"Қыз өссе – Instagram көркі". Қазақтың заманауи мақал-мәтелдері қандай?
Мақал-мәтелдер қазақ халқының тұмыс-тіршілігін, дүниеге деген көзқарасын, арман-мүддесін дәлме-дәл сипаттайды. Мағынасы терең, ойды дәл берген мақалды орнымен қолданудың маңызы зор. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" де мақал-мәтел арқылы қойылған. Ал "Елу жылда – ел жаңа" дегендей, бүгінгі заманның мақал-мәтелдері де өзгерген. Әлеуметтік желіде "заманауи мақал-мәтелдер" деп аталған топтар да бар.
Informburo.kz порталы интернет сайттар мен желіде жарияланған жаңа заманның мақал-мәтелдерінің үздік топтамасын әзірледі.
Оқи отырыңыз: Мақал-мәтелдердің қазақ өміріндегі орны. Оларды қалай айыруға болады
Жазушы, журналист Ермахан Шайхыұлының мақал-мәтелдері:
- Жаңа қазақ мақтанса, ағылшын тілін білем дер.
- Сана жеңбегенді пара жеңеді.
- Заңгерге заң жүрмейді.
- Тағы бардың сағы сынбайды.
- Тояр жерге туың тік.
- Жаман қазақтың аузында – сүр ет, жаңа қазақтың алдында – күзет.
- Бір қазақ "Мерс" мінсе, жүз қазақ кебіс киеді.
- Журналистің жазғаны – керім, жегені – желім.
- Әйел жүрген жерде шу қалады.
- Құдалықта киген тон келте болмас.
- Сырахана жағалағанның шөлі канбайды.
- Демеуші болмаған фирмадан, қаңырап тұрған ферма артық.
- Ұл өсірме, қыз өсір, Қалыңмалы оның кұл-көсір.
- Бастықты есепшісі асырайды.
- "Әкім біледі" деген өседі, "Өзім білемін" деген өшеді.
- Бір полиция екі парақорға татиды.
- Бір парақор қолға түссе, қырық парақор түс көреді.
- Өлген кезінде бәрі жақсы, жаман адам қайдан шығады?
- Екі орынбасар ерегіссе, Бас инженер бастық болады.
- Бастық күлсе, орынбасары езу тартады.
- Танысыңа сенбе, табысыңа сен.
- Еркек жүрген жерде шөлмек қалады.
- Үш рет депутат болсаң да, халықтың қарызынан құтыла алмайсың.
- Шенеунікте шер жоқ.
Оқи отырыңыз: Ғалым Нәбидолла Кикібаев: Қазақта жылқы туралы 400-ге жуық мақал-мәтел бар
Әнші Аймұханбет Бейсембековтің мақал-мәтелдері:
- Қалтасына қарай – тоқалы, заманына сай – мақалы.
- Қазақ тілін мемлекттік тіл дейді, ал ол тілді министрлер білмейді.
- 900 мың алатын депутаттар не демейді, ал кедейлер ашыққанда не жемейді.
- Пара бермей пара алатын "креслоға" отырмайсың.
- Параны бергеннің "іші ашиды", алғанның "мерейі тасиды".
- Алдымен "баксыңды" тық, содан кейін "басыңды сұқ".
- Шайпау қатын – ердің соры, жемқор билік – елдің соры.
Оқи отырыңыз: Қожа, Алиса, Джульетта. Әлемдегі әдебиет кейіпкерлеріне қойылған ескерткіштер
Желі пайдаланушыларының мақал-мәтелдері:
- Жаңбырмен жер көгерер, трафикпен сайт көгерер.
- Жалғыз админнің шаңы шықпас.
- 100 Kaztube-ің болғанша, 1 Youtube-ің болсын.
- Боранды күні қасқыр мен блогер құтырады.
- Жаза-жаза блогер боласың.
- Блогерлі шара – базар, блогерсіз шара – мазар.
- Білегі күшті бірді жығады, блогы күшті мыңды жығады.
- Постын көріп, достығын ал.
- Блогер бала блогынан.
- Идея кезде бәрі жақсы, жаман жоба қайдан шығады.
- Жеті рет өңдеп, бір рет жаз.
- Қыз өссе – Instagram көркі.
Материалда авторлардың zharar.com сайтында жарияланған туындылары қолданылды.