Шетелде адам саудасының құрбаны болмау үшін қалай сақтану керек? Құқық қорғаушылар түсіндірді
2023 жылы адам саудасына қатысты 152 қылмыстық іс тіркелді. 94 іс сотқа жіберіліп, 41 қылмыскер сотталды. Қалған істер тергеліп жатыр. Жалпы азаматтарды Катар, Индонезия, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркияға және Оңтүстік Кореяға әкету арналары, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан әкелу арналары жойылды, деп мәлімдеді департамент басшысы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев. Осы орайда құқық қорғаушы мамандар шетелге шыққанда адам саудасының құрбаны болмас үшін нені ескеру керегін түсіндірді.
Шетелде адам саудасының құрбаны болмас үшін не білу қажет?
Шахноза Хасанова адам саудасының құрбаны болмас үшін шетелге шығарда келесі қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды екенін айтады:
- жеке басты куәландыратын құжаттарды ешкімге бермеңіз. Төлқұжаттың, еңбек шартының, жұмыс берушінің байланыс телефондарының көшірмелерін жасап, өзіңізде сақтаңыз және бір данасын отбасыңызға беріңіз. Паспорттың түпнұсқасын жоғалтқан немесе айырылған жағдайда оның көшірмесі болуы тиіс;
- шетелдегі өкілдіктеріміздің, консулдықтарымыздың, елшіліктеріміздің байланыс мекенжайларын білу міндетті. Өйткені осы мекемелердің негізгі функцияларының бірі – шетелдегі азаматтарға көмек көрсету және олардың мүдделерін қорғау;
- жұмысқа кететініңіз туралы отбасыңызға және жақын достарыңызға хабарлаңыз;
- жақындарыңызбен "код" сөзі немесе адамның қиындыққа тап болғанын білдіретін сөйлем туралы келісіңіз;
- тек іс жүзінде байланысқан адамдарға толық ақпарат бермеңіз;
- қандай да бір себептермен полицияда болсаңыз, аудармашы мен консул келгенге дейін ешқандай куәлік бермеңіз.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктердің Қазақстанда тұрақты тұруына өзгеріс енгізілді: енді өз елінің паспорты керек
"Қауіпсіз болмайынша көмек сұрап айқайламаңыз"
"Біз жасөспірім, мигрант, балалар үйі түлектерінің қалай құлдыққа түскенін көрдік. Олар өзін аямай ұрып-соғады деп қорқады. Оның үстіне барлығы дерлік құжаттарын алдыртып қойған. Қанау деген – біздің түсінігіміздегі қамап ұстау, ақша төлемей жұмыс істету немесе тәнін сатуға көндіру ғана емес, таңнан кешке дейін қайыр сұрату. Адам кейін бар ақшаны қожайынына беруі керек болады. Ал егер кешке қарай үйге келмей қалса, әбден сазайынын тартқызады", – деді "Қорғау-Астана" қорының төрайымы Анна Рыль.
Дегенмен әйелдер мен балаларды қолдау орталығының басшысы адам іштей қорықса да, бостандық үшін соңына дейін күресуі керек екенін айтады.
"Құлдықтағы адам айқайласа немесе сөз таластырса, оны қатты ұрып-соғуы мүмкін. Сондықтан ең бірінші қауіпсіз жерге жетуді ойлау керек. Содан кейін барып айқайлап көмек сұрауға болады немесе мұны құлдықта ұстап отырған адамдар үйден кеткен кезде жасауға болады. Қолыңызда телефон болған жағдайда міндетті түрде видео түсіріп, басыңыздан өтіп жатқан жағдайды сипаттаңыз", – деді Анна Рыль.
Жыл сайын 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалады
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ведомствоаралық өзара іс-қимылдар туралы айтып берді. Ол елімізде адам саудасына қарсы күрес мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейтініне тоқталды. Онда екі жауапты мемлекеттік органның міндеті айқындалған: Ішкі істер министрлігі қылмыстарды анықтап, тергеу жүргізеді; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам саудасынан зардап шеккендерді оңалту мәселесімен айналысады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шетелдік азаматтар негізінен ұрлық, алаяқтық, бұзақылық қылмыстарымен ұсталады
"Комиссияның міндеттеріне жағдайды талдау, проблемалық мәселелерді зерделеу және ұсыныстар әзірлеу кіреді. Үйлестірудің және ведомствоаралық іс-шараларды іске асырудың маңызды құралы ретінде Үкіметтік жоспарды айтуға болады. Оның шеңберінде ұйымдастырушылық-құқықтық, практикалық және профилактикалық шаралар қабылданады, сондай-ақ ынтымақтастық және кадр даярлау мәселелері регламенттеледі", – деді Шыңғыс Алекешев.
Сондай-ақ ол мысалдар келтірді:
- 2023 жылы белсенді ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижесінде Ішкі істер министрлігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметіне тосқауыл қойды. Қылмыскерлер модельдік агенттіктің атын жамылып, порнографиялық материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.
- 2023 жылы ІІМ Мәдениет және ақпарат министрлігіне 23 мыңнан астам сайтты бұғаттауға жіберді. Оның 3 мыңнан астамы порнографиялық сипатта.
"Заңсыз жұмысқа жегу фактілерінің алдын алу бойынша шаралар Бас прокуратурамен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және әкімдіктермен бірге жүргізіледі. Осы мақсатта әр өңірде полиция, прокуратура, мемлекеттік еңбек инспекциясы және үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық мобильдік топтар құрылған. Олар ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруа қожалықтарын тексереді. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бұл бағыттағы жұмыс кәсіпкерлік субъектілері үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Мұндай жоба алғаш рет 2021 жылы халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Жыл сайын ішкі істер органдары адам саудасына қатысты 150-ге жуық қылмыстық іс қозғайды, 90-ға дейін жәбірленуші анықталады. Шамамен 5 ұйымдасқан қылмыстың топтың жолы кесіледі. Жалпы азаматтарды Катар, Индонезия, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркияға және Оңтүстік Кореяға әкету арналары, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан әкелу арналары жойылды. 2023 жылы адам саудасына қатысты 152 қылмыстық іс тіркелді. 94 іс сотқа жіберіліп, 41 адам сотталды. Қалған істер тергеу сатысында. Мысалы, 2023 жылдың қараша айында жаңа туған сәбилер саудасымен айналысқан қылмыстық топтың 7 мүшесі түрлі мерзімге сотталып, түрмеге тоғытылды", – деді Шыңғыс Алекешев.
Оқи отырыңыз: Алматыда шетелдік туристер саны 73 пайыз өсті
Анықталғандай, бір топ адам, оның ішінде АХАТ қызметкері де бар, сәбиінен бас тартқысы келетін аяғы ауыр әйелдерді және балалары жоқ отбасылық жұптарды іздеумен айналысқан. Балалар дүниеге келген сәтте оларды сатып, жалған туу туралы куәліктер жасаған. Мәміле сомасы 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін жеткен.
Еске салайық, қазіргі уақытта адам саудасы туралы заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында.