Эстермен Астанадағы Орталық Бас мешіттің алдында жолықтық. "Қазанат" ипподромы жанында құрылған Этноауылдан келе жатқан беті екен. Астанада қонақтап жатқанына бес күн болыпты. Бұрын-соңды бір-бірімізді көрмесек те, құшақ жая амандастық. Мешіт алдындағы орындықтардың біріне отырып, әңгімемізді бастап кеттік.


"Қазақ мәдениетіне құштарлығымды оятқан – Димаш"

– Эстер, Қазақстанға қош келдіңіз! Білуімше, сіз біздің елге бірінші рет келіп отырған жоқсыз, иә?

– Рахмет! Бұл – менің Қазақстанға бесінші рет келуім.

– Қазақстанға алғаш келген кездегі әсеріңізді айтып беріңізші.

– Осыдан екі жыл бұрын әнші Димаш Құдайбергеннің Алматыда өткен концертіне келдім. Алғашқы сапарым өзіме қатты ұнады. Алматыны армансыз араладым. Көктөбеге, Медеуге, Көлсай, Шарын шатқалына, Шымбұлаққа бардым. Бұл бір естен кетпес сапар болды.

– Сіздің қазақ еліне, мәдениетіне қызығушылығыңызды оятқан тек Димаш Құдайбергеннің өнері ме? Әлде басқа да себептер болды ма?

– Әрине, ең бірінші себепкер болған адам – Димаш. Пандемия кезінде Димаш туралы ізденіп, интернеттен біраз ақпарат ақтарған едім. Сол кезеңдерде Facebook бетінде "Қазақ тіліне кіріспе, 5 сабағы – 20 доллар" деген жарнаманы көзім шалды. Соған қатысып көрейін деп шештім. Сабақ екі сағатқа созылатын, алғашқы сағатында қазақ тілімен, екінші сағатында қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениетімен таныстық. Осылайша, менің Қазақстан туралы білімім молая түсті. Димаш өзінің Алматыда концерт беретінін хабарлағанда, мен барам деп шештім.

Сурет Эстердің жеке мұрағатынан алынды

– Димашпен кездесуіңіз қалай өтті?

– Бұл кездесуге Рашид деген блогшы жігіт себепші болды. "Эстер, тез-тез мұнда келіңіз, қазір Димашты көресіз" деген кезде менің қуанышым қойныма сыймады. Қазірдің өзінде осыны айтып отырып, эмоцияға беріліп отырмын. Сол күні үстіме өзімнің қазақы қызыл шапанымды киіп алған едім. Димашты көрген кезде ол маған "мен сізді Инстаграмнан білемін, қазақша сөйлегеніңізді көрдім" деді. Екеуміз жүз жылғы таныстардай құшақтасып амандастық, бірге суретке түстік. Сол күн маған естен кетпес қуаныш сыйлады.


Оқи отырыңыз: "Қазақ халқы қонақжай екен". Америкалық саяхатшыларды Қазақстан несімен таң қалдырды?


– Қазақ тілі курсына жазылуыңызға не себеп болды?

– Білмеймін, өзі солай боп қалды (күлді). Әлеуметтік желіден жоғарыда айтқан хабарландыруды кездейсоқ оқып қалдым. Бәрі содан басталып кетті. Топтағы студенттердің бәрі – Димаштың жанкүйерлері. Біз концертте кездесіп, дос болып кеттік. Осылайша, ары қарай сабағымызды жалғастыра бердік. Жалпы, менің жасымда тіл үйрену адамның миына өте жақсы әсер етеді деп санаймын.

Сурет Эстердің жеке мұрағатынан алынды

– Сонда сізге қазақ мұғалім сабақ берді ме?

– Иә, ол – Алматыдан Аргентинаға көшкен қазақ қызы. Ол бізге испан тілінде сабақ берді. Өзі қазақ және орыс тілдерін үйретеді. Мен қазақ тілін испандықтармен бірге оқыдым.

Димашпен кездескеннен кейін Инстаграмды қазақша жүргізе бастадым

– Өзіңіз қанша тіл білесіз?

– Өзімнің ана тілімде сөйлеймін. Сосын неміс, француз, испан, итальян және ағылшын тілдерін білемін. Өзім бала күнімнен билингуал болып өстім. Сондықтан шығар, бойымда жаңа тілдерді үйренуге деген қорқыныш болмады.

– Осы жолы Қазақстанға Дүниежүзілік көшпенділер ойынын тамашалауға келіп отырсыз ба?

– Иә, әрине.

Әлгінде мына мешіттің алдында Димаш Құдайбергеннің шетелдік біраз жанкүйерін көрдім. Барлығыңыз бірге келген боларсыздар?

– Жоқ, мен жалғыз өзім келдім. Швейцарияда Димаштың жанкүйерлері саусақпен санарлықтай. Өзіңіз де білетін боларсыз, Швейцария – шағын ел. Бірақ, мен Димаштың біраз жанкүйерін танимын, біз концерттерде кездесеміз. Димаштың концерттерінің алдында әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық "dears" (Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері өздерін солай атайды – ред.) бас қосып, препати жасаймыз.

– Инстаграмдағы парақшаңызды неліктен қазақша жүргізе бастадыңыз?

– Соның себебін өзім де білмеймін. Мен қазір зейнетке шыққан адаммын, бос уақытым көп. Немен айналыссам да, өз еркімде. Жалпы, табиғатымнан жаңа нәрсені үйренгенді ұнатамын. Сол себепті де қазақ тілін қолға алған сияқтымын. Инстаграмда екі аккаунтым болды. Өзім коуч болғандықтан, біреуін ағылшынша жүргіздім. Екіншісі – қазіргі парақшам. Алматыда Димашпен жүздескеннен кейін Инстаграм және Тиктокта парақшаларымның танымалдығы артты. Ол уақытта мен де аздап қазақша үйреніп қалған едім.

Қазір менің әлеуметтік желіге видео салуға көмектесетін ассистентім бар. Ол маған қазақша мәтін жібереді, мен соны оқып, дайындаламын. Көмекшім "бәрі дұрыс, жариялай беріңіз" деген кезде видеоларымды парақшама жариялаймын. Ол маған жүгіртпе жол жазуға, әуендер таңдауға көмектеседі. Мен оның еңбегін жоғары бағалаймын.

Сурет Эстердің жеке мұрағатынан алынды

"Мен өзімді көшпенді деп атаймын"

– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Зейнетке дейін немен айналыстыңыз?

– Мен әлеуметтік қауіпсіздік саласының қызметкері болдым. Сонымен қатар, иммигранттармен де жұмыс істедім. Жас күнімнен жиі саяхаттаймын. АҚШ, Мексика, Аустралия, Жаңа Зеландия, Коста-Рика сияқты елдерде тұрғанмын.

– Ол елдерге жұмыс бабымен бардыңыз ба?

– Жоқ, өз қалауыммен бардым. Жалпы, өзім әшекей, киім, қымбат көлік, үй дегендерге қызықпайтын адаммын. Мен үшін адамдармен танысу, араласу маңызды. Жас күнімде Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде жоғары жалақы алатынмын. Сол жалақының аз ғана бөлігін күнделікті жұмсап, қалғанын үнемдеп, саяхатқа арнадым. Жарты жыл не бір жыл сайын саяхатқа шығып тұрдым. Сондағы саяхатым байлардың қыдырысындай деп ойлап қалмаңыз. Арқама бір жеңіл сөмкені асып алып кете беретінмін. Әлемнің әр түкпірінде сан алуан адаммен танысып, дос боп кеттім. Мысалы, біреуі "маған Техасқа қонаққа кел" дейді, мен сонда барып 3 ай тұрамын. Сосын ол адам Швейцарияға келіп, менің үйімде тұрады дегендей.

– Өзіңізді әлем азаматы деп суреттейсіз бе сонда?

– Мен өзімді nomad, яғни көшпенді деп атаймын. Қазақстанда жүрген кезде өзімді үйімде жүргендей сезінемін. Аустралияға барсам да солай. Бұл – заманауи көшпенділіктің үлгісі.

– Сіздің қызыңыз, отбасыңыз мұндай өмір салтыңызға не дейді?

– Менің қызым да тура өзім сияқты. Бала күнінен бастап өзіммен бірге алып жүрдім. Қазір оның да қызы бар, екеуі әлемді бірге аралап жүр.


Оқи отырыңыз: Виена Камарота: Орталық Азия елдеріне саяхат қауіпсіз екенін әлем білгенін қалаймын


– Өз еліңіздің менталитеті, мәдениеті, асханасы жайлы айтып бере аласыз ба?

– Біз қазақтар сияқты етті көп жемейміз. Бірақ, біз де жылқы етін жақсы көреміз. Картоп, паста, ірімшікті көп жейміз. Швейцарияда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Ал, еліміздің салт-дәстүрінің көбі бүгінге дейін жетпеген, ұмытылған. Оған еліміздің бақуаттылығы ықпал етті ме деп ойлаймын. Менің ойымша, ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі сол ұлтқа белгілі бір деңгейде қауіпсіздік, иммунитет сыйлайды. Ұлт соларға арқа сүйейді. Ал, Швейцарияда біз қазір ақшаға көбірек арқа сүйейтіндей көрінеміз. Біздің өміріміз қауіпсіз, барлығы жан-жақты ойластырылған, тосыннан бола қоятын қиын жағдайлар аз... Білмеймін, бұл – жай ғана менің ойым.  

– Сіздерде мәселен, үйлену тойы қалай өтеді?

– Өзім өмірімде бір рет қана тұрмысқа шыққан адаммын. Біз неке қиятын жерге барып қол қойып, ары қарай 20 адам бірге отырып, түскі ас ішіп, сосын үйге қайтқанбыз. Отбасым да шағын. Әкемді көзімді ашқалы бері көрген емеспін, үйде анам, ағам және өзім болдым. Қазір өзімнің де бір қызым және одан бір немерем бар. Сондықтан болар, көптеген қазақ отбасыларындағы бала санын естігенде таңғалғаным рас. Өзімнің туған әкем туралы ештеңе білмеймін. Ал, сіздер, қазақтар, өздеріңіздің жеті аталарыңызға дейін жатқа соғады екенсіздер. Соны естігенде қатты таңғалдым.

Сурет Эстердің жеке мұрағатынан алынды

"Мен әр келген сайын қазақ отбасылары үйіне ет асып шақырады"

– Маған саяхат кезінде болған бір қызық оқиғаңызды баяндап беріңізші.

– Димаштың Антальяда өткен концертіне барғанмын. Бір күні жағалауда жүрсем, біреу "Эстер, Эстер" дейді. Сөйтсем, ол Түркияға досының үйіне барған қазақ келіншек екен. Өзі Швейцарияда тұрады. Танысып, араласып кеттік. Кейінірек, сол келіншектің анасы Швейцарияға келгенде мен оларды үйіме қонаққа шақырдым. Енді мына қызықты қараңыз, кеше көшпенділер ойындарына барған кезде сол келіншектің анасын кездестірдім. Мен мұны жай ғана сәйкестік деп ойламаймын. Маңдайыңа сол адаммен жүздесу жазылып тұрса, сен ол адамды мың-миллион адамның ішінен міндетті түрде көресің. Бұл да бір өмірдің ғажабы дер едім.

– Қазақша қандай әндерді тыңдайсыз?

– Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы барлық әнді жақсы көремін. Ол ән салған кезде мен жылап отырып тыңдаймын. Одан бөлек, Адам, Олжас Құрманбек, Арлан, Джордан Аракелян, "Меццо" топтарының әндерін ұнатамын. Сонымен қатар, хореограф, балет әртісі Ғұмар Сұлтанбектің қойылымдарын жақсы көремін.

Астанаға келген сайын опера театрына, балет театрына міндетті түрде бас сұғуға тырысамын. "Астана балет" ұжымы біздің елге гастрольдік сапармен келгенде, оған да бардым.

– Сіз Димаштың жанкүйеріне айналғалы бері әлеуметтік желіде танымал бола бастадыңыз. Осы танымалдығыңыз өзіңізге ұнай ма?

– Мен мұндай танымалдықты күтпеген едім. Бүгінде Инстаграмда біраз оқырманым бар. Солардың алдында блогшы ретінде жауапкершілігім бар екенін сеземін. Маған, менің өміріме қызығушылық танытқан жандарға дер уақытында жауап беруге тынысамын. Оқырмандарым маған не берсе де, соны өздеріне қайтарғым келеді. Мысалы, мен әр келген сайын қазақ отбасылары үйлеріне ет асып шақырады. Ал мен болсам, Швейцарияда қазақтарды ұшырастыра қалсам, оларды үйімде қонақ етемін. Дәл сол өзімді қонақ қылған қазақтарды шақырмасам да, басқа қазақтарға құрмет көрсетуге тырысамын. Бұл мен үшін өте маңызды нәрсе, өмірімнің құндылығы десем де болады.

– Өсіп келе жатқан ұрпаққа қандай кеңес берер едіңіз?

– Тіл үйреніңдер, тіл білсеңдер, саяхаттап, әлемді аралайсыңдар дер едім. Қазақстан ғажап ел, бірақ, әлемде сендер көруге тиіс басқа да көп мемлекет бар. Жаңа нәрсе үйренуден жалықпаңдар дегім келеді. Мысалы, мен қазір жасым 67-де болса да, қазақ тілін үйреніп жүрмін. Әрқашан бір-біріңді жақсы көріңдер, құрметтеңдер деймін. Сонда әлемде тек бейбіт заман болады.