Алматы да "Әпкелі-сіңлілі Бековалар: Еркіндік жолында" атты фильмнің тұсаукесері өтті. Аты бүкіл әлемге әйгілі қазақстандық трионың өмірі туралы туынды бұған дейін Лондон қаласында қалың көрерменге жол тартқан болатын. Премьерадан кейін фильмнің түсірілуіне мұрындық болған Франциядағы қазақтар қоғамдастығының жетекшісі Берлин Иришев бұл жобаны қолға алуына не түркі болғанын, түсірілім жұмыстарының қалай жүргенін әңгімеледі. 

Фильмді қоғамдастықтың тапсырысымен Францияның Parlink компаниясы және отандық режиссер Болатхан Нүсімбеков бірігіп түсірген. Түсірілімдер Франция, Италия, Англия және Біріккен Араб Әмірлігінде өтті. Фильмге әпкелі-сіңлілердің танымалдылыққа жетер жолда бастан кешкен оқиғалары мен бүгінгі өмірі арқау болған. 

Фото: Франциядағы қазақтар қауымдастығы 

Үйдің кенжесі Альфия виолончельде, үлкені Эльвира скрипкада, ал Элеонора фортепианода ойнайды. Үшеуі Қарағандыда туып-өсіп, сол жерде музыкалық мектепте білім алған. Кейін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияға оқуға түсіп, сол жерде аты әлемге әйгілі музыкашылардан тәлім алады.


Оқи отырыңыз: Кореялық K-pop әртісі Kisu: Алматының ұнағаны соншалық, осында бейнебаян түсіргім келеді


1981 жылдың қазан айында отбасының кенжесі Альфия Нақыпбекова Лондонға туристік-гастрольдік сапармен барады. Әртістерге қарайлаған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұйықтап жатқанда қонақүйден шығып, сол күйі оралмайды. Ал Қазақстанға Кеңес одағы құлаған соң ғана, араға 14 жыл салып өнер көрсету үшін келеді. Кейін әпкелері Еуропаға қоныс аударған соң бірігіп өнер көрсете бастайды. 

Фото: Франциядағы қазақтар қауымдастығы 

Фильмнің бас продюсері Берлин Иришев Қазақстанда есімі көп айтылмаса да, шетелде асқан танымалдылыққа ие талантты тұлғалардың көп екенін айтады. Бұған дейін ол Dior музасы болған қазақ қызы Алла Ильчун туралы фильм түсірген болатын. 

"Осы туындыны қолға алуыма 1989 жылы болған оқиғалар себеп. Сол жылы 8 наурызда сән әлемінің үздігі Алла Ильчун жер қойнына тапсырылды. Көпке дейін оған қытайлықтар оны "біздікі" деп келді. Міне, оның қазақ екені дәлелденіп, Алла Ильчун туралы кітабымыз Қытай тіліне аударылды. Осыған байланысты бізді Қытайға шақырып, премьерадан кейін бірден ұшып шығайын деп отырмыз. Екінші оқиға – Берлин қабырғасының құлауы, өкінішке орай, Алла Ильчун мұны көре алмады. Сондай-ақ осы жылы Бековалар триосы асқан танымалдылыққа ие болып, Германия елшілігінен концертте өнер көрсетуге шақыру алды. Олар туралы әлемнің ең танымал деген басылымдары жазды. Шыны керек, кеңес одағында өмір сүрмеген адамға бұл фильмнің мән-мағынасына үңілу қиындау болады.  Фильмде әртістеріміз баласының, сіңлісінің кепілде болғаны туралы да айтады. Өнер адамдары бостандықты аңсаған заман болды", – деді Берлин Иришев. 

Фото: Франциядағы қазақтар қауымдастығы 

Мұнымен қатар, ол бүгін де шетелде танылған талантты жастардың көп екенін айтып өтті. 

"Күні кеше ғана Әлім Бисембаевты Король академиясын аман-есен бітіруімен құттықтадым. Өйткені, дәл қазір оның дәрежесі өзіне тәлім берген ұстаздардан асып тұр. Мұнымен қатар, Элеонора Нақыпбекованың ұлы Мариус Стравинскийдің есімі бүкіл әлемге әйгілі. Ол АҚШ пен Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие дирижер. Оның есімін Алматы қаласында Төкен ақсақалдың өзі қойған болатын. Осы секілді өнерімен таңдай қақтырып жүрген таланттарымыз өте көп. Олардың бәрі Қазақстанда да өнер көрсетеді деп үміттенемін", – деді Берлин Иришев. 


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің