Алматының Мәскеуден де қымбат қалаға айналғаны рас па? Салыстырамыз
Биыл әлеуметтік желілерде және бірқатар басылымда Алматының ТМД елдері ішінде ең қымбат қалаға айналғаны туралы жарыса жазылды. Мысалы, 2022 жылдың наурыз айында отбасымен бірге көшіп келген Александр Лихошерстов отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында Алматының Мәскеуден де қымбат қалаға айналғанын айтады. Бұдан өзге интернет қауымдастықтардың бірінде Ресейден көшіп келген азаматтар Алматыда жалақысының 40-50 пайызын азық-түлікке құртатынын айтқан. Олар бастапқыда бағалардың Ресейдегіден айтарлықтай арзан болғанын, кейін қатты қымбаттағанын жазды. Мұнымен қатар жаңалықтарда Алматының шетелдік мамандар үшін қымбат қалаға айналғаны туралы да жазылды.
Өмір сүру құны туралы ірі мәліметтер базасы – Numbeo сайтында қымбатшылық жағынан ТМД елдері ішінде Мәскеу бірінші орында тұрған жоқ. Бұл орын Алматы қаласына тиесілі. Мейрамхана, базар, дүкен, жол ақысы, коммуналдық төлем, спорт пен демалыс, киім мен аяқ киім, балаларға күтім, пәтер жалдау ақысы, тұрғын үй бағасы және азаматтардың жалақысы есепке алынған. Ақпаратты қала тұрғындары енгізген.
ТМД елдерінің танымал қалаларында тұру ақысы қанша?
Мәскеуде төрт адамнан құралған отбасы пәтер жалдау ақысын ескермегенде бір айда 898 322,3 теңгеге күн көре алады. Бұл ҚР Ұлттық банкінің 25 желтоқсандағы курсы бойынша 1953,0 доллар. Ал бір адамға 257 071,7 теңге немесе 558,9 доллар қажет. Бұдан өзге Numbeo мәліметінше, Ресейде өмір сүру құны Қазақстанға қарағанда орта есеппен 11% төмен, ал пәтер жалдау ақысы 41,7% арзан. Бұл мәліметтер 2661 қатысушының бір жылдағы жазбасынан алынды.
Алматыда төрт адамнан құралған отбасы бір айда өзін емін-еркін сезінуі үшін оларға 948 896,3 теңге қажет немесе 2063,0 доллар. Ал бір адамға – 264 127,0 теңге (572,2 доллар). Мұнда да пәтер жалдау ақысы есепке алынбаған. 514 адам жазба қалдырған.
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл қарсаңындағы Астана. Информбюро фоторепортажы
Бішкекте төрт адамнан құралған отбасы 720 355,0 теңгеге еш қысылмай өмір сүреді (1566,1 доллар). Ал бір адамға 199 756,4 теңге (434,3 доллар) қажет. Мұнда да пәтер жалдау ақысы есепке алынбады. Қырғызстанда өмір сүрудің орташа құны Қазақстанға қарағанда 17,3% төмен. Пәтер жалдау ақысы 23,3% арзан. 107 қолданушы жазба қалдырған.
Душанбеде төрт адамнан құралған отбасы 710 791,4 теңге немесе 1545,3 долларға еркін өмір сүре алады. Бір адамға 204 862,3 теңге немесе 445,4 доллар жеткілікті. 29 қолданушы жазба қалдырған. Numbeo деректері бойынша Тәжікстанда өмір сүру құны Қазақстанға қарағанда орта есеппен 15,6% төмен. Пәтер жалдау ақысы 44,5% арзан.
Бір айда қанша жұмсайды? | Алматы | Мәскеу | Бішкек | Душанбе |
4 адамнан құралған отбасының бюджеті | 948 896,3 теңге немесе 2063,0 доллар | 898 322,3 теңге немесе 1953,0 доллар | 720 355,0 теңге немесе 1566,1 доллар | 710 791,4 теңге немесе 1545,3 доллар |
1 адамның бюджеті | 264 127,0 теңге немесе 572,2 доллар | 257 071,7 теңге немесе 558,9 доллар | 199 756,4 теңге немесе 434,3 доллар | 204 862,3 теңге немесе 445,4 доллар |
Төрт қалада пәтер жалдау ақысы, бір шәшке Американо және такси құны қанша тұрады?
Жоғарыдағы ақпарат Алматының Мәскеуден қымбат қалаға айналғанына толық дәлел бола алмайды, дегенмен сандар фактіні жанама түрде айқындап тұрғандай. Осы орайда өзіміз есептеп көрдік. Төрт қаладағы қымбатшылықты салыстыру үшін пәтер жалдау ақысы, 250 мл Американо, такси құны (1 км үшін) және негізгі азық-түлік бағасы алынды.
Алматы орталығында бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысын білу үшін заттар мен қызметтер порталы – Крышa.kz сайтына кірдік. 10 жалдамалы пәтердің құнын анықтадық. Мысалы, бір пәтер айына 200 мың теңгеге, екіншісі – 250 мың теңгеге, үшіншісі – 300 мың теңгеге беріледі. Осылайша 10 пәтердің жалпы құнын алып, оны онға бөлдік. Орташа есеппен бір бөлмелі пәтердің ақысы 626 доллар болды. Дәл осылай Мәскеу қаласындағы пәтер жалдау ақысын білу үшін ЦИАН.РУ сайтына кірдік. Қырғызстан бойынша есептеу үшін ақпаратты Лалафo.kg, ал Тәжікстан үшін Sомон.tj сайтынан алдық. Нәтижесі төмендегі кестеде көрсетілген.
Оқи отырыңыз: Алматы агломерациясы халқының саны 3,6 миллион адамға жетті
Дәл осылай төрт қаладағы Американо мен такси бағасын анықтау үшін орталыққа жақын орналасқан мейрамханалар мен кофеханалардың, такси компанияларының әлеуметтік желідегі парақшасына қарадық. Нәтижесі төмендегі кестеде көрсетілген.
Қалалар | Алматы | Мәскеу | Бішкек | Тәжікстан |
Орталықта бір бөлмелі пәтер жалдау құны | 626 доллар, шет жақта шамамен 300 доллар | 1115 доллар, шет жақта шамамен 684 доллар | 475 доллар, шет жақта шамамен 200 доллар | 300 доллар, шет жақта шамамен 150 доллар |
Бір шәшке Американо | 2,01 доллар | 1,7 доллар | 1,68 доллар | 1,28 доллар |
Такси | 3,1 доллар | 2 доллар | 1,39 доллар | 0,91 доллар |
Бұдан өзге біз халық бәрінен көп тұтынатын 5 азық-түліктің бағасын салыстырдық.
Қазақстанда тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормалары соңғы рет 2016 жылы бекітілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі бекіткен тізімде 64 азық-түлік өнімі бар. Ресей Федерациясында тұтыну себетіне азық-түлік емес тауарлар мен түрлі қызмет кіреді. Тәжікстанның тұтыну себетіне 11 азық-түлік тауарлары кіреді, оның ішінде: нан өнімдері, ет, көкөністер, жемістер және т.б. Ал Қырғызстанның тұтыну себетіне 12 азық-түлік тауары кіреді. Мемлекеттердің тұтыну себетінің құрамы әртүрлі болғандықтан, біз ең көп тұтынатын тағамдардың бағасын салыстырдық: ұн, сүт, сиыр еті, қант, жұмыртқа.
Қазақстан мен Ресейдегі азық-түлік бағасын қарау үшін мәліметтер magnum.kz және dostavka.magnit.ru, ал Қырғызстан мен Тәжікстандағы бағаларды қарау үшін мәлімет World Food Programme UN сайтынан алынды.
Азық-түлік | Алматы | Мәскеу | Бішкек | Душанбе |
Ұн | 327,5 теңге (0,71 доллар) | 67 рубль (0.72 доллар) | 66 сом (0.74 доллар) | 6.00 сомони (0.55 доллар) |
Сүт | 475 теңге (1,0 доллар) | 48 рубль (0.52 доллар) | 58 сом (0.65 доллар) | 6.67 сомони (0.61 доллар) |
Сиыр еті | 3099 теңге (6,7 доллар) | 1299,95 рубль (14.13 доллар) | 545 сом (6.11 доллар) | 66.6 сомони (6.11 доллар) |
Қант | 475 теңге (1,0 доллар) | 61,90 рубль (0.67 доллар) | 85 сом (0.95 доллар) | 12.3 сомони (1.12 доллар) |
Жұмыртқа | 685 теңге (1,4 доллар) | 134 рубль (1.4 доллар) | 121 сом (1.35 доллар) | 13.2 сомони (10 штук) (1.21 доллар) |
Барлығы |
5061,5 теңге (11,0 доллар) |
1610,85 рубль (17,5 доллар) | 875 сом (9,8 доллар) |
104,77 сомони (9,6 доллар) |
Қорытынды: Алматы ТМД ішіндегі ең қымбат қала емес
Ашық дереккөздерден алынған мәліметтер анализі Алматыда такси қызметі мен кофе бағасының Мәскеу, Бішкек және Душанбеге қарағанда қымбат екенін көрсетті. Ал пәтер жалдау ақысы мен азық-түлік бағасы Мәскеуге қарағанда арзан.
Біз қарастырған тұрғын үй агенттіктерінің мәліметіне сүйенсек, Мәскеуде пәтер айтарлықтай қымбат. Мәскеумен салыстырғанда Алматыда 78,1% арзан. Ал Бішкек (24,1%) пен Душанбеде (52,0%) Алматыға қарағанда арзан.
Алматыға қарағанда бір шәшке Американоның бағасы Мәскеуде 15,4%, Бішкекте 16,4% және Душанбеде 36,3% арзан. Сондай-ақ Алматымен салыстырғанда такси бағасы Мәскеуде 2,0%, Бішкекте 55,1% және Душанбеде 70,6% арзан.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 38 пайызы соңғы жылда материалдық жағдайы жақсарды деп санайды – зерттеу
Мәскеуде тұрғын үй мен азық-түлік бағасы Алматыға қарағанда қымбат және такси мен кофе бағасы бойынша керісінше. Демек Алматы ТМД елдері ішіндегі ең қымбат қала емес. Алайда орташа жалақыны (Сравни.ру сайтының мәліметіне сәйкес мәскеуліктердің орташа айлық жалақысы 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 128,3 мың рубльді құрады. Ал finprom.kz сайтының мәліметінше үшінші тоқсанда алматылықтардың орташа айлық жалақысы 409,0 мың теңгені құрады) және осы жалақысының қанша пайызын пәтер жалдау мен азық-түлікке жұмсайтынын ескерсек, дәл қазір алматылықтарға өмір сүру оңай емес.