Тікелей эфир

Жаңа жыл қарсаңындағы Астана. Информбюро фоторепортажы

Cурет Informburo.kz
Cурет Informburo.kz
Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда Астананың халық көп жиналған жерлері – базар мен вокзалын аралауға шықтық.

Ондағы мақсатымыз халықтың мереке алдындағы қарбаласы мен көңіл-күйін көру еді.

Сурет Informburo.kz

Алдымен "Тұлпар" сауда орталығының алдында шырша сатып жатқан жігіттерге жақындадық. Жыл сайын жаңа жыл алдындағы науқан кезінде көптеп сатылатын бұл шыршалардың басты ерекшелігі – барлығы тірі шыршалар.

5 жылдан бері тірі шырша сатумен айналысатын Құрманның айтуынша, шырша саудасы жылдан-жылға төмендеп бара жатыр. Оған себеп тұрғындардың діни ұстанымы дейді.

“Көбіне тірі шыршаны сатып алатындар – өзге ұлт өкілдері. Олар ұнап тұрса, бағасына қарамай ала береді. Ал, қазақтар арасында соңғы кезде "Жаңа жыл біздің мейрамымыз емес","Үйге шырша қою харам" деушілер көбейді",- дейді сатушы.

Тірі шырша саудасы 20 күнге созылады. Бұл – науқандық шаруа. Астанадағы тірі шыршалардың көбісі Ресейдің Пермь аймағынан әкелінеді екен. Қарағайлар бағасы 7 мың теңгеден басталып, 35 мың теңгеге дейін барады. Ал, Еуропадан әкелінетін Дат самырсындарының (майқарағай) ең арзаны 60 мың теңге тұрады.

Сурет Informburo.kz

Көбіне Астанаға әкелінетін жаңажылдық ағаштар – шырша, қарағай және самырсын (майқарағай). Бұларды үйде ыстық жерге (мысалы, батарея жанына) қоймаса, біраз уақытқа дейін шыдайды. Жергілікті халықтың фавориті қарағай екен. Себебі, ол ұзаққа шыдайды әрі қылқан жапырақтары да көлемді.

Сурет Informburo.kz

"Сауда жақсы жүрсе, тірі шыршалар әжептәуір табыс әкеледі" дейді шырша сатушылар.

Сурет Informburo.kz

Дегенмен, соңғы кезде онлайн-cауданың дамуы оффлайн саудагерлердің саудасын тежей бастағанға ұқсайды. Сондықтан, сатушылар әлеуметтік желіде таргет жіберіп, тірі шыршаларды үйге дейін жеткізу қызметін қолға алыпты. Шыршалардың бағасын білген соң, ел арасында "Артем" аталып кеткен "Астаналық" базарына қарай аяңдадық.

Сурет Informburo.kz

Жолай пиротехникалық бұйымдар сатып тұрған бірнеше контейнерге көзіміз түсті. Сатушылар заттарды суретке түсіруге рұқсат бергенімен, өздері сұхбат беруден бас тартты. 

Сурет Informburo.kz

Сатушылардың бар айтқаны, пиротехникалық бұйымдар арасында ең өтімдісі "Золотой песок" деген отшашу екен. Оның бағасы – 1500 теңге. Одан кейін ең көп сатылатын зат – Бенгал шамы. 

Сурет Informburo.kz

Оқырмандардың есіне сала кетейік, пиротехникалық бұйымдарды мамандандырылған дүкендерден және қызметтің осы түріне тиісті лицензиясы бар стационарлық сауда павильондарынан сатып алғаныңыз абзал. Бұйымды сатып алған кезде жарамдылық және сақтау мерзіміне назар аударыңыз. Жарамдылық мерзімі өтіп кетсе қолдануға болмайды.

Сурет Informburo.kz

"Астаналық" базарының бірінші қабатында ұсақ-түйек заттар сататын бұрышқа жақындадық.

Сурет Informburo.kz

Бұл жерде қораптар, жасанды гүлдер, кәрзеңкелер, ойыншықтар және тағы басқа мың түрлі зат сатылады екен.

Сурет Informburo.kz

Сатушы Гүлзира Сапардың айтуынша, мұндағы заттар мереке сайын ауысып отырады. Дәл қазір сөрелерге жаңажылдық бұйымдар жайғасқан.

"Мереке жақындағанда саудамыз қыза түседі. Қатып қалған баға жоқ, сұраған адамға жеңілдік жасаймыз. Алатын затының саны оннан асса, әжептәуір жеңілдік болады. Жаңа жылға деп әкелген дүниеміз көбіне тез өтіп кетеді. Қазірдің өзінде таусылуға жақын", – дейді Гүлзира. 

Гүлзираның сөзінше, науқандық сауда – жақсы табыс көзі. 

Cурет Informburo.kz

Олар Жаңа жылдан соң, 8 наурызға, одан кейін 22 наурызға арналған заттарды алдырады екен.

Сурет Informburo.kz

Сөз соңында "жергілікті тұрғындар "Артем" ("Астаналық" базарының халық арасында кең таралған атауы – ред.) қымбат, қымбат" деп, бірақ бәрібір ұсақ-түйектің бәрін осы базарға келіп алады" деп жымиды Гүлзира.

Сурет Informburo.kz

Сатушылар "жаңажылдық заттар сонда сатылады" деп жөн сілтеген соң, әрі қарай базардың көлік тұрағына қарай жылжыдық. 

Сурет Informburo.kz

Бұл жерде біз құдды бір таңғажайып әлемге тап болғандай болдық.

Сурет Informburo.kz

Жарқыраған шамдар, жап-жасыл шыршалар, жалт-жұлт еткен ойыншықтар... Біз іздеген жаңажылдық көңіл-күй осы жерде сияқты көрінді. 

Сурет Informburo.kz

Бұл жерде адам қарасы да көп екен. Барлығы мерекелік бұйымдар таңдап жүр. 

Сурет Informburo.kz 

Тұрғындардың айтуынша, көлік тұрағының іші салқын болса да, жыл сайын жаңажылдық бұйымдар осы жерде сатылады.

Cурет Informburo.kz

Мектеп, балабақшада өтетін мерекелік шыршаның костюмдерін де осы жерден табасыз. 

Сурет Informburo.kz

Осында балалардың мерекелік костюмдерін сатып тұрған Нұрпейіл есімді келіншекті сөзге тарттық. 

Сурет Informburo.kz 

Нұрпейілдің айтуынша, саудагерлер пандемиядан кейін еңсесін енді тіктеп жатыр. 

"Пандемия кезінде сауда жасай алмай, бәріміз үйде отырып қалдық. Карантин кезіне қарағанда қазір саудамыз жақсы жүре бастады. 2021-2022 жылдары "заттарың қымбат, жағдайымыз келмейді" деп айтатындар көп еді. Қазір ондай емес, халықтың жағдайы мерекелік заттар алуға жететін сияқты",- дейді Нұрпейіл. 

Cурет Informburo.kz

Мектеп жасындағы балалар суперқаһармандардың киіміне қызығады екен. Ал, балабақшадағы балалар жан-жануарлардың костюмін көбірек киеді.  Сапалы мерекелік костюмдердің орташа бағасы – 7 мың теңге. 

Сурет Informburo.kz

Мұндағы тауарлар Бішкек пен Алматыдан келеді. Қазір сатушылар онлайн-сауданың да тетігін іске қосқан. "Баламен үйден шыға алмай отырған аналарға тапсырысын өзіміз жеткізіп береміз" дейді. 

Сурет Informburo.kz

Әлинұр жеті жылдан бері жасанды шырша сатады. Ол сатып тұрған жасанды шыршалар бағасы мың теңгеден басталып, миллион теңгеге дейін барады. Барлығы Қытайдан әкелінеді. 

"Қазір біз шыршаларды таргет жіберіп, онлайн түрде де сатып жатырмыз. Дегенмен, адамдардың базарға өзі келіп, таңдап сатып алғанына ештеңе жетпейді. Шыршаға онлайн тапсырыс бергенде абай болған жөн. Себебі, қазір алаяқтықтың түрі көбейді. Өзіңіз де білетін шығарсыз, жыл сайын осындай уақытта интернет арқылы "шырша сататын" алаяқтар қаптайды. Олар интернетке арзан бағамен әдемі тауардың суретін қойып қояды. Ақшасын төлеген соң, клиент оларды таппай қалады. Не болмаса, интернетте тапсырыс берген затыңыз өмірде көргенде суреттегідей әдемі, сапалы болмауы мүмкін. Сондықтан да, уақыт болса, шыршаны өз көзіңізбен көріп, таңдап алған дұрыс",- дейді Әлинұр.  

Әлинұрдың айтуынша, тұрғындардың көпшілігі 20-30 мың теңгелік шыршаны таңдайды.

Сурет Informburo.kz

Шыршаның тірісі мен жасандысын түгендеп болған соң, базардың азық-түлік бөліміне қарай аяңдадық. 

Cурет Informburo.kz

Мұнда да қарақұрым халық, азық-түлік арқалап ағылған жұрт.

Сурет Informburo.kz

Жеміс-жидек сатып тұрған Айнұр есімді келіншек "Жаңа жылда жеміс пен көкөніс жақсы өтеді" дейді.

Мереке күні халық дастарханын толтыруға тырысады. Сондықтан, базарда алма дейсің бе, құрма дейсің бе, мандарин дейсің бе, бәрі тез өтіп кетеді. Сауданың жүргені бізге жақсы. Сол себепті 31 желтоқсан, тіпті 1 қаңтарда да базарға шығамыз",- дейді Айнұр.

Базардағы жемістер мен көкөністер көбіне "Шарын" базарынан көтерме бағамен әкелінеді екен. 

Сурет Informburo.kz

Жеміс-жидектің жанында кептірілген жемістер мен жаңғақтың түр-түрі толып тұр. Сатушылардың сөзінше, Жаңа жыл мерекесінде бұл өнімдерге сұраныс күрт артпайды, сауда әдеттегіше бірқалыпты жүреді екен.

Сурет Informburo.kz

Бұдан соң, көлікпен зулап отырып "Шапағат" базарына келдік.

Сурет Informburo.kz

Зат сатқан, сатып алып жатқан адам мұнда да жетерлік. Алайда, бізбен тілдесуге құлық танытқан ешкім болмады. 

Сурет Informburo.kz

Неге екені белгісіз, бұл күні "Шапағат" базарының маңынан өзіміз іздеген мерекелік шат-шадыман күйді көре алмадық. Басына жылтырақ таққан мына келіншек қана Жаңа жылға дайын секілді көрінді. 

Сурет Informburo.kz

Одан әрі вокзалға жол тарттық. 

Cурет Informburo.kz

Пойыздардың жол жүру кестесіне бір үңілдік.

Сурет Informburo.kz

Мұнда пойыздан түскен, пойызына асыққан жолаушылар көп екен.

Cурет Informburo.kz

Вокзал ішінде жаңажылдық атмосфера құруға мынау қонжық жалғыз өзі атсалысып жүр. 

Сурет Informburo.kz 

Раушан апамыз Астанаға үлкен қызының үйіне қыдырып келген екен. Енді Екібастұзға, үйіне қайтып бара жатыр.

"Мен қазір "Астана-Павлодар" бағытындағы пойызды күтіп отырмын. Былтырғы Жаңа жылды Астанада қарсы алғанмын. Енді өз үйімде қарсы алсам деймін. Өткен жылға еш өкпем жоқ. Омар есімді немереміз дүниеге келді. Қоян жылын аман-есен күтіп алып, рахмет айтып шығарып салып жатырмыз",- деді Раушан апа. 

 

 

 

 Апамыз сөзін "Отанымыз тыныш, балаларымыз бақытты болсын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін" деген тілекпен түйіндеді. 

Сурет Informburo.kz

Алда келе жатқан жыл – Ұлу жылы. 

Серіктестер жаңалықтары