Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында құндылықтарға негізделген білім берудің маңызы ерекше аталып өтеді. Тұжырымдамада бұл тәсіл орта білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі деп танылып, мектеп климатына, мәдениеті мен барлық қызметкерлердің қарым-қатынасына оң ықпал ететіні айтылады. Құндылыққа негізделген білім және тәрбие беру тәсілінің артықшылықтары мен осы бағыттағы жұмыстар турасында Qundylyq кәсіби білім беру орталығының директоры Самат Смақов пен әдіскер Алтынкүл Елубаеваны сөзге тарттық. 

Qundylyq кәсіби білім беру орталығы "Білім-инновация" лицейлерінің табысты тәжірибесіне негізделе отырып, Қазақстан мектептерінде құндылыққа бағдарланған білім беру тәсілін енгізумен айналысады. Орталық басшысы Самат Смақовтың айтуынша, мекеменің құрылғанына екі жылдай уақыт болғанымен, бұл бағыттағы зерттеулер мен ізденістер әлдеқайда ертерек басталған: 

"Құндылыққа негізделген білім беру тәсілін "Білім-инновация" лицейлерінің оқушыларын жан-жақты дамыту мақсатында зерттей бастаған болатынбыз. 2019 жылы осы бағытқа ден қойып, әлем елдерінің озық тәжірибелерімен таныса бастадық. Англияда, АҚШ-та болып, білім беру саласындағы құндылық бағдарларын зерттедік. Нәтижесінде Ы.Алтынсарин мен М.Жұмабаев педагогикасын негізге алып, әлемдік практикаға сүйенген өзіміздің ұлттық тәрбие жүйемізді қалыптастырдық. Кейіннен бұл тәсіл басқа мектептерді де қызықтырып, мемлекеттік білім беру мекемелерінен сұраныстар түсе бастады. Осылайша 2021 жылы Qundylyq кәсіби білім беру орталығы құрылды", – деді Самат Смақов.


Оқи отырыңыз: Мәулен Әшімбаев: оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосу мәселесін қараған жөн


Бүгінде Qundylyq мектеп климатын жақсартуға және тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталған заманауи бағдарламаларды әзірлеп, мектеп қызметкерлеріне оқыту мен тәрбиелеудің құндылыққа негізделген моделін үйретумен айналысады. 

"Қазіргі білім жүйесі оқушыны тұлға ретінде тәрбиелеуге баса назар аударады. Сондықтан мұғалімдердің баланың бойында тұлғалық және адами құндылықтарды қалыптастыра білуі өте маңызды. Бұл педагог мамандардан жоғары кәсібилікті талап ететіні сөзсіз. Десе де бәрін мұғалімнің мойнына артып қою да жөн болмайды. Балалардың құндылық бағдарларын қалыптастыруда ата-аналармен біріге жұмыс жасап, олардың бала тәрбиесіне белсене араласуына да мән берген жөн. Бұл бағытта мектеп әкімшілігі сараланған жоспар құрып, “мұғалім-оқушы-ата-ана” үштігі аясында нәтижелі жұмыс жасай алады. Сондықтан біз мұғалімдермен қатар, мектеп басшыларымен, қызметкерлерімен кешенді жұмыс жасаймыз. Әр оқу орнының өз құндылықтары бар, соларды айқындаған кезде балалармен жұмыс та жемісті бола түспек", – дейді Самат Смақов. 

Фото: qundylyq.kz

Бұдан бөлек оның айтуынша, оқушылардың білім деңгейін анықтайтын нақты құралдар бар болса, олардың құндылық бағдарларын дәл өлшеу қиындау.

"Өзіміз оқушылармен жұмыс барысында сауалнама түріндегі зерттеулер жүргіземіз. Сол арқылы оқушының бойында қандай құндылықтар басым, ал қайсы төмен екенін шамалап болжай аламыз. Алайда құндылықтар нақты өлшей алатын нәрсе емес, оған әсер ететін факторлар көп болғандықтан, жиі өзгеріске ұшырап отырады. Мысалы, баланың құндылықтарына ата-ана мен мектептен бөлек, қоғамның да, достарының да ықпалы болуы мүмкін. Ал Qundylyq жұмысының аясында біз мұғалім мен оқушының қарым-қатынасына, мұғалімнің мектеп ұжымымен, әкімшілікпен қарым-қатынасына мән береміз. Яғни бала мектепте өзін қаншалықты еркін сезінетінін, буллингтің бар-жоғын анықтаймыз. Сол арқылы да оқушылардың, мұғалімдердің және жалпы мектептің құндылық бағдарларын айқындауға болады",, – деді оқу орталығының басшысы.

Жалпы айтқанда, шетелдік ғалымдар құндылыққа негізделген білім беру тәсілінің оқушылардың әлеуметтік-эмоциялық жай-күйіне ғана емес, оқу үлгеріміне де оң әсер ететінін айтады. Бұл пікірді Qundylyq орталығының әдіскері Алтынкүл Елубаева да қостайды. Құндылыққа негізделген білім беру мектептің ішкі климатын жақсартып, оқушылардың жан-жақты жетілуіне қолайлы орта құруға бағытталған.

"Құндылықтарды тек кітаптар мен оқулықтардан үйрену мүмкін емес, ол көбіне адамнан адамға дариды. Сондықтан біз мұғалімдерді оқушылардың мінез-құлқы мен мәдениетін қалыптастыратын өзгеріс агенттері ретінде қарастырамыз. Әсіресе қазіргі таңда мұғалімдер балаларға тек академиялық білім берумен шектелмей, оқушылардың бойында әртүрлі өмір жағдайына тез бейімделе алатын машықтарды ды дамыта білуі керек. Осы ретте біз Qundylyq жобасы арқылы педагогтарға жол көрсетіп, оқушылардың талпынысын арттыратын орта құруына көмектескіміз келеді", – деді әдіскер маман.

Фото: qundylyq.kz

Жоба негізінде жүргізілген зерттеулер мектептердегі оқу-тәрбие процесін сапалы жүргізуге қажетті оқу-әдістемелік құралдардың жеткіліксіз екенін және әлеуметтік-эмоциялық оқытудың заманауи тәсілдерін енгізу керегін көрсеткен. Осы мақсатта Qundylyq құндылыққа негізделген білім беру жүйесін енгізуге бағытталған оқыту курстарынан бөлек, ақпараттық және білім беру материалдарын да әзірлеген. Соның бірі – Qadam оқу-әдістемелік құралы.

"Кітаптар бастауыш оқушыларының, орта буындағы және жоғары сыныптар мен колледж деңгейіндегі білім алушылардың жас ерекшелігін ескере отырып жазылды. Үш жинақтан тұратын оқу-әдістемелік құралымыз білім ордаларында құндылықтарға негізделген білім беру жүйесін қалыптастыруға көмектеседі. Әр кітапта деңгейге сай материалдар қамтылып, құндылықтар аясында мұғалім, оқушы, ата-ана және ұжым іс-әрекетін ұйымдастыруда пайдалы болатын ақпарат ұсынылған. Сонымен қатар біз білікті мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін Q Talks және Ustaz Hub сияқты пікір алаңдарын құрдық. Оған білім саласына қатысы бар немесе қызығатын кез келген адам қатыса алады. Бұдан бөлек балалардың оқу мәдениетін дамытуға арналған КITAPP қосымшасын да іске қостық", – деп бөлісті Алтынкүл Елубаева. 

Екі жылға жуық уақыт ішінде Qundylyq тренерлері мен әдіскерлері еліміздің бірнеше өңірінде, атап айтсақ Астана, Қарағанды, Жаңаөзен, Қостанай, Түркістан, Тараз қалаларында, сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарындағы 138-ден астам мектеп пен 7 колледжге құндылыққа негізделген білім беру жүйесін енгізіп үлгерді. Бұл мектептердің 52-сі ауылдық жерлерде орналасқанын да атап өткен жөн. Qundylyq Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мектептер мен мұғалімдерге ғана қолдау білдіріп қоймай, шетелдік 4 мектептің экожүйесін қалыптасыруға ат салысқан.

Фото: qundylyq.kz

"Құндылыққа негізделген білім беру жүйесін енгізген мектептермен байланысымыз үзілген жоқ. Мектеп басшылығы кері байланыс беріп отырады. Көптеген директорлар мектеп климатының өзгергенін, ата-аналармен жұмыстың жолға қойылғанын айтады. Ал алғашқы мектептерде оқушылардың оқу үлгерімінің жоғарылап, буллингтің азайғаны байқалады. Десе де құндылықтарды енгізу бойынша жұмыс тез арада нәтиже бермейтінін айта кеткен жөн. Ол ұзақ мерзімді болуы мүмкін, алайда жемісті болары айқын", – дейді Qundylyq басшысы Самат Смақов.


Оқи отырыңыз: 4 күн мұғалім, басқа уақытта – әкім орынбасары. Франциялық қазақ қызы Ешим Савашпен сұхбат


Алдағы бірнеше жылда Qundylyq мектептегі тәрбие процесін жетілдіруге бағытталған онлайн оқыту курстарын дайындап, мұғалімдерге, әсіресе сынып жетекшілеріне арналған қазақ тіліндегі көмекші құралдарды әзірлеуді қолға алмақшы. Педагогтардың әлеуметтік-эмоциялық жай-күйін жақсартуға бағытталған платформа құру да ойда бар. Сонымен қатар Qundylyq Қазақстанның білім ордаларында құндылыққа негізделген білім беру тәсілін енгізуді жалғастырып қана қоймай, ұлттық педагогика мен шетелдік озық практиканы біріктірген бірегей жүйені басқа елдердің мектептерінде де жүзеге асыруды жоспарлап отыр.