Бұл топтамада қазақстандық жастарға шетелдің үздік жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша тегін білім алуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін 9 оқу бағдарламасын жинақтадық.
№1. Fulbright Foreign Student Program
"Фулбрайт" халықаралық студенттер бағдарламасы 1946 жылы құрылған. Ол шетелден келген магистранттарға, интерндерге және суретшілерге АҚШ-та білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама түлектерінің қатарында 60 Нобель сыйлығының лауреаты, 75 Макартур стипендиаты, 89 Пулитцер сыйлығының лауреаты және 40 қазіргі немесе бұрынғы мемлекет, үкімет басшысы бар.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: оқу, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру және зерттеу шығындары.
- Үміткерлер: ағылшын тілін жетік білетін, бакалавр дәрежесі, академиялық біліктілігі, жеке көшбасшылық дағдылары бар жандар.
- Құжат қабылдау мерзімі: жыл сайын ақпаннан қазан айына дейін.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
№2. Erasmus Mundus
Екі жылдық бағдарламаның демеушісі – Еуропалық Одақ. Ерекшелігі – магистранттар кемінде екі (үш немесе төрт) университетте қатар оқып, ортақ диплом (joint diploma) ала алады. Әрбір оқу жоспарын жасауға көптеген еуропалық және бірнеше еуропалық емес университет (Канада, Оңтүстік Америка, Жапония) қатысады.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: оқу, жатын орын, әуе тасымалы, медициналық сақтандыру шығындары.
- Үміткерлер: бакалавр дәрежесі бар (бакалавриаттың соңғы курсында оқитын студенттер де) және кемінде бір шет тілін жақсы білетін жандар.
- Құжат қабылдау мерзімі: Әр жылы құжат қабылдау мерзімі өзгеруі мүмкін, алайда жуықтап алғанда қазан-қаңтар айлары арасында қабылданады.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы
№3. Chevening Scholarship
Ұлыбритания үкіметінің елдегі кез келген жоғары оқу орындарында магистратурада білім алуға мүмкіндік беретін бір жылдық халықаралық стипендиялық бағдарламасы.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: Chevening стипендиялары толығымен қаржыландырылады. Атап айтқанда: университеттің оқу ақысы, ай сайынғы стипендия, Ұлыбританияға келу-кету шығындары, көшіп келгенде берілетін бір реттік жәрдемақы, жатын орын, виза және бағдарлама аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға бару шығындары.
- Үміткерлер: жоғары білімі бар және Ұлыбританиядағы бір оқу орнымен келісімшартқа отырған жандар.
- Құжат қабылдау мерзімі: 2022-2023 оқу жылына құжат қабылдау науқаны қазіржүріп жатыр. Үміткерлер биыл 2 қарашаға дейін құжат тапсырып үлгеруі керек.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
№4. Vanier Canada Graduate Scholarships
Канада университеттерінде докторантура оқуға арналған стипендиялық бағдарлама. Ол 2008 жылы құрылған және канадалық әйгілі дипломат, генерал-майор Жорж Ванье есімімен аталады.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: Vanier стипендиялары қатысушылардың барлық негізгі шығынын жабады. Қаржыландыру көлемі жылына 50 000 АҚШ долларын құрайды. Сптипендия 3 жылға беріледі.
- Үміткерлер: бағдарламаға тек Канадада оқитын магистранттар мен оқып жатқанына 20 ай болмаған докторанттар қатыса алады. Олар үшін өтінішті оқу орны береді. Өз бетімен өтініш жіберген үміткерлер қабылданбайды. Сонымен қатар, әр университетке берілетін стипендия көлемі жыл сайын өзгеріп отырады.
- Құжат қабылдау мерзімі: биыл құжат қабылдау мерзімі 2 қарашаға дейін жалғасады.
Толық ақпаратты бағдарламаның ресми сайтынан білуге болады.
Оқи отырыңыз: Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Литваның, Қытайдың жоғары оқу орындары қазақстандықтарға білім гранттарын ұсынды
№5. Hubert Humphrey Fellowship
Бір жылдық Хуберт Хамфри стипендиялық бағдарламасы жас мамандарға Американың жетекші университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: жатын орын, оқу, әуе тасымалы және медициналық сақтандыру, ағылшын тілі курсын (қажет болған жағдайда) оқу шығындары. Ноутбук пен оқулық сатып алуға, сондай-ақ конференциялар мен оқу аясындағы сапарларға арналған шығындарды да көтереді.
- Үміткерлер: бакалавр дәрежесі бар және таңдаған мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан азаматтары өтініш бере алады. Тіл сертификаттары: TOEFL 525 (pbt) немесе 71 (ibt).
- Құжат қабылдау мерзімі: бағдарлама шәкіртақылары туралы ақпарат жыл сайын ақпан-наурыз айларында жарияланады. Биылғы құжат қабылдау мерзімі 15 шілде күні аяқталды.
Толық ақпаратты АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ресми сайтынан білуге болады.
№6. Monbukagakusho:MEXT
Жапония Үкіметінің шетелдік студенттерге арналған оқу бағдарламасы. Оның аясында магиструтура немесе докторантура оқуға болады.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: жатын орын, оқу ақысы, әуе тасымалы, ай сайынғы шәкіртақы және жапон тілі курсын оқу шығындары.
- Үміткерлер: 1987 жылдың 2 сәуірінен кейін туған Қазақстан азаматтары. Сонымен қатар Нұр-Сұлтандағы Жапон елшілігінде ағылшын және жапон тілдерінен емтихан тапсыру қажет. Үміткерлердің жапон тілін білуі міндетті емес.
- Құжат қабылдау мерзімі: 2021-2022 оқу жылына арналған құжат қабылдау мерзімі 28 мамыр күні өтіп кетті. Келесі жылғы құжат қабылдау уақытын Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ресми сайтында жариялайды.
Оқи отырыңыз: АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?
№7. Eiffel excellenge programee
Француз университеттерінде оқитын шетел студенттеріне магистратура мен докторантурада оқуға мүмкіндік беретін оқу бағдарламасы.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: виза, жатын орын, оқу ақысы, әуе тасымалы мен медициналық сақтандыруға қажет барлық шығындар. Бағдарлама аясында сондай-ақ ғылыми әдебиеттерді сатып алуға және мәдени-спорттық шараларға қатысуға бөлек жәрдемақы береді.
- Үміткерлер: магистратураға дамушы елдердің 25 жастан кіші азаматтары, ала докторантураға дамушы және өндіруші елдердің 30 жастан кіші азаматтары қатыса алады. Алайда үміткерлер өзін-өзі ұсына алмайды, оны оқу орны ұсынуы керек. Сонымен қатар француз немесе ағылшын тілін жақсы білу, Франциядағы университеттердің бірінде оқу маңызды.
- Құжат қабылдау мерзімі: 2022-2023 оқу жылына арналған құжат қабылдау мерзімі 27 қыркүйекте басталды, 2022 жылдың 7 қаңтарына дейін жалғасады.
Бағдарлма туралы толық ақпаратты сайтынан білуге болады.
№8. Turkiye Bursları
Бағдарлама Түркияның жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: оқу ақысы, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру, бір жылдық түрік тілі курсы шығындары. Бағдарлама бойынша ай сайынғы шәкіртақы төленеді.
- Үміткерлер: 11(12)-сынып оқушылары, бакалавр дипломы бар немесе бакалавриаттың соңғы курсында оқитындар, магистрлер және PhD докторлар қатыса алады. Үміткерлердің академиялық жетістіктері ескеріледі. Әр санат үшін қойылған жас талаптары бар. Бакалавриатқа – 21 жасқа дейінгілер, магистратураға – 30 жасқа дейінгілер, докторантураға 35 жасқа дейінгілер құжат тапсыра алады.
- Құжат қабылдау мерзімі: әр жылдың ақпан-наурыз айлары. Тағылымдаға үміткер қабылдау мерзімі өзгеріп отырады.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық
№9. Diyanet Bursları
Бағдарлама діни бағытта білім алушыларға арналған. Үміткерлерге Түркиядағы Имам Хатиб мектебінде, жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға мүмкіндік береді.
- Бағдарлама қамтитын шығындар: оқу ақысы, жатын орын, медициналық сақтандыру және ай сайынғы шәкіртақы төлеу шығындары.
- Үміткерлер: Имам Хатиб мектебіне – 2005 жылдан кейін туған оқушылар, бакалавриатқа – мектепті енді бітіретін оқушылар, магистратураға – 30 жасқа толмаған және докторантураға 35 жасқа толмаған жандар.
- Құжат қабылдау мерзімі: әр жылдың ақпан-наурыз айлары.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Сонымен қатар Гарвард, Оксфорд, Кембридж униерситеттерінде білім алушыларды қолдауға арналған арнайы білім бағдарламалары бар.