Қазақстандағы туризмді ілгерілету мақсатында АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) және "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы бірлесе 31 мамыр мен 7 маусым аралығында Society of American Travel Writers (SATW) қоғамының 14 мүшесін қабылдады.
USAID-тің Орталық Азиядағы Сауда жөніндегі бағдарламасының қолдауымен бұл баспасөз туры Солтүстік Америка оқырмандары үшін Қазақстанның туристік және мәдени көрікті жерлері туралы жаңа халықаралық саяхат туралы материалдарды жазуға ынталандырады. SATW мүшелері саяхат барысында жазбаларын дайындап, оны жазушылардың жеке онлайн платформалары, сондай-ақ Facebook, Instagram және Twitter аккаунттары арқылы жұртшылықпен бөлісті. Жазушылар америкалық және канадалық оқырмандарына жаяу серуендеу, экскурсиялық және мәдени туризм, сондай-ақ, Қазақстан туралы алған әсерлерін бөлісуге мүмкіндік берді.
"Туризм – біз үшін жаңа сала. Компаниямыздың құрылғанына да көп болмады. Шетелдік туристер санын миллионға жеткізуді мақсат етеміз. Әсіресе АҚШ-тан, Еуропадан көптеп келсе дейміз. Өзге елдермен визасыз режим туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 2025 жылға қарай Қазақстаннан Нью-Йоркке тікелей рейс ашуды көздеп отырмыз. Жолдың ортасында аялдама болады, яғни ұшақ бір рет тоқтайды. Air Astana компаниясы осы бағытта ұшатын лайнерлер сатып алып жатыр. Ол кезге дейін Америкадағы аудиторияға Қазақстанның туризмі туралы айтқымыз келеді, көрсеткіміз келеді", – деді Kazakh Tourism басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.
SATW ұйымы жыл сайын конвенция өткізеді. Конвенция өтетін елде бір уақытта 200-300 адам жиналады. Даниел Сержанұлы ауқымды шара Қазақстанда өтсе екен дейді.
"Келер жылы қыркүйекте "Көшпенділер ойынын" өткіземіз. Соған орай қауымдастықтың конвенциясы Астана не Алматыға келсе екен дейміз. Қазақстанда туризм төрт бағытта дамып жатыр: этнотурзм, экотуризм, іс-шаралар және ойын-сауық туризмі. Мәдени мұрамыз Өзбекстаннан, әсем табиғатымыз Қырғызстаннан кем түспейді. Десе де біз Орталық Азия елдерімен бәсекелес емеспіз. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан арасында "Бес стан" туристік пакетін жасауға болады. Орталық Азия елдерімен серіктес болуға тырысамыз", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Таңбалы, Үңгіртас, Шарын, Көлсай, Шонжы. Алматы облысындағы бес туризм ошағы
USAID-тің Орталық Азиядағы аймақтық миссиясы директорының орынбасары Луис Ривера Қазақстанның туризмін дамыту үшін әртүрлі қауымдастықтарымен жұмыс істей беретінін атап өтті.
"Туризмнің әлемдік экономикадағы үлесі 5 пайыздан көп. Орталық Азия елдерінің ұсынары аз емес. Қазақстанның табиғаты да, мәдениеті де бай. Туризм тақырыбында жазатын америкалық саяхатшылар әртүрлі туристік орындарды аралады. Туризмді дамыту үшін халықаралық инфлюенсерлермен жұмыс істеу керек. 14 контентмейкер Америка оқырмандарына арнап Қазақстанның туризмі туралы сайттарында, әлеуметтік желілерде жазады. Қазақстанның бірегей мәдениеті, әсем табиғаты адамдарды өзіне баурайды. Соған сай жыл сайын елге келетін туристер саны көбейіп жатыр", – деді Луис Ривера.
SATW – туристік индустрияның ең тәжірибелі журналистері, фотографтары, редакторлары, хабар тарату/бейне/фильм продюсерлері, блогерлер, веб-сайт иелері, қоғаммен байланыс жөніндегі сарапшылар және АҚШ пен Канададан және одан тыс жерлерден қонақжайлылық индустриясы өкілдерінен тұратын кәсіби ұйым. 1955 жылы негізі қаланған SATW ұйымының 1000-нан астам мүшесі бар.
"Мыңдаған мүшеміз бар. Олардың басым бөлігі Америка мен Канадада тұрады. Мақсатымыз – туризмді ілгерілету. Ұйымда Орталық Азия журналистері жоқ сияқты, десе де олар көп ұзамай қатарымызға қосылады деген ойдамын. Қазақстанға Колумбиядан, Канададан мүшелеріміз келеді. Тамаша ел. Күткенімнен асып түсті. Барлық нәрсе таң қалдырды. Адамдары да, тамағы да керемет. Мүмкіндік болса тағы да келемін. Қазақстан өте қонақжай ел екен. Кеше бізді көлік жүргізушісі үйіне шақырып, дастарханынан дәм татқызды. Саяхат жұмысым ғой, десе де біреу үйіне шақырса қатты қуанамын. Бұл қазақ халқының қаншалықты қонақжай екенінің айқын дәлелі", – деді Ив Джентил.
"Қазақстан бізді жақсы жағынан таң қалдырды. Бұл елге келер алдында көп ақпарат білмеген едік. Әсем табиғатын көрдік, көлдеріне бардық, жаяу жүрдік. Америкадағы аудитория жақсы қабылдары сөзсіз. Қазақ халқы сондай қонақжай екен. Бізді үйлеріне шақырып, қонақ қылды. Тамағы да өте дәмді, бәрінің дәмін татып көрдік. Нанның бірнеше түрінен ауыз тидік. Жылқы етін жемедім. Басқалар жеп көрді, қымыз да ішті. Оларға ұнады. Екі балама қазақ отбасындағы мәдениет пен салт-дәстүр туралы айтқым келеді. Қазақстан өзің ғана емес, балалармен келетін ел екен", – деді twisttravelmag.com иесі Керин Минс.
Society of American Travel Writers ұйымына мүше болу үшін сайтта тіркелу керек. Мүше болғысы келетін адамға қойылатын талаптар бар: сайт саяхат туралы болуы керек және құрылғанына үш жылдан кем болмауы керек. Жазған мақалалар мен аудитория статистикасы туралы ақпарат жіберу қажет.
Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?
Қатысқан саяхатшы жазушылар және олардың веб-сайттары:
● Джеймс Николас Ферри (neverstoptraveling.com)
● Ив Луи Пьер Джентил
● Айлин Патрисия Ганн (familiesgotravel.com)
● Мэри Джо Манзанарес (travelingwithmj.com)
● Керин Элизабет Ингаллс Минс (twisttravelmag.com)
● Кристофер Джеймс Дарби Митчелл (travelingmitch.com)
● Лиана Карлсон Мур (insiderfamilies.com)
● Линсэй Анна Ниемнен (carpediemourway.com)
● Марлин Джейме Шотланд (urbanblisslife.com)
● Джанис Шредер (thetravel100.com)
● Райан Шауэрс (desktodirtbag.com)
● Лина Энн Сток (divergenttravelers.com)
● Дэвид Роберт Сток Джуниор (divergenttravelers.com)
● Кевин Джеффри Вагар (wanderingwagars.com)