Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздікке айыпты деп танылған "Йакын Инкар". Бұл экстремистік ұйым туралы не белгілі?
ҚР Бас прокуратурасы 2018 жылы "Йакын Инкарды" экстремистік ұйым деп таныған.26 қаңтарда "Хабар" телеарнасы "Қасіретті қаңтар: оқиға қалай өрбіді?" атты деректі фильм көрсетті. Онда 1-8 қаңтар аралығында Алматы мен басқа да өңірлерде болған оқиғалар баяндалады. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар арасында "Йакын Инкар" радикалды ағым өкілдері бар. Деректі фильмде тыйым салынған ұйымның бірнеше жақтастары ұсталғаны айтылады. Олардан қару-жарақ, граната, оқ-дәрі, діни әдебиеттер тәркіленген. Informburo.kz "Йакын Инкар" қандай ұйым және өкілдерінің белгілері қандай деген сұрақтарға жауап іздеді.
"Таблиғи Жамағаттың" жалғасы..."
Бас прокуратура 2018 жылы "Йакын Инкарды" экстремистік ұйым деп таныған. "Йакын Инкар" Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" экстремистік ұйымының негізінде құрылған. Ал "Таблиғи Жамағат" 2013 жылғы 26 ақпанда халықаралық экстремистік ұйым деп танылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, "Йакын Инкар" ұйымның шынайы мақсаты – жекелеген мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан аумағында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, егемендікті бұзуды болжайтын "халифат" құру.
Аталған ұйымның ұстанушылары қақтығысқа алып келу мүмкіндігін біле тұра өзге діндерді жоққа шығарады. Ал бұл әрекеттер діни экстремизм ұғымының белгілеріне сай келеді.
"Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының 2018 жылғы 10 сәуірдегі үкімімен "Йакын Инкар" мүшесі болған Қазақстанның жекелеген тұлғалары ел аумағында экстремистік әрекет жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған. Қылмыстық істер шеңберінде осы ұйым мүшелерінің Қазақстан аумағында топтар құрмақ болғаны анықталған", – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
2018 жылы Астана қаласының прокуратурасы "Йакын Инкар" ұйымын экстремистік деп тану туралы арызбен жүгінген. Есіл аудандық сотының 10 қазандағы шешімімен ұйым экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында, соның ішінде ақпараттық материалдар, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілері, мессенджерлер және бейнехостингтер арқылы таратуға тыйым салынды.
Бас прокуратура сот шешімінен кейін "Йакын Инкар" экстремистік ұйымының әрекетіне қатысқандар және оларды қаржыландырғандар Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
- "Қатысу" әрекеті – "Йакын Инкар" ұйымының идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату;
- "Қаржыландыру" – "Йакын Инкар" ұйымына ақшаны, өзге де мүлікті беру немесе жинау, сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық жасау, спонсорлық және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсету.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин: Қаңтар оқиғаларына біржақты "террорлық шабуыл" деген баға берілуі керек
Ұйым жайлы ҚМДБ не дейді?
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл "Йакын Инкар" ұйымына қатысты пікір білдірді.
"Йакын Инкар" деген ұйым негізі Қырғызстан жерінде пайда болған, сол жерде тараған. Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған "Таблиғи Жамағаттан" кейіннен бөлініп шыққан. Ал Қырғызстанда "Таблиғи Жамағатқа" рұқсат береді, экстремистік ұйым деп танымайды. Бірақ "Таблиғи Жамағаттан" бөлініп шыққан немесе өзінің ұстанымы, көзқарасы қалыптасқан бір топ жамағат – "Йакын Инкарға" қатысты экстремистік топ деп заң шығарған", – деді ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
Оның сөзінше, ҚМДБ "Йакын Инкар" мен "Таблиғи Жамағатты" бөліп жармайды. Бәрін "Таблиғи Жамағатқа" салады, бір қалыпта көреді.
"Бұлар, яғни "Йакын Инкар" дүние істерінің бәрінен бас тартады, тіпті емделмейді, көлікке де мінбейді. Инкар деген сөз "бас тарту" деген мағынаны білдіреді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) кезінде қалай жүрсе солай жүру кере деп есептейді. Қырғызстанда өздері былай түсіндіреді: "Пайғамбарамыз кезінде мешіттің қасында түнейтін, садақа мен әкелген тамақты ғана жейтін Асхабус-Суффа деген кісілер болған. Олар еңбектеніп, жұмыс істеп, дүние табуға әрекет етпейді. Ал "Йакын Инкар" өкілдері өздерін соларға ұқсатады. "Таблиғи Жамағат" сәл қимылдайды, ал бұлар тіпті әрекет етпейді, еңбектенбейді. "Жатыпішер" деген сөз бар, ал бұл қоғамға зиян", – дейді Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі.
Хасан Аманқұлдың сөзінше, олардың сыртқы келбеті де өзгеше: сақалы ғана емес, шашы да ұзын, алба-жұлба, үстіне кигені бұрынғы Пәкістан киіміне келеді.
"Олардың халифат, яғни бөлек мемлекет құрамыз деуінің астарында қазіргі жұмыс істеп жатқан мемлекеттің дәстүріне, заңына, Конституциясына қайшы деген ұстаным жатыр. Жат ағымдардың мақсаты – бөлек ел болу. Өзге діндерді жоққа шығарады. Өзінікін дұрыс, басқаныкін қате дейді", – деді ҚМДБ өкілі.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан екі экстремистік топ құрықталды
Қырғызстанда ұйым жетекшісі ұсталды
"Йакын Инкар" ұйымы 1926 жылы Үндістанда пайда болған. 2017 жылы "Йакын Инкар" ұйымы Қырғызстанда экстремистік деп танылған.
2016 жылы танымал қырғыз теологы, дін мәселелері бойынша сарапшы бұл діни ағым шамамен Ыстықкөл облысында 2010-жылдары пайда болған. Қашан және қайда құрылғаны нақты белгісіз. "Йакын Инкар" рухани қызметті реттейтін заңдарды мойындамайды, соған сай ешқайда ресми тіркелмеген. Қазақстандық дінтанушы Бағдат Бейсенов бұл ұйымға қатысты 2018 жылы былай деп жазған:
"Ұйым мүшелері ғылыми-техникалық жетістіктерді және зайырлы билікті мойындамайды. Олардың арманы – орта ғасырлық заманға, яғни шариғат заңымен өмір сүруге оралу. Ұйым мүшелерінің көбі ауылдан шыққан жұмыссыз жастар. Олардың сыртқы түр-келбеті – шашы және сақалы ұзын, пәкістандық үлгідегі киім киеді. "Йакын Инкар" тобы Ыстықкөл, Шу, Нарын, Баткен, Ош, Жалал-абад облыстарында таралған", – деген дінтанушы.
2017 жылы қарашада Қырғызстанда Чу облысы Беловодск ауылындағы мешітте 47 жастағы діни экстремистік ұйымның жетекшісі ұсталды. "Йакын Инкар" өкілдерінің кезектен тыс съезіне барлық облыстан делегаттар жиналған.
Ол Үндістан мен Бангладешке әртүрлі діни қозғалыстардың көшбасшылары мен өкілдері бас қосатын жыл сайынғы жиындарға қатысу үшін 20 рет барған. Ол әуелі "Таблиғи Жамағат" тобының ықпалына түсіп, 2003 жылдан бері урду тілінен экстремистік мазмұндағы бірнеше кітапты қырғыз және орыс тіліне аудара бастаған. Осылайша 20 астам кітапты аударған. Ол Қырғыз мұсылмандары діни басқармасы өкілдеріне айып тағып келген. Танымал бола түсіп, Қырғызстанда "Йакын Инкар" ұйымының негізін қалаған. Екі әйелі, 12 баласы бар. Ұйымның радикалды көзқарасына сәйкес, балаларының мектепке баруына түбегейлі тыйым салған. Сонымен қатар, экстремист өз отбасымен бірге әлеуметтік, медициналық көмектен де бас тартқан. Есепте тұрмайды, екпе жасалмаған.
"Йакын Инкар" жетекшісіне қатысты "Ұлтаралық, нәсілдік, діни немесе аймақаралық алауыздық тудыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.