Тастанды балалар көбейген: Әрбір үшінші әйел жүкті болудан сақтанбайды
Зерттеу әйелдердің 43 пайызы жүктілікті жоспарламайтынын көрсетті."Гедеон Рихтер Қазақстан" компаниясы Kazakhstan Women's Health әлеуметтік-ағартушылық жобасы аясында әйелдер денсаулығын қорғау саласындағы зерттеу жүргізді. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен 18 бен 45 жас аралығында 814 әйел қатысты. Зерттеу нәтижесінде әйелдердің 54 пайызы дәрігерге қаралмаса да, "деніміз сау" деп есептейтіні белгілі болған.
Қазақстандық әйелдердің жартысынан көбі (54%) өздерінің дені сау деп санайды. Дәрігерге сирек қаралады немесе мүлдем қаралмайды. 18-25 жастағы әйелдер гинекологқа мүлдем бармайды. 39%-ы денсаулығында кінәраттар бар екенін, 2% қиын аурулармен ауыратынын атап өтті. Сауалнама нәтижесі бойынша, тұрмысқа шықпаған әйелдер өздерін тұрмыстағыларға қарағанда сау деп санайды.
"Өзін денім сау деп сезінген жақсы ғой, өкінішке қарай, әйелдердің репродуктивті денсаулығына байланысты көптеген аурудың белгілері көрінбейді. Оған онкологиялық аурулар да кіреді. Әйелдер дәрігерге жиі қаралса репродуктивті тұрғыда денім сау деп санай алады. Сүт безі мен жатыр мойыны қатерлі ісігін анықтау үшін скринингтен өтуді ұсынады, өйткені мұндай ауруларды әйелдің өзі анықтай алмайды. Жатыр мойыны қатерлі ісігін дәрігерсіз анықтау мүмкін емес. Сондықтан жылына бір рет кез келген әйел дәрігерге қаралып, тексеріліп тұруы керек", – дейді репродуктолог-дәрігер, профессор, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Локшин Вячеслав.
Оқи отырыңыз: Жүктілік кезеңдерінің ерекшелігі. Болашақ ана білуі тиіс мәліметтер
Дәрігерге қаралатын әйелдер саны артты
Респонденттердің көпшілігі гинеколог дәрігерге қаралмау себебін денсаулығына қатысты шағым жоқ, анализдер қымбат, уақыт жоқ, жақсы дәрігер жоқ деп көрсеткен. Дегенмен 91%-ы тексерістен өту керек дегенмен келіседі.
Биыл әйелдердің дәрігерге қаралу жиілігі 67%-ды көрсеткен, яғни жылына кем дегенде бір рет барады. 2021 жылы бұл көрсеткін 52,6% болса, биыл дәрігерге тұрақты баратын әйелдер саны 14%-ға артқан.
"МӘМС аясында жұмыс істейтін әр азамат жарна аударады. Ал балаларға, көпбалалы аналарға, қарттарға мемлекет төлейді. Сондықтан әр адам мемлекеттік қана емес, жеке емханаларда да тегін анализ тапсырып, скринингтен өте алады. Ауруды алғашқы сатысында анықтаса онда оны емдеуге уақыт та, ақша да аз кетеді. Сүт безі мен жатыр мойыны қатерлі ісігін ерте анықтаса емдеу қиын да, қымбат та емес. Дәрігерге қаралатын адамдардың көбеюіне МӘМС жүйесі әсер етті. Дәрігерлер, журналистер, онкологтар аурудың алдын алу туралы насихат жүргізіп жатыр", – деді репродуктолог-дәрігер.
Әйелдердің 71%-ы өз-өзін емдейді. Ал 42%-ы дәрі-дәрмекті дәрігердің тағайындауынсыз қабылдайды. Алайда зерттеуді ұйымдастырушылар дұрыс диагноз қойылмаса, ауру көбінесе өткір немесе созылмалы асқынуларға, соның ішінде бедеулік пен онкологияға әкеп соқтыратынын айтады.
Әрбір үшінші әйел жүктіліктің алдын алу тәсілдерін мүлдем қолданбайды
Әйелдердің 48%-ы контрацепция қолдану-қолданбауды өздері жеке шешеді, яғни дәрігер кеңесінсіз интернеттен қарайды, не болмаса таныстарынан сұрайды. Контрацепцияның сенімсіз әдістерін қолданудың арқасында жоспарланбаған жүктілік пен түсік түсіру қаупі артып келеді. Сондықтан Қазақстандағы жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қауымдастық директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова өзін-өзі емдеуді қойып, дәрігердің қадағалауымен емделу керек дейді.
"Әйелдердің 43%-ға жуығы жүктілікті жоспарламайды. Контрацепцияның тиімді әдістерін шамамен 60%-ы қолданады. Әр екі әйелдің бірі жүктіліктен қалай қорғануды өзі шешеді. Кейде әйелдер гормонды таблеткаларды дәрігердің тағайындауынсыз қолданады. Бұлай жасау денсаулыққа қауіпті, мұндай дәрілерді гинеколог консультациясынан кейін ғана қабылдау керек", – деді дәрігер.
Респонденттердің 31 пайызы жүктіліктің алдын алу тәсілдерін мүлдем қолданбайды. Галина Гребенникованың сөзінше, ең сенімдісі гормонды және жатырішілік контрацепция. Дегенмен әйелдердің арасында оларды қолдануға келгенде әліге дейін дұрыс түсінбеушілік пен қорқыныш бар.
Гормон таблеткаларды қолданып көрдіңіз бе деген сауалға әйелдердің 34%-ы "иә" деп жауап берген. 9%-ы өзі таңдағанын, 25%-ы дәрігер тағайындағанын айтқан. 29%-ына гинеколог дәрігер ешқашан контрацепцияның қандай да бір әдісін ұсынбаған. Жедел контрацепция туралы 55%-ы мүлдем білмейді.
Оқи отырыңыз: "Аңсаған сәбимен" қалай бала сүюге болады? Шағын нұсқаулық
Әйелдердің жартысы жасанды түсікті құптамайды
Сауалнамаға қатысқан әйелдердің жартысы (51%) жасанды түсікті құптамайды. Галина Гребенникованың сөзінше, түсік тастау әйелдердің физиологиялық және психоэмоционалды жағдайына теріс әсер етеді.
"Жасанды түсік – үлкен әлеуметтік мәселе. Отыз жылда жасанды түсікті он есе азайттық. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында әлі де бар. Әйелдердің репродуктивті денсаулығына жасанды түсік әсер етпей қоймайды. Сол себепті қажетсіз жүктіліктің алдын алған дұрыс. Әйелдердің үштен бірі жүктіліктің алдын алуға ештеңе істемейтіні, ешқандай контрацептив қолданбайтыны өкінішті. Отбасын жоспарлау, әйел денсаулығы мәселесі Қазақстан қоғамында әлі шешілмеген. Оны шешсек ана мен бала өлімі азаяды. Дені сау ана дені сау баланы өмірге әкеледі. Балалар жыныстық қатынасқа ерте түсіп жатады, сондықтан бұл тақырыпты жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Оларға жастайынан қажетсіз жүктіліктің салдары туралы айтып, жыныстық сауаттылығын көтеру керек. Ата-ана бұл тақырыпты қозғағысы келмейді. Жасөспірім қыз жүкті екенін ешкімге айта алмайды, себебі қоғам пікірінен, ата-анасынан қорқады. Солай балалар қоқыста дүниеге келіп, тастанды балалар көбейеді. Қыз балаға ата-анасы қандай жағдай болмасын далада қалмайтынын түсіндіруі керек", – деді репродуктолог-дәрігер.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда абортқа тыйым салу мәселесі қарала ма?
Айта кету керек, жылдан жылға әйелдердің өз денсаулығына деген жауапкершілігі баяу болса да артып келеді. Медициналық мекемелер, фармацевтикалық компаниялар мен жауапты қазақстандық бизнес профилактикалық тексерулерді және контрацепцияның сенімді әдістерін насихаттау қозғалысына неғұрлым көп қосылса, түсік тастау және әйелдердің күрделі аурулары туралы статистика соғұрлым жақсы жаққа өзгереді.