Қарызға батқан қазақ: "От" фильмінің айтар ойы қандай?
Жас режиссер Айжан Қасымбектің "От" атты әлеуметтік драмасы бірнеше кинофестивальде жүлде алды. Ұлттық прокатқа шыққанымен, экраннан ұзақ уақыт бойы көрсетілмеді. Бұл фильмнің айтар ойы қандай? Informburo тілшісі картинаны тамашалап, түсірілім тобының ойын тыңдады.
Фильмде басты рөлді Төлепберген Байсақалов сомдайды. Режиссер кейіпкерін де актердің қысқаша есімі Толик деп атауды жөн көрген. Толик өз тағдырына мойынсұнған Алматыдағы миллиондаған адамның бірі. Күнде таңертең нан зауытына барып, шағын жүк көлігіне жәшік-жәшік нан тиеп, үлкен қаланың әр шетіндегі дүкендерге жеткізеді. Жалақысы отбасын асырауға жетпейді. Қарыздан қарызға батып, одан қалды кредит алып күн көреді. Тіпті, жұмыстан кешіккені үшін бастығы жалақысын қысқартып тастайды. Пәтер жалдап тұрады. Қолында әкесі бар. Оны да "керемет өмір сүреміз" деп ауылдан көшіріп алған. Әкесінің зейнетақысын пәтер ақысын төлеуге жұмсайды.
Тұрмыстағы қиындықтар қажытса да, бұл отбасы басқалар секілді күйбең тіршілігін сүре береді. Осындай күндердің бірінде ол өзінің кәмелетке толмаған қызының жүкті екенін біледі. Оның үстіне әйелінің босанатын күні жақын. Үсті-үстіне жиналып қалған барлық мәселені шешемін деп жүргенде аяқ асты жақын досы талып, жерге сұлқ құлайды. Оны ауруханаға апара жатқанда полицейлер жолын кескестейді. Ол бастан кешкен қаншама қиындықтан кейін өмір сүре беру керек екенін түсінеді. Өмірге құштарлығы оянып, көзінде үміт оты ұялайды.
Басты рөлерді Төлепберген Байсақалов, Мәншүк Айтмұханбетова, Адина Бажан, Ерболат Тоғызақов пен Бауыржан Үсенов сомдады. "От" жобасы ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан қаржыландыру грантын жеңіп алды.
"От" фильмінің әлемдік премьерасы Пусандағы халықаралық кинофестивальде өтті. Екатеринбургте өткен халықаралық дебюттік фильмдер арасындағы байқауда озық шықты. Минскіде өткен халықаралық "Лістапад" кинобайқауында картина "Үздік режиссер" және "Үздік музыка" номинациялары бойынша жүлдеге ие болды. Актер Төлепберген Байсақалов Лос-Анджелесте өткен Asian World film festival, Сочи кинофестивальдерінде "Үздік ер адам рөлі" номинациясын жеңіп алды.
Айжан Қасымбектің кино саласында арнайы білімі жоқ. Әкесі режиссер Қанымбек Қасымбектің арқасында бала кезден киноға махаббаты оянған. Бірақ, әкесі райынан қайтарып, басқа салада білім алған. Сонда да тағдыр киноға әкеліп, ақырындап фильмдер түсіріп, тәжірибе жинаған. Кореяда тағылымдамадан өтіп, кино түсіру қолымнан келеді деп шешкен.
– Қазақстанда кино түсіру оңай емес. Көп қаржы керек. Ұлттық киноны қолдау орталығының конкурстары арқылы мен секілді дебютант режиссерлер кино түсіріп, идеясын жүзеге асыра бастады.
Бұл картина қарапайым адамдардың хикаясын баяндайды. Біреу өзін, біреу жақынын, көршісін көре жатар. Басында кредиті мен қарызы бар пәтер жалдап тұратын отбасының күйбең тіршілігі жайлы. Сондай жылы, мейірімге толы фильм шықты.
Мен де пәтер іздеп жүрмін. Фильмдегі кейіпкерлердің проблемаларын өзім де бастан кешкен соң басқалармен бөліскім келді. Адам не үшін өзінің қалай өмір сүретінін ұялуы керек? Ұялса онда комплексі бар шығар. Қазақстан халқы ғана емес, басқа елдегі адамдар да күйбең тіршілік кешіп жатыр деп ойлаймын. Бұдан ұялудың, қымсынудың қажеті жоқ.
Осыған дейін "Су", "Ауа" атты қысқаметрлі фильмдер түсірдім. "От" – қарбалас өмірде күйбең тіршілік деп жанып кетпеу, өмір сүруді тоқтатпау. Әрбіріміздің басымызда болып жатыр. Сонда да халық тіршілігін жалғастырып, отбасы болып, бала тәрбилеп мемлекетті қалап келе жатыр. Бұл соцреализм, қаралау фильм емес. Кейіпкерлерімді кемсіту, қорлау ойымда жоқ. Бір картопты бүкіл отбасы азық қылып отыр дегенді көрсеткім келмеді. Бұл жоғарыда айтқан альманахтың жалғасы емес. "От" деген атауын ауыстырғым келді, бірақ қағазбастылық дегендей, солай қалды. Әйтпесе басқалай атар едім.
Басты рөлді кім сомдайтынын кастинг өткізбей-ақ білдім. Төлепберген Байсақаловпен танысып, оған рөлді ұсындым. Сонда да кастингте басқа да актерлерді сынап көрдік. Төлепберген бірге жұмыс істей алатын, менің кейіпкерім екенін білдім. Ол өзі жүк машинасын айдап қаланың бір шетінен екінші шетіне нан тасып жүрді. Түсірілім біткенде аяғын ақсаңдап басып қалды. Соңына дейін шыдағанына алғыс айтамын. Өз ісінің маманы. Онымен жұмыс істеген жеңіл. "Әйел режиссер" дегендей гендер тұрғысынан ешқандай стеротипі жоқ адам. Идеямды барынша жеткізуге тырысты. Кейіпкерін толық ашты. Төлепбергеннің талантын көрсететін рөл өте аз, сондықтан көп рөл берілсе екен деймін.
Әйел киноматографистерге қиын екені рас. Түсірілім алаңында кей адамдар басқаша көзқараспен қарайды. "Сүйікті ісімен айналысып жүр, тұрмысқа шығып, бала туғаннан кейін бәрі қалады" деп ойлайтындар жоқ емес. Бәрі сондай демеймін. Түсірілім тобында қыздар көп болды. Қоюшы-оператор Айгүл Нұрболат екеуміз Кореяда бірге оқыдық. Бірге қысқаметрлер түсірдік. Командаға түсінігі мол адамдар жиналса маманның жынысына емес, кәсібилігіне қарайды. Осылай кино саласындағы стеротиптерді ақырындап бұзып келеміз.
Оқи отырыңыз: Дулыға Ақмолда: Режиссер болып туу керек, ал қазір әнші де, күйші де кино түсіріп жатыр
Мәншүк Айтмұханбетова, актриса:
– Әлеуметтік драмада ойнау өте қиын. Қазір бізде кредитін, пәтер ақысын төле алмай, екі-үш жұмыста істеп жүргендер көп қой. Анасы қызының жүкті екенін білген сәті қатты әсер етті. Өзінің де, өсіріп отырған қызының да аяғы ауыр. Күні-түні ақша табамын, пәтердің ақшасын төлеймін, алған қарызымды қалай қайтарамын деп жүріп жоқшылықтан баласына тәрбие бере алмаған шығар. Трагедияны ойнағанда тамағыңа өксік тығылып, жылағың кеп тұрады.
Бұл жерде Алматының табиғаты керемет көрсетілген. Музыкасы керемет, адамды еліктіріп әкетеді. Өнерді жөнді түсінбейтін адам "не көрсеткіске келген, Алматының ұсқынсыз жерлерін түсіргенше неге әдемі қаламызды көрсетпейсіңдер?" деуі мүмкін. Фильмде қызыммен сөйлесіп жылап тұрғанда ішімнен ұят болды ғой деймін. Екатеринбургқа барғанда бүкіл Қазақстанның осындай екенін, бірақ ештеңені білдіртпей әрі қарай өмір сүре беретінімізді көрсеттік. Ал басқа жақта бізді керемет, бай ел дейді. Халықтың жартысы өтірік күліп осылай қиын өмір сүріп жатырмыз. Оны да айту керек. "Ұят болды ғой" деген сөзді қызыма ғана емес, "халықтан ұят болды ғой" деп жоғарғы жақ естісе екен деп астарлап айттым. "Қызым саған айтам, келінім, сен тыңда" деген қазақта сөз бар. Қаншама ел-жерде көрсеттік. Сонда халық фильм бітсе де кетпей тұрып алды. 39 миллион халқы бар өзбек ағайындарымыз үшін өзбекшеге аударылды. Сонда көрермен кетпей тұрып алды. Оларда мұндай проблема жоқ па? Бұл фильмде бүкіл елдің проблемасы бар деп ойлаймын. Бұл фильмді жоғарғы жақтағылар көрсе екен. Жастарымыздың болашағы жақсы болса екен.
Рөлін керемет алып шыққан Төлепбергеннің шеберлігін мойындамасқа болмайды. Актердің актерлігі. Көрермен күнделікті күйбең тіршілік деп әкенің, шешенің, баланың кім екенін ұмытып кеткен керемет әдемілікті фильмнен көре алды деп сенемін. Айжан Қасымбек өнер қаннан дарыған үлкен тұлғаның қызы. Адамдар көңілінен шығып, жүрегінің түбіне бірнәрсе барғаннан кейін залдан кетпей тұрып алады.
Оқи отырыңыз: "Бірінші кезекте ата-ана жауапты". Буллингпен кино арқылы қалай күресуге болады?
– Менің кейіпкерім Толик нан тасушы болып жұмыс істейді. Өздері пәтер жалдап тұрады. Банктен алған несиесі де бар. Осылай күнелтіп жүрген жан. Қиын жағдайға қарамастан адамдық ардан аттамайды. Өн бойынан махаббат, мейірімділік, адалдық пен әділдік білініп тұрады.
Расында, адамдар басында қаншама мәселе болса да, бала тәрибелеп, күліп-ойнап өмір сүріп жатыр. Соңғы кадрда Толик билей жөнеледі. Ақылынан алжасқан жоқ. Бимен нүкте қойылмағанын, қандай жағдай болмасын өмір сүру керек екенін көрсеткіміз келді. Өз тарапымнан фильмге көп нәрсе қостым. Менің өміріме ұқсас сәттер де аз болмады.
Тойға жиі барамын. Құдайға шүкір, той болсын деймін. Кредит, баспана мәселесі болмасын адам бәрібір адам болып қалуы керек. Фильмнің айтар ойы да осыған саяды.