"Қазақтың "уайымдама" және "құдай қаласа" сөздері ұнайды". Америкалық Виктория Шарбону қалай Вика апа атанды?
Жақсылық жасап, айналаңа көмектесу үшін ұлт, тіл, дін, тіпті шекара да маңызды емес. Бұған 20 жылға жуық Қазақстанда қайырымды іс жасап, балалар үшін "Вика апа" атанған АҚШ азаматы Виктория Шарбону дәлел. Informburo.kz тілшісі жетім балаларға, жалғызбасты аналарға, мүгедек және мұқтаж балаларға көмектесетін Тараздағы "Қамқор жүрек" қорының негізін қалаушы, "Алтын жүрек" ұлттық сыйлығының иегерімен сұхбаттасты.
– Қазақстанға алғаш қашан, қандай мақсатпен келдіңіз?
– 2000 жылы қыркүйекте Тараздағы "Ұлан" балалар үйіне ағылшын тілін үйретуге делегациямен келдім. Қысқамерзімді сапар болды. Сол кезде балалардың басындағы жағдайды өз көзіммен көрдім. 2000 жылдары Қазақстанда адамдар үшін өмір сүру қиын еді...
Әрдайым балаларға көмек қолын созамын. АҚШ-та жүргенде екі баламды асырап алдым, қиын жағдайға тап болған қаншама баламен жұмыс істедім. Өмірге мен осы үшін келдім. Таразда балаларды жақын тани бастаған соң олардың болашағы жарқын болуы үшін көп нәрсе істегім келді.
– Адамдарға көмектесуге сізді не шабыттандырады?
– Бала кезімде, тіпті есейген кезде де маған және отбасыма көршілерім, басқа да адамдар көмегін аямады. Өмірімде мен ойлағаннан да мықты болуға жігерлендіретін ұстаздар жолықты. Солардың кейбірі қабілетімді көмекке мұқтаж жандарға бағыттай алатынымды айтты. Айналамнан қаншама жақсылық көргендіктен басқаларға жақсылық жасау менің де қолымнан келеді. Менің сенімім де жақсы көруге, өзім көп нәрсеге ие болғандай басқаларға көп нәрсе сыйлауға шабыттандырады.
– "Қамқор жүрек" қоры қашан құрылды? Балалар мен жалғызбасты аналарға қалай көмектесесіздер?
– Элизабет Турнок, Юлия Льдокова және мен "Қамқор жүректің" негізін қаладық. 2015 жылы қор құрылып, ресми түрде тіркелді. Сол кезде қазір орналасқан орынды сатып алдық. Кішкене бастамамыз Құдай жарылқап айтарлықтай деңгейге жетті.
Күндізгі бағдарламада 88 астам бала, ал осында тұру бағдарламасымен 26 бала қамтылды. Тігін бөлімі күніне 150 астам адамды асырап отырған аналарды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен бірге аналарды мұғалім ретінде, асүйге және үй жинауға жұмысқа аламыз. Жалпы 65 адамның күн көруіне жағдай жасап отырмыз.
Қор құрылғалы жалпы 370 жуық анаға, 650 балаға көмектестік және 400 астам адамға тренингтер өткіздік. Жалғызбасты аналарға, балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдерге, мүгедек балаларға қол ұшын созамыз. Аналарға үй шаруасына көмектесеміз, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етеміз, құжат жағынан көмектесеміз. Бұдан басқа да көмек түрлері бар.
– Қорды кім қаржыландырады? Жергілікті билік, үкімет қолдау көрсете ме?
– Бізді Қазақстан, АҚШ, Еуропа, Канададағы демеушілер қолдайды. Жеке адамдар қолынан келген көмегін аямайды. Мұндағы жұмыстың бәрін толығымен қаржыландыратын ірі ұйым жоқ. Үкіметтен қаржылай қолдау алған жоқпыз, бірақ әкімдікпен қарым-қатынасымыз жақсы.
– 2019 жылы құжатта кеткен қатеге бола Қазақстаннан кетуге мәжбүр болдыңыз. Іс қалай шешілді? Тұруға ықтиярхат алдыңыз ба?
– Иә, 2019 жылы мені депортациялап, Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салды. Бағыма орай, көптеген қазақстандық мені қорғап, қолдады. Құдай да қарасты. Адвокат Жангелді Сүлейменов бұл іспен тегін айналысты және істі Жоғарғы сотқа берді. Жоғарғы соттың әділ судьялары Тараздағы төменгі соттың шешімін жоққа шығарып, елге келуіме рұқсат етті. Тараздағы сот істі қарағаннан кейін тұрақты тұруға ықтиярхатымды қайтарды. Иә, қазір тұруға ықтиярхатым бар.
– Қазақстанға оралмауым мүмкін деген қорқыныш болмады ма? Осы оқиғаны қалай қабылдадыңыз?
– Осы жағдайға тап болғанда Құдайдың маған, осындағы барша ана мен балаға деген жақсы жоспары дайын тұрған шығар деп сендім. Аздап қиын тисе де, шынында бұл оқиға біз үшін жақсы болды. Қазақстанда қолдаушыларымыз көбейді. Бәрі осылай болғанына алғыс айтамын. Қандай жағдай болса да, біз бәріне негатив қарай аламыз немесе қолда барға алғыс айтып, болған жағдайдың тегіннен-тегін болмағанын түсінеміз. Алғыс айтуды, ризашылық етуді таңдаймын және Құдайдың жақсы жоспары барына сенемін.
– Балалардың болашағы жарқын болуы үшін оларға не қажет? Үлкендер балаларға не бере алуға тиіс?
– Балаларға махаббат, тұрақтылық қажет, құнарлы тамақ керек. Өмірде табысты азамат болуы үшін қажеттің бәрін үйрететін және олар үшін нені болсын құрбан етуге дайын ересектер қажет. Қабілеттерін ашуға, талантын табуға көмектесіп, жігерлендіру керек. Балаларға мақсатқа жету үшін еңбек етудің, өмір бойы оқып-үйренудің бағасы қандай екенін түсіндіру, мейірімді, елгезек және басқаларға пайдалы болуды үйрету қажет. Ең бастысы – балаға отбасы қажет.
– Таразға екі балаңызбен де келдіңіз. Сіз Қазақстанда, ал олар АҚШ-та қалуды ұйғарды. Жақындарыңнан ұзап, әлемнің екі бөлігінде өмір сүру шешімін қабылдау қиын болмады ма? Балаларыңыз қазір немен айналысады?
– Балаларым 2002 жылы Қазақстанға менімен бірге келді. Ол кезде біреуі – 12-де, енді бірі 14-те болды. 2009 жылға дейін Қазақстанға көшпедім. Оған дейін жылына бір рет екі аптаға келіп жүрдім. Осында қоныс аударғанда ұлым бөлек шықты. Ал қызым әскери-теңіз флотына қабылданып, Жапонияға көшті. Ол кезде олар ересек еді. Қазір отыздан асты, өз отбасылары бар. АҚШ-қа жылына бір рет барғанда көрісеміз және онлайн жиі сөйлесіп тұрамыз. Бұл шешім қиын болса да, балаларым әрдайым қолдайды.
– Қазақстан сізді несімен баурап алды? Қазақтарды не үшін жақсы көресіз?
– Қазақстан – менің екінші үйім. Қазақстанның тарихы өте бай. Бір-біріне ұқсамайтын адамдар, әртүрлі мәдениет, стилі және тамағы Қазақстанды шетелдіктер үшін қайталанбас қызықты ел етеді. Кең байтақ дала мен әсем табиғат ғажап елді зерттеуге шабыт береді. Қазақстандықтар көптеген салада өте талантты, қабілетті. Шетелдіктер үшін қауіпсіз ел деп ойлаймын. Адамдардың көпшілігі жомарт, мейірімді және шетелдіктерге осындай әсем елде жол сілтеуге дайын тұрады.
– Қазақша білесіз бе?
– Иә, аздап қазақша сөйлеймін. Кішкентай бала секілді (күлді). Әдемі тілді жетік меңгермегенім өкінішті. Тіл үйренуге деген қабілетім жоқ. Қазақшам жақсы болмаса да, бәрі маған сабырмен, мейіріммен қарайды.
– Балалар сізді "Вика апа" деп атайды екен...
– Балалардың мені "Апа" не "Вика апа" деп атағанын жақсы көремін. Кейін мені еске түсіре алмаса да, "Апаның" оларды қатты жақсы көргенін есте сақтайды деп ойлаймын. Олардың ерекше болғанын және адамдар жақсы көргенін ұмытпаса деймін.
– Қазақтың қандай сөзі ұнайды?
– Қазақтың "уайымдама" және "құдай қаласа" деген сөздер ұнайды. Қазақтардың қонақты қарсы алып, үйде шай беретін дәстүрін жақсы көремін.
– Балалармен қоса, жалғызбасты аналармен жұмыс істейсіздер. Өз бағасын көтеруге қалай көмектесесіздер?
– Кіммен жұмыс істесең де, онымен танысуға, бастан өткерген оқиғасын, арман-үмітін, жан жарасын тыңдауға уақыт табу керек. Аналарымыздың жүрегі жараланған, жарақат алып, адамдарға сенбейтін жағдайға жеткен. Сол себепті мұны еңсеруге уақыт қажет.
Мұнда біз әртүрлі тақырыпта аналарға арнап тренингтер өткіземіз: бюджет жасаудан бастап, балаларды тәрбиелеу, ата-ана болу, математика негіздері, жазу, сондай-ақ, сезімдерді танып білу және өз бағаңды көтеру жайлы. Сондай-ақ, аналарға жұмыс істеу мен өмірде дұрыс таңдау жасауды үйрену өте маңызды. Кешке үйінде болатындай күндіз жасауға болатын жұмыс ұсынуға тырысамыз. Ал демалыс күндерін балаларымен бірге өткізгені жөн. Бірақ мұның бәріне уақыт керек, себебі аналар отбасында қиындық, зәбір көргендіктен өмірінде пайда болған жаңа адамдарға сенуі қиын.
– Сіз басқалардан "адамдарға көмектесуге не мотивация береді?" деп жиі сұрайсыз. Бұл сұрақты сізге қойғым келіп тұр: адамдарға көмектесуге не мотивация береді?
– Мотивация – адамдардың қарым-қабілетіне сенемін. Сенім артқан адамдар маған көп нәрсе берді. Ең маңыздысы – ұстаздық, қабілетім мен таланттарыма сенген адамдардың қамқорлығы. Қоғамға сенемін, бірлесіп жұмыс істегенде нәтижеге жетуге болады деп білемін. Адамзаттың ортақ мүддесі үшін бірге жұмыс істей алатын әртүрлі көзқараспен санаса білетін, бір-бірін құрметтейтін адамдар қажет.
Құдайға деген сенімім, оның мені қатты жақсы көретіні және қамқор болатыны маған мотивация береді. Басқаларға жақсылық жасау үшін Құдай маған көп нәрсе сыйлады.
(Фотосуреттер Виктория Шарбонудың рұқсатымен Facebook парақшасынан алынды)