Альцгеймер және Паркинсон ауруларының емі әлі күнге дейін табылмаған. Дегенмен, қазір бірнеше елдің ғалымдары бірлесіп, олардың алдын алатын дәрі жасауға тырысып жатыр. Солардың қатарында қазақтандық 5 ғалым бар. Информбюро тілшісі осы ғалымдардың бірі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазовпен сұхбаттасып, жоба туралы сұрап-білді. Сұхбатта сонымен қатар ғылымды қаржыландырудағы өзекті мәселелер де сөз болды.

– Ақпарат құралдарында сіздің Альцгеймер мен Паркинсон ауруларын емдеуге арналған дәрі жасауға қатысатыныңыз жазылды. Бұл туралы өзіңіз не айтасыз?

– Біз мұндай дәріні әлі ойлап тапқан жоқпыз, тек еуропалық дәрігер ғалымдармен бірге Альцгеймер және Паркинсонның алдын алуға әсер ететін негізгі затты әзірлеп жатырмыз. Оның дәрі ретінде өндіріске енуі уақыт еншісіндегі мәселе.

Альцгеймер және Паркинсон миды зақымдайтын аурулардың қатарына жатады. Альцгеймерде ми семіп қалады да, адамда ұмытшақтық пайда болады, моторикалық мүмкіндіктері төмендейді. Ал Паркинсон ауруында діріл пайда болады, адамның негізгі өмір сүру қабілеттері бұзылады. Мысалы, тамақ жей алмай, жүре алмай қалуы мүмкін.

Флавоноидтар деген қосылыстар бар. Олар көптеген өсімдікте кездеседі. Біздің жерімізде ол жантақтың құрамында бар. Жантақ халық емінде әртүрлі ауруларды емдеуде қолданылады. Оны іш кетуді емдеу, дене қызуын түсіру, жөтелді кетіру, кіші дәрет шығару, терлеу үшін пайдаланады. Одан бөлек, жантақтың антиоксиданттық қасиеттері бары анықталған. Яғни, адам ағзасында бос радикалдар түзіліп, салдарынан қосымша жаңа аурулар туады. Антиоксиданттар сол үдерісті тежейді. Алайда, флавоноидтардың бір кемшілігі – олар суда нашар ериді. Сондықтан қолдану аясы тар. Біз оны бұрын атеросклероз ауруының алдын алуда зерттеген едік. Бұл ауруда тамырда холестерин қалдықтарының түйіні түзіліп, бітеп қалады. Соның алдын алу үшін флавоноидтарды спиртте ерітіп, пайдаланып көрдік. Нәтижесінде холестеринді түйіндер түзілуінің алдын алатынын, бастапқы кезеңінде жоятынын анықтадық. Бұл туралы әлемдік журналдарда жарияланған ғылыми мақаламыз бар.  

Сонымен қатар, ағзада амилоид фибрилдері шамадан тыс түзілген кезде Альцгеймер және Паркинсон ауруларын тудырады. Біз айтып отырған флавоноидтар осы фибрилдердің түзілуін тежей алады.


Оқи отырыңыз: PhD докторанттар енді дисстертация жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады


Осы жобамен Еуропалық Одақтың грантын ұтып алдыңыздар ма?

– Мен 2017 жылы "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" деген грант ұтып алдым. Сол кезде Португалияға барып, тәжірибе алмастық. Бұл елдегі ғалымдармен бірге флавоноидтарды суда еритін күйге көшіруді шештік. Мысалы, фуллерендер мен флавоноидтарды әрекеттестірсек, өте жақсы еритіні және амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті пайда болатыны анықталды. Тағы қандай ауруларды тежейтін қасиеті бар екенін анықтау үшін еуропалық әріптестерімізбен экспресс-тест жүргізіп көрдік. Нәтижесінде Альцгеймер және Паркинсон ауруларына әкелетін амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті расталды. Соны Еуропалық Одақтың Horizon бағдарламасына жоба ретінде ұсындық. 2018 жылы бірінші рет ұсынғанымызда кемшіліктерімізді көрсетіп, жобаны кері қайтарды. 2019 жылы да солай болды. Үшінші рет 2020 жылы қайта ұсынып едік, жобамыз сынақтан өтті. Алайда, пандемияға байланысты зерттеу бір жылға шегерілген еді.   

Нұрбол Аппазов Португалиядағы әріптестерімен бірге

Қазір жобамен қанша адам айналысып жатыр? Ғалымдар құрамы қандай?

– Бұл жобамен Қазақстан, Португалия, Нидерландтар, Дания, Ресей, Украина және Беларусь елдерінің ғалымдары айналысып жатырмыз. Жобаның негізгі координаторы – португалдықтар. Қазақстандық топта бес адам бар. Бәрі де жас ғалымдар. Жалпы ғылыми топта 25-45 жастағы профессорлар, PhD докторлар, ғылым кандитаттары бар.

Әр топтың өз міндеті қарастырылған. Біз негізгі әсер етуші затты табуымыз керек.


Оқи отырыңыз: Пандемия психикалық аурулар толқынын тудырады. Алайда ғалымдар вирустың психикаға қалай әсер ететінін түсіндіре алмайды 


Ол қандай зат?

– Флавоноидтар өте көп. Соларды фуллерендермен әрекеттестіріп, көптеген қосылыс аламыз және соларға тест жүргіземіз. Оның ішіндегі ең белсендісін анықтап, улылығын тексереміз. Улылығы төмен қосылыстарға лабораторияда зерттеу жүргіземіз. Осылайша, төрт жыл ішінде негізгі әсер етуші затты анықтауымыз керек. Сонымен біздің жұмысымыз аяқталады. Ары қарай олардың физикалық, химиялық қасиеттерін, құрылысын, лабораториялық жағдайда тестілеуді, клиникаға дейінгі, клиникалық деңгейдегі зерттеулерді басқа елдердегі ғалымдар жүргізеді.

Ал оны өндіріске енгізіп, дәрі ретінде шығару – бөлек жоба. Бізде көбіне сол дайын өнім туралы айтып кетеді де, қалай жасалғаны туралы айтылмай қалады. Ал шынында ғылыми жағы әлдеқайда ауыр жұмыс.

Қазір жобаның жүзеге асырылуы қай деңгейде?

– Қазір жобаның бастапқы сатысындамыз. Синтез жүргізіп жатырмыз.

Басқа тағы қандай ғылыми жобалармен шұғылданасыздар?

– Бізде жоба көп. Оның қайсын қолға алатынымыз қаржыландыруға байланысты. Зертханада әртүрлі жаңа биологиялық белсенді заттарды синтездейміз. Сөйтіп әлемде жоқ жаңа қосылыстар аламыз. Олардың қасиеттерін зерттейміз. Мысалы, антиоксиданттық қасиеті бар, ағзадағы бос радикалдардың мөлшерін азайта алатын, қартаю процесін тежейтін, бактерияларға қарсы тұра алатын, ауру тудырғыш зең саңырауқұлақтарына қарсылық көрсететін қасиеттері бар заттар, парфюмерия, косметикада қолданылатын хош иістендіргіштер, сонымен қатар зиянды бунақденелілерді қуатын заттар алу бағытында зерттеулер жүргіземіз. Одан бөлек ауыл шаруашылығында өсімдік өсуін реттейтін заттар, су тазалауға арналған сорбенттер алу туралы жобалар да бар.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар инсульттан кейін оңалтуға арналған құрылғылар ойлап тапты


Токио олимпиадасы аяқталған кезде көпшілік ғалымдар мен спортшылардың жетістігін салыстырып, оларды қаржыландыру мәселесі көтеріле бастады. "Ғалымдарға ақша аз бөлінеді, жетістікке жетсе де, ақпараттық, мемлекеттік қолдау болмайды" деген пікір айтылды. Бұл рас па?  Қазақстанда ғылыммен айналысуға жағдай қаншалықты жасалған?

– Иә, бүкіл ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуі қаржыға келіп тіреледі. Мысалы, химия, биология, физика, медицина, техникалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы ғылымдары – барлығы қаржыны қажет етеді. Зерттеу үшін қаншама лабораториялық база, реагенттер, химиялық ыдыстар және тағы да басқа қондырғылар керек. Олар болмаса, ешбір ғалым ешқандай зерттеу жүргізе алмайды. Ғылыми зерттеу жүргізетін зертханалар болмай, "ғылымды дамытамыз" деу – бос сөз. Көп жағдайда "ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу үшін өздерің жоба ұсынып, сол жоба есебінен қондырғылар алыңдар" деп айтады. Ал жоба ұсыну үшін ол тақырыпта алдын ала зерттеулер жүргізілген болуы керек. Ал зертханасы жоқ ғалым оны қалай зерттейді? Осындай парадокс бар. Бірақ, лаборатория мүлде жоқ дей алмаймыз. Кезінде мемлекет қаржысынан инженерлік бейіндегі зертханалар, ұжымдық зертханалар ашылған. Бұл ғылымның дамуына аз да болса өз үлесін қосты.

Тағы бір мәселе – қаржыландыру. Оның базалық, бағдарламалы-нысаналық және гранттық қаржыландыру деген үш түрі бар. Базалық қаржыландыру ғылыммен айналыспайтын, бірақ ғылыми мекемеде жұмыс істейтін бухгалтер, кадр маманы, еден жуушы сынды мамандарға тұрақты түрде жалақысын төлеуге, жарық, су, жылуға кететін шығынды өтеуге беріледі.  Бағдарламалы-нысаналы және гранттық қаржыландыру тек конкурстық негізде өткізіледі. Бұрын ол үш жылда бір рет болатын. Яғни, жобасы өтпей қалған ғалымдар үш жыл айлықсыз қалып, ақысыз демалысқа кететін. Өткен жылдан бастап байқау жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл да ғалымдардың жағдайын жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз. Бірақ кейде "бармақ басты, көз қысты" болып, кімнің мүмкіндігі бар, сол көбірек қаржы алып жатады. Мысалы, конкурс кезінде бір ғылыми зерттеу жүргізу үшін үш жылға 30 миллион теңге қаржы керек екенін көрсетсек, конкурс біткен кезде оны үш немесе он есе азайтып жіберетін кездері болады. Ал жұмысқа қойылған талап сол күйі қалады. Жобаны жүргізуге қажет ақшасы қысқарып қалған адам толыққанды зерттеуді қалай жүргізеді?

Үшінші мәселе – Қазақстанда ғылым өте төмен деңгейде қаржыландырылады. Биылдан бастап көбейтеміз деп жатыр. Бұрын ЖІӨ-нің 0,13% ғана құрайтын. Ал салыстырмалы түрде дамыған елдерді алсақ, оларда ғылымға бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 4%-на дейінгі мөлшерді құрайды. Ал қай ел ғылымға көбірек қаржы бөлінсе, сол елдің экономикасы да, ғылыми әлеуеті, әлеуметтік жағдайы да жоғары. Яғни, бәрі ғылымға тура тәуелді. Ал кішкентай ғана қаржы беріп қойып, "біздің ғалымдар ешқандай нәтиже бермейді" деу дұрыс емес.

Сонымен қатар, ғылыми жобалардың байқауындағы тағы бір кемшілік – апелляцияның болмауы. Жобасы өтпей қалған ғалымдардың уәж айтып, дәлелдеу үшін жүгінетін жері жоқ. Ел президенті биылғы жолдауында осы олқылықтарды жою жөнінде тапсырма берді. Оң нәтижелер күтеміз.