неге қырық күн? Қазақ халқының ауа райы болжамдары
Қазір 25 маусымнан 5 тамызға дейін созылатын "қырық күн шілденің" белортасына жеттік. "Қазгидромет" 20 шілдеден бастап Қазақстанның орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығысында +45 градусқа дейін аптап ыстық болатынын хабарлады. Шілденің шіліңгір ыстығы қазірдің өзінде Қазақстанның барлық өңірінде байқалып тұр. Аптап ыстықтан қалай қорғану керек?
Шілдеде неге 40 күн?
Қазақта ай, ауа райы мен табиғат құбылыстары атауларының өзіндік мағынасы бар. "Мәдениет" порталының мәліметінше, Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуін "үркердің батуы" деп атайды. Кейде үркердің жерге түсуі дейді. 24 маусымда Үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Халық жұлдызшылары "Үркер жерге түспей жер қызбайды" деген. 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күнін "Ұлы шілде" деп атайды. Оның өзі кіші шілде (5 шілде-25 шілде) және үлкен шілде (25 шілде – 5 тамыз) болып екіге жіктеледі.
Шілде сөзінің түбірі парсы тіліндегі "чиһал, чиһил" сөзінен шыққан. Ол "қырық" деген сөзді білдіреді. Ал ай ортасындағы аңызақ аптап күндер "шіліңгір" деп аталады. Араб-парсы тілдеріндегі "һә" дыбысы қазақ тілінде айтылмайды. "Чиһил – чиил – шіл" ретінде тілдік өзгеріске ұшырап, оған -лә, -ле, -де қосымшасы жалғанып қазақ халқының сөздік қорына "шілде" деп еніп кеткен делінеді.
Қазақ есепшілері жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеп, "қырық күн шілде" деп атаған. Қырық күн шілде деп жаздың нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтады. Бұл халық аузында "суыр" деп те аталады. "Сұмырай" сөзі "суыр айы" деген мағынаға саяды деседі. Қазақта "Сұмырай келсе, су құриды" деген мақал бар, яғни, шіліңгір шілде басталса, құрғақшылық жайлайтынын меңзеген.
Оқи отырыңыз: Климаттың өзгерісінен кімдер ең көп зардап шегеді? Қазақстанда қуаңшылық бола ма?
Ежелгі қазақ күнтізбесі бойынша шілдені "әсет" деп те атаған. Кейбір деректерде "асад" деп қолданылады. "Асад" сөзі араб тілінде "арыстан" сөзін білдіреді. Жұлдыз белгілері бойынша "Арыстан" шоқжұлдызының атауы.
Батысқазақстандықтар шілде-тамызда тұзды сордың шипалы қара балшығына түсіп, ем алатын кезді "тұз айы" деп те атайды.
Халық арасында тас балқытар ыстық күннің тек шілдеде болатыны да айтылып кеткен. "Қысқы шілдеде қу сақта, жазғы шілдеде су сақта" деген мәтел бар.
Шілденің ауа райын қазақтар қалай болжаған?
Халық даналығында аңызақ ыстық күндері табиғаттағы белгілі бір өзгерістерге қарай алдағы күннің ауа райын болжауға болады екен. Мысалы, шілденің алғашқы он күнінде:
- Таңертең шөп басы құрғақ болса – түнде жаңбыр жауады;
- Найзағай күркірі жаңғырып естілсе – нөсерлетеді;
- Шық қалың түссе – аспан шайдай ашылады;
- Таңертең өзен, көл суын тұман бауырласа – ауа райы жақсарады;
- Көлмектен тұнба иіс мүңкісе, өткінші жауыннан кейін кемпірқосақ солтүстіктен оңтүстікке тартылып, қанық қызыл түске боялса – жаңбыр жауады.
Шілденің екінші он күнінде:
- Көкек шақыруын тыймаса жаз ұзаққы созылады;
- Ағаш жапырақтары сарғая бастаса – күз бен қыс ерте түседі.
- Шілденің үшінші он күнінде:
- Аптап басталады;
- Жерді шық басқан «жылауық» күндер туады;
- Ауа ыстық болса – келер желтоқсан суық болады;
- Қымыздық бітік шықса алдағы қыс жұмсақ болады;
- Арша гүлдеген кезде шілде аяқталып, тамыз туады.
Оқи отырыңыз: Ағзада су мөлшері жеткіліксіз не артық екенін қандай белгілерден байқаймыз?
"Үркердің толғағы" шілде айының орта шенінде басталады. Бұл кезде үркер туады. Жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. Тамыздың ортасында ауа райы салқын тартады, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. Осы кезеңді "Таразының тууы" деп атайды "Таразы туса – таң суыр" деген мəтел содан шыққан.
Қырық күн шілде өтіп, үркер шоқ жұлдызы көкжиекке көтерілгенде аспан әлемінен қайта көрінгеннен бастап, өсімдік тамыры тереңге тартып, дәнді-дақылдар дән ала бастайды, шөп буыны бекіп, дәрілік шөптер қуаттанады. Мұндай жайылымға жайылған мал тез шелденеді. Жайылым малға жұғысты бола бастайды, өрістер шұрайлана түседі. Осыған орай туған қазақта "Күзде аққан су семіз, күз өрісіндегі мал семіз" деген тәмсіл сөз бар.
Аптап ыстықтан қалай қорғану керек?
Дәрігерлер ыстық ауа райында адамдарға күн астында жүрмей, жолға шықпай сақтанған дұрыс деп кеңес береді. Аптап ыстықта сағат таңғы 10.00-ге дейінгі немесе кешкі 17.00-ден кейінгі уақытта далаға шыққан жөн. Себебі ең жоғары температура 11.00 мен 17.00 аралығында болады. Осы уақытта далаға шығу қажет болса ашық реңкті жеңіл матадан тігілген, кең киім киген жөн. Күн астында екі сағаттан астам уақыт қалмауға кеңес береді. Әйтпесе күн өтіп не күнге күйіп қалуыңыз мүмкін.
"Күн астында көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі боп-боз болып кетсе, күн өткеннің белгісі. Ал күнге күйгенде тері қызара бастайды. Ондай кезде көлеңкелі жерге отырып демалу, ғимаратқа кіріп жата тұру керек. Көп су ішкен де пайдалы. Аптап ыстықта су мен аса тәтті емес жеміс шырынын ішуге болады. Шай ішкіңіз келсе, біраз суығанын күткен жөн. Мұндай күндері қуырылған, ыстық тамақтан, ішімдіктен, қою шай мен кофеден, газдалған сусындардан бас тарта тұрған дұрыс. Жеміс-жидек, салқын сорпа, майлы емес ет пен балық жеуге болады", – дейді №10 қалалық емхана дәрігері Нарғыз Әбдірайымова.
Дәрігер бөлмені жиі желдетіп, терезелерді қараңғылап қоюға кеңес береді. Үйді салқын ұстау үшін терезелерді таңертең ерте және кешкі мезгілде ашып желдетіп алу қажет. Жарық шамдарын жылуды аз бөлетін диодты шамдарға ауыстырған жөн. Еденді күніне екі-үш рет сулап сүрткен дұрыс. Ірі жапырақты гүлдер де бөлмені салқындатады. Олардың жапырақтарына су бүркіп тұру қажет. Терезеге фольга қағазын жапсыруға болады.
Күн өткен адамның терісі қызарып, құрғап, тер шығуы тоқтайды. Басы ауырып, жүрегі айниды. Есінен айрылып, бұлшық еттері тырысады. Ыстық өткен адамды салқын әрі ауасы таза жерге жатқызып, денесін салқын сулы шүберекпен жауып, су ішкізу керек. Күйген теріге мұз қоюға, адамды тоңдыруға, ыстығын түсіру үшін аспирин немесе басқа дәрі ішкізуге болмайды. Мұндайда бірден дәрігерге жүгінген жөн.
Оқи отырыңыз: Қан қысымы тұрақты болуы үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Аптап ыстық жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдарға үлкен қауіп төндіреді. Ыстық ауа ағзадағы қан айналым жүйесіне кері әсерін тигізеді. Ағзадағы су жоғалып, қан ұйып қалады. Салдарынан тромб түзіліп, тамырлар қысылады. Бұл уақытта тромбозға бейімділік пайда болып, артериалды қан қысымының жоғарылауы да, төмендеуі де байқалады. Ыстық ауа райынан инфаркт, инсульт, қан ұйылу тәрізді қан-тамырлар ауруы көбейеді. Сондықтан жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар жылдың осы мезгілінде өте мұқият болу керек. Пациенттер дәрі-дәрмекті өзімен бірге алып жүруі қажет. Мысалы, гипертониямен ауыратындарда қан қысымын төмендетуге арналған дәрілер, ал жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарда стенокардия ұстамасын басатын аэрозоль немесе басқа да дәрілер болуы керек.
- Ғимарат ішіндегі салқын ауаны сақтау. Терезені айқара ашпай, перде мен жалюзиді түсіру қажет. Кондиционер ыстықтан қорғағанымен оның астында екі сағаттан артық отыруға болмайды;
- Бас киім мен мақтадан тігілген ақшыл түсті киімдер киіп, көлеңкеде жүруге тырысу керек. Жазда міндетті түрде күннен қорғайтын көзілдірік кию қажет, себебі қан тамырларының қысылуынан көз бұлшықеттеріне қысым түсуі мүмкін;
- Күн астында 11:00-ге дейін немесе 16:00-ден кейін ғана қыздырынуға болады. Күн астында бір жарым сағаттан артық жатпауға тырысыңыз және күннен қорғайтын құралдарды пайдаланыңыз;
- Ыстық ауа райында сұйықтықты көп ішіңіз және салқын душ қабылдаңыз. Бұл сұйықтық теңгерімін ұстауға көмектеседі;
- Алкогольді ішімдіктер дене температурасын едәуір көтереді, сондықтан ыстық ауа райында одан бас тартқан жөн. Никотин қанға оттегінің келуіне кедергі жасайды, қан тамырларын кішірейтеді, сондықтан ыстық ауа райында шылым шегу де қауіпті.
"Көлік айдасаңыз, жолға өзіңізбен бірге салқындатылған сусындар алып жүріңіз. Дене ысып, өзіңізді нашар сезінсеңіз, онда көлеңкеге тоқтап, демалып алыңыз. Автокөліктен шығып, далада жүре тұрыңыз, сол уақытта көлігіңіздің барлық терезелерін ашып қойыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана көлікке қайта отырыңыз. Балаларды ешқашан жабық көлікте қалдырмау керек. Аптап ыстықта мойынға дымқыл орамал тағып алуға да болады.Жиі-жиі беті-қолыңызды салқын сумен жуыңыз. Көлік қозғалтқышы қызып кетсе көлеңкеге қойып, салқындауын қадағалаңыз", – дейді Нарғыз Әбдірайымова.