Қазақ ұлттық университетінде вирусолог мамандар даярланады
Оқу процесінің басым бөлігі зертханалық жағдайда жұмыс жасауға бейімделген.әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісімге сәйкес, алдағы уақытта ҚазҰУ аталған институтпен бірлесіп, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша вирусолог мамандарын даярламақ.
"Елімізде алғаш рет ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінде вирусолог мамандары даярланады. Сонымен қатар кадрларды дайындауға Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының арнайы зертханалары да үлес қосады", – деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.
Оқи отырыңыз:
- ҚазҰУ ғалымдары коронавирусқа қарсы қорғаныс экранын әзірледі
- Ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы
"Вирусология" білім беру бағдарламасы практикалық оқуға басымдық береді. Оқу процесінің басым бөлігі зертханалық жағдайда жұмыс жасауға бейімделген. Болашақ мамандар білім алу барысында жаңа вирустардың түрлерін, оларды зерттеу әдістері мен түрлі сипаттарын анықтауға машықтанады. Сондай-ақ зертханада білімгерлер диагноз жасауға және зерттеуге дағдыланбақ.
Өз кезегінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты түлектерді жұмыспен қамтамасыз етіп, жас мамандарды вирусология, биология және биотехнология салалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткізеді.
"Алдағы уақытта біздің ғылыми-зерттеу институтының жанынан арнайы диссертациялық кеңестер ашылады. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге және білім алушыларға әдістемелік көмек көрсетуге шетелдік ғалымдар тартылатын болады. Өз кезегінде бұл бастама кадр тапшылығын жоюмен қатар, білікті де білімді мамандар мектебінің қалыптасуына ықпал ететін болады", – дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.