Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында елде 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Аталған жоспарға сәйкес, жіті тапшы мамандықтарға 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді және дәрігерлердің жалақысы өсті. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында қандай өзгерістер болғанын Informburo материалынан оқыңыздар. 

Медицина саласы қалай өзгерді?

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы аясында медицина саласында бірқатар тың өзгерістер болғанын айтады. Оның ішінде:

  • профилактикалық тексеру, консультациялық-диагностикалық қызметтер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және медициналық оңалтумен қамту ұлғайды;
  • медициналық көмектің сапасы жаңа технологиялар мен жабдықтарды енгізу есебінен жақсарды;
  • сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жалақысы артты. 

Мұнымен қатар, вице-министр Астанада өткен "Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммиті кезінде халықтың денсаулығын одан әрі жақсарту үшін ауылдық жерлерде медициналық объектілер салынатынын, олардың заманауи жабдықтармен жарақтандырылатынын, осылайша алыс өңірлердегі тұрғындар үшін медициналық көмек қолжетімді бола түсетініне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Күйік пен теміреткіге шипа. Жантақ пен түйе сүтін қалай емдік мақсатта қолдануға болады


"2023 жылы елімізде 360 мың бала дүниеге келді. Бұл елдегі акушер-гинекологтар тәулігіне мың баланың дүниеге келуіне жәрдемдесті деген сөз. Бұдан өзге бір тәулікте 2,5 мыңнан астам, ал бір жылда жалпы 900 мыңнан астам ота жасалды. Науқастар 26 мыңнан астам қымбат жоғары технологиялық медициналық қызмет алды. Медицина бригадалары тәулігіне 24 мың науқасқа барып, бір жылда 7,6 млн шақыруға қызмет көрсетті. Медициналық авиация өмірді құтқару үшін шұғыл мамандандырылған медициналық көмекті қажет ететін 2180 пациентті тасымалдады", – деді Вячеслав Дудник.

Сондай-ақ вице-министр 2023 жылы елдегі қаралушылар саны 10% өсіп, 90 миллионды құрағанын айтты. Осылай МӘМС жүйесіндегі медициналық қызмет көрсетушілердің арасында мемлекеттік ұйымдардың үлесі – 56%, жеке клиникалардың үлесі 44 пайызды құрады.

"Заманауи дәрігер дегеніміз – өмір бойы дағдыларын дамытқысы келетін сарапшы"

Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ғылыми және медициналық технологияларды интеграциялау негізінде бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау мамандарын даярлау маңыздылығы туралы айтқан болатын. 

"Қазіргі заман дәрігерін медицина саласындағы маман деп қана емес, өмір бойы білім алып, soft skills дағдыларын және заманауи цифрлық дағдыларын үнемі жетілдіргісі келетін сарапшы деп қарауымыз керек. Алдағы уақытта медицина саласында білім алушылардың осы дағдылары мен ғылыми қызметінің жемісін коммерцияландыру үшін нақты тетіктерді жүзеге асыратын боламыз", – деді Марат Шоранов. 


Оқи отырыңыз: "Бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКО". "Аңсаған сәби" аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді


Алматы қаласындағы №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева "Дені сау ұлт" ұлттық жобасының басты жетістіктерінің бірі – ЭКҰ-дан туған сәбилер санының артуы және әлемде қолжетімді бедеулікті емдеуге арналған барлық заманауи репродуктивті технологиялардың Қазақстанда енгізілуі екенін айтады. Еске салсақ, 2022 жылы ҚР-да туған ЭКҰ-дан кейінгі балалар барлық бала туудың 1%-дан астамын құрады. 

 

"Мемлекетті нығайту үшін ұлттың денсаулығы мен әрбір шаңырақтың ішкі атмосферасын жайлы ету маңызды. Осы екеуі сау ұрпақтың дүниеге келуіне тікелей әсер етеді. Сол себепті медицина саласын жақсартуға, халыққа тиімді әрі жан-жақты көмектесуге бағытталған "Дені сау ұлт" сынды ұлттық жобалалардың маңызы зор. Мысалы, 2022-2023 жылдары елімізде "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 6 мыңнан астам бала дүниеге келді", – деді Ардақ Тұрғанбаева. 

"Ұлттық бағдарлама аясында шетелдік білікті мамандармен тәжірибе алмасу дами түсті"

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимов отандық медицина саласының шетелдік әріптестермен бірігіп күрделі оталар жүргізуге мүмкіндік беретінімен де құнды екенін айтады. 

Осы орайда, ол 2024 жылғы 11-15 наурыз аралығында шетелдік профессормен жүргізілген 30-дан астам күрделі "зергерлік" оталарды мысалға алды. Бұл оталар түрлері өте күрделі және жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің ең тиімді әдісі.

"Біз шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Алыс-жақын елдердегі жетекші мамандармен бірлескен оталар жасап, ҒЗИ дәрігерлері үлкен тәжірибе жинақтайды. Мысалы, соңғы бес күнде клиникамыздың аритмологтары ресейлік профессор Сергей Артеменкомен бірлесіп жүрек ырғағының әртүрлі түрлеріне шалдыққан өте күрделі науқастарға операциялар жасады. Біз Abbott EnSite X соңғы буынды үш өлшемді навигациялық карталау жүйесін орнатқан болатынбыз. Осы технологияның арқасында жүрек ырғағы бұзылған науқастарға күрделі оталар жасауға мүмкіндіктеріміз бар. Бізге келіп тәжірибесін бөлісетін жетекші мамандарға айтар алғысымыз шексіз. Өйткені осындай тәжірибе алмасудың арқасында мыңдаған адамның өмірі сақталып, олардың өмір сүру сапасы артады", – дейді институттың бірінші басшысы Марат Пашимов.

Радиожиілік катетерлік абляция жүрекке ең күрделі жоғары технологиялық операцияларды жасауға мүмкіндік беретін үш өлшемді навигациялық картаға түсірудің озық жүйелерін пайдалана отырып жүргізіледі. Осылайша адамдардың өмірін құтқарады. Бұл жүйе әзірге Алматыда тек КІА ҒЗИ-да ғана бар.

Аптаның соңына дейін жүрекшелер фибрилляциясы және басқа да күрделі эктопикалық ошақтары бар науқастарға ота жасалады.