"ҰБТ қажет емес". Мектеп түлектерінің шетелде оқуына 10 мүмкіндік
Грант пен шәкіртақыны тек университет қана емес, ел үкіметі, компаниялар мен ұйымдар да төлей алады.ҰБТ тапсырмай-ақ шетелдегі жоғары оқу орнына түсуге болады. Мұндай мүмкіндікке ауқатты отбасынан шыққан студенттер ғана емес, оқуда табандылық танытып, жетістікке жеткен әрбір адам қол жеткізе алады. Егер сізде шетелде оқу мақсаты болса, оған орта мектепте дайындалу керек. Informburo.kz мектеп түлектерінің білім алуына арналған шетелдік оқу бағдарламаларының топтамасын ұсынады.
№1. Қазақстандықтар шетелде қалай білім алады?
Шетелде білім алу үшін келесі қадамдарды орындау керек:
- 2022-2023 жылдары қазақстандықтар үшін қолжетімді университеттер тізімінен грант немесе стипендиялық бағдарламалары бар университеттерді табыңыз;
- Таңдалған университетке мотивациялық хат жазып жіберіңіз немесе таңдалған ғылым саласында жұмыс, зерттеу дайындаңыз.
- Сол елдің тілін білетініңіз туралы сертификат ұсыныңыз.
Сонымен қатар, құжаттар тізімі мен құжат тапсыру мерзімін қарап алған жөн. Сіз таңдаған университетте білім алып жатқан қазақстандықтармен тілдесіп, кеңес сұрауға болады.
№2. Оқу ұзақтығы қандай?
Шетелдік университеттерге оқуға тапсырғанда оқу ұзақтығын да білім алған жөн. Әдетте бакалавриат бағдарламалары оқу еліне байланысты 3-4 жылға созылады. Кейбір мамандықтарда ерекшелік бар. Мысалы, медицина факультетінде 5 жылдан 10 жылға дейін оқу қажет.
Құжат тапсыру кезінде орта білімді растау керек. Кейбір елдерде білім беру жүйелеріндегі айырмашылыққа байланысты бір жыл қосымша дайындықтан (Foundation Year) өту керек болады.
Әр елде тілді білуге қойылатын талаптар да әртүрлі. Мысалы, ең төменгі IELTS баллы – 5,5, бірақ жалпы университеттердің көпшілігі кем дегенде 6,5 балл талап етеді.
№3. Foundation Year
Бұл шетел университеттерінде білім алғысы келетін талапкерлер үшін арнайы әзірленген бір жылдық бағдарлама. Білім беру жүйелерінің айырмашылығына байланысты қазақстандық түлектер көптеген еуропалық университке бірден оқуға түсе алмайды. Мысалы, біз мектепте 11 жыл оқысақ, Ұлыбританияда 13 жыл оқиды.
Бұл бағдарлама академиялық ағылшын тілін, IELTS емтиханына дайындық, сондай-ақ болашақ мамандығы бойынша үш пәнді оқу және елдің білім беру жүйесімен танысу, эссе жазу, презентация жасау және зерттеу дағдыларын қалыптастыруға арналған. Бағдарлама аяқталғаннан кейін студенттер емтихан тапсырып, соның негізінде жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады.
Оқи отырыңыз: "Болашақтан" басқа қандай бағдарламалармен шетелде тегін жоғары білім алуға болады?
№4. University Pathway Programme
University Pathway – шетелдік талапкерлерді АҚШ пен Канада университеттеріне қабылдауға дайындау бағдарламасы. Бағдарламаны сәтті аяқтаған жағдайда студентке бакалавриаттың екінші курсына түсуге мүмкіндік беріледі. Бұл бағдарлама ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білмейтін және университетте қосымша қолдауды қажет ететін халықаралық студенттерге арналған.
Әдетте, бағдарламаның университеттегі 1-ші оқу курсынан айырмашылығы жоқ, яғни бағдарламаның өзі университет қалашығында өтеді және студенттер 1-курстағыдай пәндерді оқиды. Бағдарламаның айырмашылығы: мұнда студенттер 15-20 адамнан тұратын шағын сыныптарда оқиды, қосымша ағылшын тілін оқиды және студенттерге бейімделуге көмектесетін кураторлар бар.
№5. AMA + (Art Major Asian plus Scholarship)
Корея Ұлттық өнер университеті қолға алған жаһандық бастама. Университет бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша мәдениет және өнер саласындағы мамандарды дайындайды. Грант оқу ақысын, тіл курстарын, әуе билетін және медициналық сақтандыруды толығымен төлейді. Ай сайын төленетін шәкіртақысы бар.
Толық ақпаратты университет сайтынан табуға болады.
№6. Holland Scholarship
Голландия Білім, мәдениет және ғылым министрлігі ұсынған бағдарлама бойынша, елдегі бірқатар жоғары оқу орындарында бакалавр немесе магистр дәрежесін алға болады. Стипендия арқылы Еуроаймақтан тыс елдердегі жастар зерттеу университеттерінде де, қолданбалы ғылымдар университеттерінде де білім ала алады.
Толық ақпаратты сайтынан табуға болады.
Оқи отырыңыз: Профессор: Шетел дипломын алған студенттер "басқа елге көшу керек" деген психологиямен қалды
№7. University of Tsukuba
Университеттің халықаралық талапкерлерге оқу ақысын, әуе билетін, медициналық сақтандыруды және ай сайынғы жәрдемақыны қамтитын екі түрлі стипендиясы бар. Мамандарды даярлауда халықаралық даму бағыттарына, дамушы және бұрынғы социалистік елдердің экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударылады.
Университетке қалай түсуге болатыны туралы толық нұсқаулар құжатта берілген.
№8. Turkiye Bursları
Бағдарлама Түркияның жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама оқу ақысы, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру, бір жылдық түрік тілі курсы шығындарын қамтиды. Бағдарлама бойынша ай сайынғы шәкіртақы төленеді.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
№9. Diyanet Bursları
Бағдарлама діни бағытта білім алушыларға арналған. Үміткерлерге Түркиядағы Имам Хатиб мектебінде, жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама оқу ақысы, жатын орын, медициналық сақтандыру және ай сайынғы шәкіртақы төлеу шығындарын қамтиды.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
№10. Stipendium Hungaricum
Мажарстан үкіметінің халықаралық ынтымақтастықты дамыту және дарынды халықаралық студенттерді Мажарстанда оқуға тартуға арналған стипендиялық бағдарламасы. Ол бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура және мамандандырылған бағдарламалар бойынша білім алуға болады.
Грант оқу ақысын, ай сайынғы стипендияны, жатақхананы (немесе пәтер жалдау үшін қаржылық қолдауды), медициналық сақтандыруды қамтиды.
Егер талапкер оқуын венгр тілінде оқиты болса, оған тегін дайындық курсы беріледі.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан IELTS нәтижелері бойынша Корея, Қытай, Жапония, Өзбекстаннан алда
Гранттар мен шәкіртақыларды тек университеттер ғана емес, үкімет, компаниялар мен ұйымдар да төлей алады. Қазақстан Республикасының электрондық үкіметінің Egov.kz сайтында білім саласындағы халықаралық шарттар аясында қазақстандықтар Мажарстан, Қытай, Польша, Украина, Вьетнам, Беларусь, Тәжікстан елдерінде білім ала алатыны жазылған.