Астанада отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту мақсатында ұйымдастырылатын Astana Media Week шарасы өтіп жатыр. Оған Қазақстандағы мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа БАҚ өкілдері қатысып, медиаиндустрияда болып жатқан жаңалықтарды талқылап, идеясын бөліседі.

Informburo.kz тілшісі шараның панельдік сессиясына қатысып, Қазақстандағы подкастинг, оның қалыптасу және даму жолы туралы сала мамандарының пікірін тыңдап қайтты.

Подкаст қалай жасалады?

Әйнел Әмірхан, Oy-Detox подкастының авторы:

– Мен подкаст саласына 2019 жылы келдім. Oy-Detox – "Мен маман ретінде кіммін?", "Қандай сұрақтарға жауап тапқым келеді?" деген сұрақтардан туындаған подкаст. Яғни, ақпарат ағынында адасып кетпей, ой-сана тазалығын сақтауға мүмкіндік береді. Мен ұзақ жылдар бойы ҮЕҰ-да, адам құқығын, сөз бостандығын насихаттайтын ұйымдарда жұмыс істедім және көптеген үлкен алаңда замандастарыммен сөйлесіп жүрмін. Өкінішке қарай, оларды теледидардан көрмеймін. Сонда неге осындай баламалы пікір айта алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды теледидарға шақырмайды деп ойладым. Егер ешкім шақырмаса, өзім шақырайын деп, осындай подкаст жасадым. Біз ол жерде адам жайлы емес, маман жайлы, маманның бүгінгі қоғамдағы рөлі жайлы сөйлесеміз. 

Пандемия кезінде біз, подкастерлер, қатты қорықтық. Себебі, подкасты жұмысқа бара жатқанда, кептелісте тұрғанда, яғни шын мәнінде қолы бос емес адамдар тыңдайтын. Ал елдің бәрі үйге қамалып қалған кезде подкасты кім тыңдайды деп ойладық. Бірақ өте таңғаларлық жағдай болды. Керісінше, қазақша, орысша подкастар шыға бастады. Бір күндік, маусымдық подкастар болады. Десе де, подкаст ұзақ уақытқа арналғаны жөн.

Қазақстанда подкаст саласының дамуы туралы статистикаға негізделген зерттеу жоқ. Тек Youtube-тағы және подкастинг платформалардағы тыңдалым санынан басқа статистика жоқ. Ал жарнама берушілерге сападан бұрын сан керек. Сондықтан өзім осы мәселемен бетпе-бет келгендіктен, бізден кейін осы салаға келетін замандастарымыз бұл жолды тезірек өтіп, қаржыландыруға ие болуы үшін, зерттеу жасап жатырмын.

Қазақстан нарығындағы подкасты кім тыңдайды, қай уақытта тыңдайды, жалпы болашағы бар ма деген сауалдарды қамтимыз. Оны әдістемелік нұсқаулық ретінде журналистика факультеттеріне де ұсынамыз. Қазір үкіметтік емес ұйымдар ғана өзінің саласына байланысты подкастарға демеуші болады. Менің негізгі мақсатым – подкаст саласына үлкен қаражат бөлетін коммерциялық ұйымдарды тарту. 

Тағы бір айтарым, подкастингке телебағдарлама жасағандай қараудың қажеті жоқ. Міндетті түрде сапалы камера, жарық керек емес. Еркін, қарапайым болу керек. Ізденемін десеңіз, подкастинг саласында жүрген замандастар қаншама, оқуға неше түрлі кітаптар бар. Бұл жүріп өтілген жол, яғни велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бастысы – өзіңе және сол салада жүрген адамға сенім білдіріп, байқап көру. 

Подкаст жасау үшін, ең бастысы, қызығушылық, еңбек және өзіңе деген сенім керек. Көп ақшаның да керегі жоқ. Қолыңызда телефон бар, интернетке қосылғансыз, сөйлескіңіз келетін адамдар мен тақырыптар болса, жеткілікті. Қазір қол жетпейтін адам жоқ. Алыста отырған адаммен сұхбатты Zoom арқылы, басқасы арқылы онлайн түсіріп, Youtube желісіне, подкаст платформаларына сала аласыз.

Сұранысты күтіп отырмау керек. Сұранысты өзіміз қалыптастыруымыз керек. "Бізді аудитория тыңдамайды", "қаралым аз" дегенге қарамау керек. Ертең аудитория келгенде сіздің контентіңіз сол жерде болуы керек. Кез келген тақырыпта. Ол бір сағаттық әңгіме болсын, жиырма минуттық зерттеу болсын. Балалар да бір күні подкаст плафтормасына кіргенде "маған арналған ештеңе жоқ екен" деп шығып кетпеуі керек. 


Оқи отырыңыз: 31 арна басшысы Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржысын телеарналарға беруді ұсынды


Қонақты қалай таңдайды?

Нұржан Еркінұлы, "Көзтиед" подкастының теле-радио жүргізушісi:

–  Қонақ таңдаудың екі тәсілі бар. Бірі – қаралым жинау үшін. Кейде арнаны бір сілкіп алу керек болады, сондай кезде қаралым жинайтын, күн тәртібіндегі адамдарды шақырамын. Бірақ мұндай қадамдарға көп бара бермеймін. Ал жалпы өзіме әңгімелесу қызық болатын адамдарды шақырамын. Ол подкастың форматына да байланысты. Мысалы, бұрын "Фея-перизат" подкастын жасап жүрген кезде екі мәдениеттің адамдарын шақырып, бір тақырып төңірегіндегі пікірін сұрайтынбыз. Мысалы, қаланың жастары мен ауылдың жастары деген сияқты.

Жалпы, адам әлеуметтік ортаға, қоғамға мұқтаж. Қазіргідей асығыс, ешкімде уақыт жоқ кезде адамдарға подкаст тыңдау көмектеседі. Себебі адамдар қоғамның бір бөлшегі болғысы келеді ғой. Подкаст тыңдағанда өзің де солармен бірге отырғандай боласың, бір ойда, бір толқында жүресің.

Қазір қазақ тілді контентті тұтынатын жастар алғыр, білімге құштар, ізденіске ұмтылып тұрады. Бізде сол жастардың сұранысын қанағаттандыратын контент аз. Сұраныс өте көп. Сонымен қатар қазір Youtube қазақ тілді контентке мұқтаж. Сондықтан біз подкастымызды бірінші YouТube желісіне саламыз. Ол жақта 70-80 мың адам көргеннен кейін ғана аудиоплатформаларда бөлісеміз. 


Оқи отырыңыз: TikTok интерфейсі қазақ тіліне аударылады


Подкаст неге танымал болды? 

Марина Шәріпова, блогер, подкастинг курсының авторы:

– Бұл смартфондардың танымалдығымен байланысты. Қазір бәрін смартфонмен тыңдаймыз. Бәріміздің де подкастарға қатысты өз талғамымыз бар. Қазір адамдар музыка тыңдаудың орнына пайдалы, қызық ақпарат алу үшін де подкаст тыңдай бастады. Сонымен қатар музыка да, подкастар да топтастырылған стримиң алаңдары бар. Локдаун кезінде подкаст саны алты есе өскен. Яғни, бәріміз үйде отырғанда подкаст жазатындар саны көбейді. Себебі ол үшін сізге тек ноутбук пен микрофон жеткілікті. Өз бөлмеңізде отырып, бүкіл әлемге хабар тарата аласыз.

Подкаст жасаудың маңызы қандай? Біріншіден, адамдар дауысқа көбірек сенеді. Бізге шындыққа сену үшін бейне немесе сурет түсірудің қажеті жоқ. Мысалы, фольклорды алайық. Ол тек ауыздан ауызға жеткен. Ешқандай видео, иллюстрациясы болмаған. Көбі хикаяларды өте жақсы айтады. Сондықтан осы қабілетті өзіңіз туралы, хоббиіңіз туралы немесе бизнес туралы айтуға пайдалана аласыз.

Подкаст – тыңдарман өз еркімен тыңдайтын жалғыз медиаөнім. Адам подкаст тыңдағанда қолы мен көзі бос болады, сондықтан басқа шаруамен айналысып жүріп те тыңдай алады.

Сонымен қатар әлеуметтік желідегі контент ұзақмерзімді дей алмаймыз. Бір ай бұрын жазылған постты тауып алып, оқу да қиын. Ал подкастарды адамдар ұзақ уақыт өткеннен кейін де тауып алып, тыңдай алады. 

Қазір подкастың дамуының арқасында жаңа мамандықтарға сұраныс пайда болды. Мысалы, батыс нарығында подкаст продюсері, редакторы, дыбыс режиссері, подкаст постерінің дизайнері, SMM-менеджері деген мамандар шықты.

Подкаст контент марктингке де айналды. Яғни, компаниялар сторис, рилздің қысқа форматына сыймайтын хикаяларды подкастта айтып, компанияның ішкі өмірін, жаңалықтарын бөлісіп отыра алады. Егер сарапшы болсаңыз, подкаст сіз үшін де пайдалы бола алады. Егер адам сіздің подкастыңызды тыңдап, өз салаңыздың үздігі екеніңізді білсе, қызметіңізді сатып алуы мүмкін.

Қазір подкастың тыңдармандары өте білімді, ересек, лояльді. Олар өзін-өзі дамыту, мақсат қою, салауатты өмір салты, психология, инвестиция, қаржы тақырыбына қызығады. 


Оқи отырыңыз: 2022 жылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа кімдер ие болды?


Подкаст арқылы табыс табуға бола ма?

Елдар Құдайбергенов, Қазақстандағы алғашқы подкастинг орталығының иесі:

– Подкасты монетизациялаудың түрі көп. Кез келген медиа қалай монетизацияланса, подкаст та солай монетизацияланады. Жарнама алатын подкастар бар. Біріншіден, қазіргі таңда Қазақстанда түсініктер жаңарып жатыр. Подкастинг – жанр емес, формат емес, ол аудио мен видеоны тарату жолы. Оның ішінде әңгіме болуы мүмкін, монолог болуы мүмкін, тіпті адам сөйлемеуі мүмкін, бірақ ол подкаст болады.

Екіншіден, егер подкастингке жарнама берілсе немесе мемлекеттік тапсырыс берілетін болса, ол цензураға ұшырайды. Сондықтан подкаст бастағанда мақсатыңыз ақша жасау болса, подкаст жасау қиын болады.

Подкаст жасу үшін өзіңізге қызық, тыным таптырмайтын тақырыпты таңдаған дұрыс. Менің алғашқы подкастым университетте оқып жүргенде басталды. Ол оқу дағдыларын зерттеу туралы еді. Сол кезде маған осы тақырып қызық болды. Сосын мен оқып үйренген соң, бұл подкаст өзінен-өзі тоқтады. Кейін үйлендім. Әке болу тақырыбын зерттедім. Бұл тақырып та мені өте қатты мазалады, сондықтан саналы әке болудың не екенін зерттедім. Қазір қызым екіге толды, әкелікті аз да болса үйренген соң, ол подкаст та тоқтады. Қазір қазақша подкастингті зерттеп жүрмін. Онда мен подкастың технология екенін көпшілікке жеткізіп, зерттеймін.

Себебі 2014-2015 жылдары "блогинг" деген түсінікті бұрмалап жіберді. Негізі әлеуметтік желіде парақшасы бар кез келген адам блогер бола алады. Бірақ ол кезде блогер болу үшін арнайы бір сайтта жазу керек деген түсінік болды. Қазір подкастингте де солай болып жатыр. Егер подкастинг әлемде жиырма жыл бойы қалай дамыса, біздің елде де солай дамуы керек. Ол адамдардың дұрыс түсінуі, дұрыс жасауы арқылы дамиды. Қазір көбі подкаст десе, Youtube-та шығып жатқан видеоформаттарды көреді де, видео түсіріп, сұхбат жасауым керек деп ойлайды. Аудио да, видео да подкаст бола алады, тек технологиясы дұрыс қойылуы керек.