әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми-технологиялық паркінің жас мамандары Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірге бетке арналған ALFASHIELD қорғаныс экранын әзірледі.
Қорғаныс экранының басты ерекшелігі – дайындау жылдамдығының тиімділігінде. Бұл технология дайындау барысын 5-6 есе жеделдетуге мүмкіндік береді. Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, күніне 2 адам 100-ге жуық қорғаныс экранын дайындай алады. Еліміз және әлем бойынша ауруды жұқтырушылар саны күн санап үдеп жатқан қазіргі жағдайда бұл өте маңызды.
"Бет қорғаныс экранының антистатикалық материалының шынайылығы пайдаланушыға көз алдындағы объектілерге кедергісіз шолу жасауға мүмкіндік береді. Экран вируспен бірге түрлі сұйықтықтар мен шаң-тозаңның бет пен көзге түсуінен қорғайды. Нәтижесінде вирус жұқтыру қаупін бірнеше есе төмендетеді", – дейді ҚазҰУ технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев.
Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы түрлі вакцинаны қатар алуға бола ма? Мамандар жауап берді
Мамандар университет қолдауымен әлеуметтік жоба аясында өнімнің алғашқы легін шығарып, қала бойынша медицина қызметкерлеріне таратып берді. Қорғаныс құралының құны нарықтағы басқа нұсқалармен салыстырғанда, екі есе төмен, ал сапасы жоғары. ALFASHIELD экранын әр қолданар алдында антисептикпен сүртіп, қайта пайдалана беруге болады.
ҚазҰУ ғалымдары дайындаған кезекті отандық өнімді медицина қызметкерлерімен қатар, көпшілікпен тығыз жұмыс жасайтын банк, білім беру орталықтары, ХҚКО, сауда дүкендері, сұлулық салондарының қызметкерлері мен бортсеріктерге тағу ұсынылады.