Аяғы ауыр екенін білгеннен бастап әрбір әйел өзіне және дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына толық жауапты. Көңіл-күйдің тұрақсыз болуы, тағамға деген талғамның құбылуы – қалыпты жағдай. Ұмытшақтық та белең алады. Осындай келеңсіз тұстары көп болғанымен, жүктілік – әйел адам үшін ең бақытты шақтардың бірі. Дегенмен, бұл шақтың жауапкершілігі де орасан. Әрбір әйел ағза ерекшеліктеріне байланысты жүктілікті өзінше өткереді. Сондықтан, бала көтергенін білген сәттен бастап, болашақ ана жүктіліктің әрбір кезеңінің ерекшелігін біліп, соған сәйкес қажетті шараларды орындауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Жүктіліктің 12 аптасы несімен маңызды? 425 мыңды кім алады?
Жүктіліктің бірінші триместрі
Жүктілік үш триместрге бөліп қарастырылады. Триместр – "үштен бір бөлігі" деген мағынаны білдіреді. Сәйкесінше, бойға бала біткен мезеттен бастап, он екінші апта не алғашқы үш ай уақыт (бірінші триместр) – жүктіліктің ең маңызды кезеңі. Дәрігерлер сегізінші аптаға дейін баланы бала емес, "эмбрион" деп атайды.
- Тоғызыншы апта. Ұрықтың арқасы түзеліп, құйрығы кебе бастайды. Сөйтіп, баланың миы қарқынды дамиды.
- Онынша апта. Баланың сүт тістері қалыптаса бастайды. Ұрық бұл уақытта өзін соққы мен шайқалудан қорғайтын сыртқы қорғаныш сұйықтық қабықпен қоршалады.
- Он бірінші апта. Баланың жыныстық ерекшеліктері белгілі болады. Осы уақыттан бастап заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен іштегі сәбидің жынысын білуге алады. Сонымен қатар, ұрықтың көзінің түсі де анықталады.
- Он екінші апта. Болашақ нәрестенің іс жүзінде барлық ағза жүйесі қалыптасып болады. Бұдан кейінгі уақытта олар өсіп, дамиды.
Жүктіліктің екінші триместрі
Әйелдің іші шығып, аяғы ауыр екені сырт көзге анық байқалады. Баланың жынысын білуге аласыз. Токсикоз басылады.
- Он сегізінші апта. Баланың ортаңғы құлағының құрылысы жетілетіндіктен, бала сізді ести бастайды. Сондықтан баламен әңгімелесіп, оған арнап ән айта бастаған жөн.
- Он тоғызыншы апта. Бала өсіп және аяқ-қолдары айтарлықтай пропорционалды бола бастайды.
- Жиырма екінші апта. Нәресте қолдарын, аяқтарын, бетін сипап, саусағын сорады және аяқтарымен жатыр қабырғасынан итере бастайды.
- Жиырма төртінші апта. Сәби айтарлықтай үлкейіп, ет алады. Бұл уақытта ол денесімен жатырдың бүкіл аумағын иеленіп, бұрынғыға қарағанда қозғалу қиындай түседі. Ал екінші триместр соңына қарай, бала көзін аша алады.
Жүктіліктің үшінші триместрі
Үшінші триместр жиырма жетінші аптадан басталады. Бұл кезде ұрықтың дамуы әлі аяқталмағанымен, салмағы мың грамм болатын нәрестенің барлық негізгі органдары жұмыс істейді. Ол анасының жүрек соғысын, ішектің қозғалысын және кіндік арқылы өтетін қанның шуын танып, біледі. Міне, сондықтан нәресте дүниеге келгеннен кейін анасы оны кеудесіне басқан кезде тыныштанады. Себебі, бала өзіне таныс анасының жүрек соғысын бірден таниды.
Қырқыншы аптада босану мерзімі жақын қалғанда ұрықтың қозғалысы баяулайды. Ал баланың ішегі алғашқы нәжіске (үлкен дәрет) толып тұрады.
Түсік тастау және уақытынан бұрын босану
Жүктіліктің 22-аптасынан 37-аптасына дейінгі мерзімде баланың дүниеге келуі және салмағы 500 граммнан 2 500 граммға дейін, алл бойы 24-45 см аралығында боп дүниеге келуін – анасының ерте босануы деп атайды. Ерте босанудың белгілері:
- іштің және белдің сыздап ауыруы;
- қынапқа және тік ішекке қысым түсуі;
- зәр шығарудың жиілеуі;
- жыныстық жолдан алқызыл түстес қанның көрінуі.
Егер жүкті әйелде осы белгілер байқалса, тез арада дәрігерге қаралу қажет.
Оқи отырыңыз: Декреттік демалыс пен төлемдер қалай есептеледі?
Жүктіліктің жай-күйін қалай анықтауға болады?
Гинеколог дәрігер тест нәтижелерін растағаннан кейін, әйел үшін дәрігерге тұрақты түрде барып тұру қажет болады. Әр триместрдегі әртүрлі талдаулардан басқа, дәрігер іштің өлшемдерін алып, жүкті әйелдің салмағын өлшейді. Бір қызығы, бірінші триместрде әйел негізінен токсикоздан салмағын жоғалтады. Ал салмақ қосу тек екінші триместрден басталады. Іштің өсуі де төртінші айдан кейін біліне бастайды.
Бірінші биохимиялық скрининг жүктіліктің 10-13 апта аралығында жүргізіледі. Екіншісі 16-20 апта аралығында өтеді.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің талабы бойынша, аяғы ауыр әйелдер үш рет ультрадыбыстық скринингтен өтуі керек:
- алғашқы триместрде, яғни, жүктіліктің 10-12 аптасында;
- 19-20 апта аралығында;
- 32-34 апта аралығында.
Бұлардың ішіндегі маңыздысы – екінші триместрдегі ультрадыбыстық тексеру. Мұнда іштегі шарананың жағдайы, мүшелерінің қалыптасып дамуы 22 параметр бойынша тексеріледі. Егер баланың дамуында қандай да бір күрделі кемістігі барын тек ультрадысытық зерттеу ғана емес, басқа да мамандар нақтыласа, онда мәселе дәрігерлік кеңес беру комиссиясында қаралады. Бұдан кейін құрсақтағы баланың жағдайы туралы ата-анасына хабарлап, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіреді. Айта кетейік, жүктілік кезіндегі барлық зерттеулер мен сараптамалар ақысыз, яғни тегін жасалады.
Жүктілікке қатысты ырым-тыйым
Бойға бала біткенін білген күннен бастап жүкті әйел ұстануы тиіс ырым-тыйым да көбейеді. Мәселен, "Жерде жатқан таяқты аттама", "Түнде орамалсыз далаға шықпа", "Түйе етін, қоян етін жеме", "Шаш, тырнақ бояуға, шаш кесуге болмайды" деген тыйымдар бар.
Екіқабат әйелге көп дәрумен керек. Сондықтан ішінде шаранасы бар келіншектің тырнағы сынып, майысып, қолы күтімсіз болып көрінеді. Өз-өзін жақсы көретін әрбір әйел сыртқы келбетіне көбірек көңіл бөлуі керек.
Шаш пен тырнақ бояуының құрамындағы химиялық заттар анаға да, балаға да зиян. Сондықтан жүктілік кезінде әсіресе шашқа тиіспеген жөн.
Ал екіқабат кезде шаш қиюдың медицина тұрғысынан еш зияны жоқ делінеді. Бұл – ата-бабамыздан қалған тыйым. Жүктілік кезінде бала мен ананың күші шашқа жиналады деп сенген.