Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Енді диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталады.
Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалатын болады. Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады. Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді. Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысатын болады.
Оқи отырыңыз: Ғылыми атақ кімге бұйырады?
Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын.
Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады. Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.
Ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.
Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез-келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар.
Оқи отырыңыз: Жалақы аз, жүктеме көп. Жоғары білім беру мәселелері бойынша министр түсіндірмесі
Докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде кафедраның кеңейтілген отырысында ғылыми жұмыс бір рет талқылаудан өтеді.
Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады.
Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатыр.
Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімдері бойынша, қосымша, жоғары талаптар қоя алады.
Енді ел азаматтары диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.
Бұл – әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе. Пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертацияны қорғауды онлайн форматта өткізген еді.
Оқи отырыңыз: ЖОО студенттері биыл қалай емтихан тапсырып, диплом жұмысын қорғайды?
Білім және ғылым министрі, сондай-ақ, өткен жылы жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары нормативтік құжаттарда бекітілгеніне тоқталды.
"Жарияланымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Сәкесінше отандық ғылыми журналдар да контент сапасына ерекше назар аудара бастады. Бұл шешім былтыр сәуір айында қабылданғанымен, журналдарға қойылатын жаңа талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Яғни, баспаларға өз журналдарын жаңа сапалы талаптарға бейімдей алуы үшін жеткілікті уақыт берілді. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті қабылдаған басылымдарының жаңа тізіліміне 31 журнал кірді. Бұл журналдардың қатары әлі де артатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.