Нартай Бекежанов атындағы театрдың Алматыға сапары. Көрермендерді қандай қойылымдармен қуантады?
Театр ұжымы бүгін алматылықтарға Шыңғыс Айтматов повесінің желісі бойынша қойылған "Жәмилә" драмасын ұсынады.Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 1955 жылы Талдықорған қаласында Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде шаңырақ көтерді. 1960 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің наурыз айындағы қаулысынан соң театр Сыр өңіріне қоныс аударып шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері – Ақтоқты" трагедиясымен ашты.
Театрдың тарихи кезеңінде ең алғаш рет 1967 жылы Алматы қаласына гастрольдік сапарды директор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Сақтаған Тұрлымұратов пен бас режиссер, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркенов бастап барған болатын. Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз", К.Гольдонидің "Қонақ үйдің қожасы", Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер ана", А.Тоқмағанбетов пен О.Бодықовтың "Арман азабы", Вс.Вишневскийдің "Оптимистік трагедиясы" сол кездегі астаналық көрермендердің талқысына ұсынылды. Гастроль қорытындысымен Ш.Бәкірова – Қазақстанның халық артисі, Ж.Бағысова, Т.Айнақұлов, О.Әбдімомынов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген атақтарға ие болды.
1979 жылы 15-25 тамыз аралығында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шайтұрсын Әбдібаев пен бас режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Теміров бастап Алматының талғампаз көрермендеріне М.Әуезовтің "Түнгі сарын", И.Эркеннің "Сау басыма сақина", У.Шекспирдің "Король Лир", Қ. Мұхамеджановтың "Өзіме де сол керек", Ә.Тәжібаевтің "Майра", Ш.Құсайыновтың "Біздің Ғани", Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері – Ақтоқты" секілді күрделі дүниелерін апарды. Осы спектакльдерімен театр ұжымы өздерінің жеткен биігін, шығармашылық мүмкіндіктері мен кәсіби сипаттарын анық таныта алды.
1990 жылы Алматы қаласына гастрольдік сапарды директор Асқар Кіребаев пен бас режиссер, Қазақстанның халық әртісі Ерғали Оразымбетов бастап Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш–Баян сұлу", Ш.Айтматовтың "Жанпида" романы бойынша қойылған "Ақырзаман", Иран-Ғайыптың "Күшігінен таланған", Қ. Сүйенішовтің "Сен де жалғыз, мен де жалғыз" спектакльдерін ұсынды.
Театр тарихындағы үшінші рет Алматыға есеп беру гастролі қорытындысымен Серік Шотықов "Қазақстанның халық әртісі", Әлия Арысбаева, Бақытбек Алпысбаев, Асқарбек Сейілханов "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" деген құрметті атақтарды иеленді.
Оқи отырыңыз: Театр сыншысы: Ұлттық классика – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес
2006 жылы Алматыға іс-сапарды театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев пен көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір бастап барды. Театр репертуарындағы үздік қойылымдар В.Шекспирдің "Макбет" трагедиясы, Т.Әліпбайдың "Исатайдың барында", А.Сейдімбеков пен Б.Ұзақовтың "Қош бол, ардағым", Р.Отарбаевтың "Қандыөзек", Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың "Аласапыран", Иран-Ғайыптың "Қорқыт", С.Балғабаевтың "Ғашықсыз ғасыр" спектакльдері ұсынылды.
Сонымен қатар, театр ұжымы халықаралық, республикалық театр фестивальдеріне қатысты. Бірнеше мемлекеттерге үлкен гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Атап айтқанда Ресей, Қарақалпақстан, Татарстан, Түркия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Шотландия, Өзбекстан елдерінде өткен өнер додаларына қатысып, үлкен жетістіктермен оралды.
Сыр театрының Алматы қаласына кезекті гастрольдік сапары Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтеді. Театр директоры Мұхтар Ниязов пен көркемдік жетекші Ақтөре Оразалы бастаған театр ұжымы Иран-Ғайыптың "Мәңгілік елдің алтын адамы", А.Володиннің "Кездесу мен қоштасу", Ш.Айтматов повесінің желісімен қойылған "Жәмилә", А.Кашьяптың "Кім?" спектакльдерін ұсынып отыр.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында келесі қойылымдар көрсетіліп жатыр:
- 7 маусым, сағат 18.30 – Иран-Ғайыптың "Мәңгілік елдің алтын адамы" драмалық дастаны;
- 8 маусым, сағат 18.30 – Александр Володиннің "Кездесу мен қоштасу" психологиялық драмасы;
- 8 маусым, сағат 21.00 – ТҮНГІ СПЕКТАКЛЬ. Анураг Кашьяптың "Кім?" мистикалық триллері;
- 9 маусым, сағат 18.30 – Шыңғыс Айтматов повесінің желісі бойынша "Жәмилә" драмасы.
Оқи отырыңыз: Театртанушы Мәншүк Тәшімова: Балалар әдебиетіне бойлай алатын драматургтер аз