Елорда іргесінде түркілердің көне жұрты бар. "Бозоқ қалашығы" туристерді қабылдауға қашан дайын болады? Фоторепортаж
Бозоқ қаласының көне жұрты – астанамыздың іргесіндегі Үркер шағын ауданы аумағында орналасқан.
Көне қаланың орнын 1998 жылы архелог Кемел Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы тапқан. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі қалашық болған – Бозоқ (Бұзоқ деп те аталады) қаласының орны жатыр.
Көне жұрт Қорғалжын тасжолы бойындағы Үркер шағын ауданының тура солтүстігіндегі сазды, батпақты, қамысты алқаптың ортасындағы төбеде жатыр.
Іргесіндегі көлшіктер мен батпақты саздық қаланың қорғанысқа қолайлы жерге орналасқанынан дерек береді.
Бозоқ жұрты биік дөңестің үстінде. Алайда қыста қар жауса, көктемде жаңбырлы кезде сулы батпақтың қоршауында қалады.
Ауылдан Бозоқ жұртына дейінгі 1,5 шақырым жолда топ-топ қамыстарды да кесіп өтуге тура келді.
Әрине мұндай ыңғайсыз жол қарттар мен балаларға ауыр тиеді.
Астанамыздың биылғы ұзақ та жаңбырсыз жазы жерді құрғатып жіберген. Әйтпегенде мына қамысты батпақтан жаяу адам түігілі көлік өте алмасы анық.
Бозоқ жұртының дөңде орналасқанын көне жұртқа таяған сайын жердің құрғап, шаңы шығуынан да байқадық.
Көне жұрт Есіл өзеніне алыс емес. Айнала шағын-шағын көлдер мен саздықтар. Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, мамырлап жатқан аң-құсты көруге болады.
Қалың қамыс пен бұта-бүргеннің арасы қоянның жымы, түлікінің іні де көп. Тіптен бәз біреулердің қоян аулап, құс ататын жері болса керек, шашылған гильза соған айғақ.
Мизам шуағында жусанның түйініне жабысқан өрмекшіні де көруге болады. Жалпы жусан, ши, қамыс, сорбалақ, алабота, бидайық секілді өсімдіктерге бай шұрайлы өлке екен.
Бозоқ жұртымен танысуға келген қонақтарды Қазақстан халықтары ассамблеясы мен музей-қорық қызметкерлері қарсы алды.
Көне қорған жатқан жерге арнайы мосы ағаш орнатылып, көне қала құрылысы және болашақта салынатын музей туралы қысқаша түсінік берілген.
Көне қорған жұртымен Кемел Акышев атындағы археология институты директоры Марал Қалымжанқызы Хабдулина таныстырды.
"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты. Былтыр 31 наурызда Үкіметтің №150 қаулысына сәйкес құрылған болатын.
"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, дәл осы жұрттың аумағы 28 шаршы шақырымды алып жатыр. Болашақта 50 шаршы шақырымдық ашық мұражай қорығы салынбақ.
Сәуле Бөрібева келген қонақтарды ертіп, қорықтың аумағымен таныстырды.
Бозоқ қаласының жұрты үш бөліктен тұрады. Орталық бөлігі қазылған ормен қоршалған, солтүстік бөлігінде тұрғын-үй және өндірістік жайлар орналасқан, ал оңтүстігінде қорым бар. Сонымен бірге онда суландыру жүйесінің іздері де табылған.
Көне жұртта қызыл, көк кірпіштер мен тастар әр жерде үйіліп жатыр. Бұл сәулетті де алып көне құрылыс мәдениетінің қалған жұрнағы.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология иниститутының директоры, тарихшы Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, қала орнын 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне зерттеуге келген экспедцияны басқарған инженер, офицер Иван Шангин де көрген. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Әлкей Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашыққа ақмолалық өлкетанушы Леонид Семенов қазба жұмыстарын жүргізді.
Бозоқта археологиялық қазбалар бірнеше рет, әртүрілі деңгейде жүргізілген. Алайда толықтай ашу және қалпына келтіру үшін өте үлкен күш керегі анық.
Айналасында көне ор мен топырақ үйіндісінің ізі бар. Үш алаң орталығынан кірпіш кесенелердің бөлшектері, сонымен қатар адамдар мен жануарларды жерлеген қорым табылды. Ғалымдардың пайымынша, "Бозоқ" Ұлы Жібек жолындағы маңызды бекеттердің бірі ретінде діни жоралғыларды атқарған да болуы мүмкін.
Аумақта жатқан қоқыстардың көптігінен бұл маңға адамдардың да көп келетінін аңғардық. Біз секілді тарихи көне жұртты тамашалаудан тыс, таза табиғатта демалатындар бар. Оған қоян аулап, құс атып саят құратындарды қосыңыз.
Қазірше көне қалашықтың жұрты ғана бар. Нақты қазба жұмыстарының келесі жылы күн жылына басталады.
"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директоры Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, алдағы 2 жыл ішінде музей-қорық құрылысы жүргізіледі. Бірақ, қашан толық аяқталатыны әлі белгісіз.
"Бозоқ" қаласы – көшпелі түркі мәдениеті мен отырықшы мәдениеттің тоғысы, Ұлы жібек жолындағы маңызды бекіністердің бірі, тарихи мекен екені даусыз.