Тікелей эфир

Климаттың өзгерісінен кімдер ең көп зардап шегеді? Қазақстанда қуаңшылық бола ма?

Сурет nikolaev-city.net сайтынан алынды
Сурет nikolaev-city.net сайтынан алынды
Биыл қуаңшылықтан жем-шөп тапшылығы болауы мүмкін деп фермерлер алаңдаушылық білдірген болатын. Ауа райын болжау мекемесі мұндай қауіп жоқ деп отыр.

Климат өзгерісінің зардаптары

Дүниежүзінде барлығы табиғатқа, климатқа тәуелді болып кетті. Аптап ыстық, сарышұнақ аяз, дауыл, құйын, боран, тасқын, қуаңшылық пен өрт секілді табиғи құбылыстардың саны да, жиілігі де, қарқыны мен ұзақтығы да күрт өзгерді. Соның салдарынан адамның денсаулығына төнетін қатер ұлғайды.

Жарақаттар, жұқпалы және жұқпалы емес аурулар, стреске байланысты жүйке ақаулары көбейді. Жұқпалы аурулардың сипаты өзгере бастады. Кеміргіштер тарататын вирустық, сондай-ақ, респираторлық дерттердің, азық-түлікпен және судың сапасына байланысты аурулардың таралу мерзімі мен жағрафиясы да қазір мүлдем басқаша.

Елімізде жыл сайын су тасқынынан 1000-нан астам үй зардап шегеді. Табиғи апат инфрақұрылымға да ауқымды нұқсан келтіреді.


Дереккөзі: Қазгидромет


Климат өзгерісі жаҺандық сипат алды. Табиғаттағы төтеннен болатын апаттар ауаның сапасын, азық-түлік пен су қауіпсіздігіне де әсер етіп, елеулі өзгеріске ұшыратты. Бұның адамдарға тікелей әсері ттіпті ерен.

Кедейлік,соың салдарынан дұрыс тамақтанбау, жұмыс жоқтық, табыстың аздығы және нашар күнкөріс гендерлік факторға, білімі мен баспана жағдайына тікелей немесе жанама әсер етіп отыр. Осындай әлеуметтік факторларға ықпал ет ететін климат өзгерісі адамдардың ауқымды миграциясына алып келеді дейді, мамандар.

Сол себепті метеорология мен гидрологияға қатысты мониторинг, болжамдар мен зерттеулердің сапасын арттыру өзекті уақыт талабына айналып отыр.

Гидрология – еліміздегі ең бір осал тұс

– Өйткені, су тасқындары көбейді. Гидрометеорологиялық қызметтерді қажетті техникамен жабдықтау өзекті. Заманауи жабдықтардың күшімен алынған ауқымды мәліметтерді өңдеуге тек адамның қарым-қабілеті жетпейді. Ол үшін жасанды сана (искусственный интеллект) қажет, – дейді климат өзгерісі жөніндегі маман Салтанат Жәкенова.

Еліміздің қарапайым тұрғындары ауа райы мен климаттың айырмашылығын ажырата бермейді. Оларға ақпарат жетпей жатады.Сондықтан жұртты ақпараттанджырудың маңызы зор. Бұл туралы ол 28 мамырда Алматыда Орталық Азия елдерінің Гидрометеорологиялық қызметтері мамандарының жиынында берген түсініктемесінде айтты.

Дөңгелек үстелді Орталық Азия Өңірлік экологиялық орталығы ұйымдастырды. Бұл ұйым Дүниежүзілік банкпен бірлесіп "Арал теңізі бассейнінде климат өзгерісіне бейімделу және оның салдарларын жеңілдету" атты жобаны жүзеге асыруда.

– Климат өзгерісінен ауылшаруашылығы, су ресурстары және энергетика саласы ең көп зардап шегеді.. Сондай-ақ, климатқа тұрлаулы ауылшаруашылығын құрудың маңызы артты. Еліміз 60 пайыз суды сырттан алады. Демек, болжамдық мәліметтерге сұраныс көп. Ғалымдар мен зерттеушілерге де ғылыми негізді ақпарат қажет. Дамыған елдерде климаттық қызметтер аса маңызды деп саналады. Соған сәйкес жоғары бағаланады. Шешім қабылдау жүйесі де, қаржыландыру да лайықты деңгейде. Ал бізде жобалар жамау-жасқау сипатында ғана жүзеге асырылады, – дейді С.Жәкенова.

"Қазгидромет" РМК Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлының айтуынша, ең басты проблема – гидропосттар желісінің жетімсіздігі. Қазір 310 гидрологиялық пост жұмыс істеп тұр. Ал нормаға сәйкес 500-ден астам болуы қажет.

– Бүгінде ШҚО, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тауларда қар еріп жатыр. Жуырда ШҚО-да нөсер жаңбырдан Тұрғысын Су электр стансасының салынып жатқан құрылысы тасқынға ұшырады. Ал Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе секілді далалық аумақтарда тасқын қаупі қазір жоқ. Бүгінгі қатер төнуі ықтимал аймақтар – таулы өңірлер, – дейді маман.

Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту бағдарламасы бар

Қазақстанда 2024 жылға дейінгі бағдарлама қабылданған. Оның шеңберінде бақылау желілері жабдықталып, заманауи аспаптар және радарлар сатып алынып жатыр. Дамыған елдерде қолданылатын математикалық модельдерді енгізу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Олар жергілікті жағдайларға бейімдендіріледі.


Дереккөзі: Қазгидромет


Гидрометеорологиялық модельдер өте қымбат

Дөңгелек үстелге қатысқан Ресейдің солтүстік-батыс Гидрометқызметі басқармасының басшысы Валерий Цепелевтің айтуынша,, өзінің жеке моделін жасап шығаратын ел өте сирек.

– Модель – аса қымбат дүние. Мысалы, Скандинавия елдерінің Херлам деген моделін жасап шығаруға 90 математик жұмылдырылды. Бұл жұмыс 20 жылға созылған. Бұған техника мен бағдарламалық жасақтаманы қосып, модельдің құнын есептей беріңіз. Еуропалық Одақта қолданылатын COSMO жүйесін Германия басқаратын консорциум құрған. Оған РФ мен басқа да он шақты ел кіреді. Консорциумның әрбір мүшесі модельді есептеу мен нақтылауға өз үлесін қосады, – дейді ол.

Оның айтуынша, бұл – Еуропалық орта мерзімді ауа райын болжау орталығының моделі. Бұдан өзге өзге француздық Аладдин, ICON, JFS және басқалары бар. Модель – іс жүзінде гидродинамикалық теңдеулер жүйесі. Оған бақылау мәліметтері енгізіліп, белгілі бір мерзімдік кезеңге арналған болжам мәндері алынады.

Ал метеорологиялық радар бұлттың қозғалысын көрсететін мәліметтер массивін беру арқылы болжам жасау мүмкіндігін тудырады. Ресейлік радарлардың құны 1,5 млн доллар төңірегінде болса, дамыған елдерде баға бұдан 2-3 есе қымбат.

Қазақстанда радар желісін дамыту

Ұлттық бағдарламаға сәйкес Қазақстанда радар желісін дамыту көзделіп отыр:

2018 жылы – 2 ДМРЛ (Доплердің Метеорологиялық РадиоЛокаторы);
2019 жылы – 3 ДМРЛ;
2020 жылы – 2 ДМРЛ;
2021 жылы – 1 ДМРЛ;
2022 жылы – 1 ДМРЛ сатып алынады.

– Өткен жылы сатып алынған радарлар Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орнатылады. Біздің радарлармен қатар "Қазаэронавигация" радарлары да бар. Соның нәтижесінде Қазақстан аумағы осындай жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. 2019 жылы 42 гидрологиялық пост ашылады. Қарағанды, Ақмола, СҚО, Ақтөбе, Қостанай және ШҚО-да. 2020 жылы 25 гидрологиялық пост ашу көзделіп отыр. Оларда кемінде 2 адам жұмыс істейтін болады, – дейді Д.Жәнібекұлы.


Дереккөзі: Қазгидромет


"Енді радарлардан алынатын ақпаратты толық пайдалану керек. Сол үшін еліміздегі синоптиктерді болжам мәліметтерін толық пайдаланып және түсіндіре алатындай машықтандырып, оқыту қажет", деген пікірде Қазгидромет өкілдері.

Болжамдар ақтала ма?

– Біз тәуліктік, 2-ші және 3-ші тәуліктік,апталық, маусымдық және алдағы бір айға арналған болжамдарды жасаймыз. Барлығы 328 метеостанция бар. Олардың 72-сі автоматтандырылған, 256-сі дәстүрлі стансалар. Тәуліктік болжамдардың 95 пайыздан жоғарысы ақталады, 2-3-ші тәуліктік – 90 пайыздан, 7 күнге – 85 пайыздан жоғары, – деді "Қазгидромет" АҚ Метеорология департаментінің директоры Алмас Шабданов.


Дереккөзі: Қазгидромет


Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет қазір метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрологиялық мониторинг және болжам жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ, 9 аэрология стансасы бар. Олар 25-30 шақырым биіктікте бақылау жүргізеді. Радиозонд құрылғылары да қолданылады. Тәулігіне екі мәрте ұшырылады. Радиозонд дегеніміз ауаның температурасы мен ылғалдылықты анықтайтын датчик. "Шаропилот" деп аталатын шарға байлап ұшырылады. Ол қысымды, желдің биіктегі бағыты мен жылдамдығын көрсететін мәліметтерді де стансаға жолдайды. Актинометриялық бақылау 40 стансада, озон бойынша бақылаулар 5 стансада жүргізіледі, – деп түсіндірді А.Шабданов.


Дереккөзі: Қазгидромет


Агрометеорология немен айналысады?

Агрометеорология департаментінің директоры Нонна Лоенконың айтуынша, Қазақстанда өсірілетін дәнді дақылдардан бидай мен арпа астығының болжамы жасалады.

– Жаңадан модель бейімдеп, ШҚО үшін күнбағыстың өнімі болжам әзірлеп жатырмыз. Қазір бұдан бөлек Қазақстан аумағы үшін қант қызылшасы мен соя астығы болжамын жасауды жоспарладық. Агрометеорологиялық болжамдар ағымдағы вегетациялық кезеңге жасалады, – дейді ол.

Нонна Лоенконың мәліметінше, қазір отандық фермерлер пилотты жобаның аясында болжамдарды тегін алып жатыр. Бұл жобаны мекеме өз бастамасымен қолға алып, СҚО, БҚО және Алматы облысының әкімдіктерімен меморандум бекіткен. Бірінші жылы қызмет – тегін.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары