Дамира Қанаева – "Болашақ" бағдарламасының түлегі, Назарбаев университетінің профессоры. Ол қатерлi iсiк пен туберкулез диагнозын бастапқы кезеңде дәл анықтауға мүмкiндiк беретiн оптикалық биосенсор ойлап тапты. Бұл құрылғы дертті анықтау уақытын бірнеше күн не сағаттан отыз минутқа дейін қысқартады. Салыстыру үшін: консервативті диагностика бірнеше күнге созылады. 

Профессор, микробиолог Дамира Қанаева Informburo тілшісіне "Болашақ" бағдарламасы бойынша докторантурада білім алу мен ғылыми жаңалығы туралы әңгімеледі.

Дамира Қанаева. Фото Назарбаев университетінің сайтынан алынды

"Болашақ" докторантурасы

Менің әкем Әшімхан Қанаев – микробиология саласына біршама үлес қосқан ғалым. Бұл саланы таңдауыма әкемнің еңбек жолын жалғағым келгені сеп болған болар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавр, магистр дәрежесін алғаннан кейін докорантурада білім алуға ниеттендім. Сол кезде "Болашақ" бағдарламасымен студенттерді PhD оқуға шетелге енді жібере бастаған. Грант маған да бұйырып, "Болашақ" стипендиаты атандым, АҚШ-та білім алдым. 

Қазір шетел университетінен шақырту алу қиын емес, интернет бар. Ал 2005 жылдары Қазақстанға интернет желісі енді келіп жатқан. Қандай профессорлар бар екенін онлайн қарадым да, бағдарлама директорына хат жаздым. Ол "зертханаларыңызда орын болса, мені аласыздар ма?" деген хатымды профессорларына жіберді. Шақырту алу үшін бірінші мамандануды, мысалы оған дейін микробиологияны оқысам Қазақстанға қандай пайдалы зерттеу жасай аламын, қайтып келгенде үйренгенімді қай жерде қолдана аламын деп ойлану керек. Қай сала болмасын журналдарда, форумдарда профессорлар командасына қандай адам керек екені жазылады. Бәрін қарап шыққаннан кейін бірнеше профессорға хабарласу керек. Профессордың бүкіл портфолиосын, мақалалары мен еңбектерін оқып шығып, профессор көтерген тақырыпта бірге жұмыс істегіңіз келетінін айтып, зертханада ашық позицияға орналасу үшін не істеу керек екенін сұрау қажет. Өйткені, бәсеке өте жоғары. 

Мен оқыған бағдарламаға жыл сайын көптеген елдің студенті тапсырады. Ал департамент 2 студентке ғана демеушілік жасай алады. Мысалы, микробиологияға келіп түскен 200 өтінімнің ішінде менікі 199-орында тұрған. Сондықтан профессорға "осындай жұмыстар істедім, мақалаларым бар, бағдаралмаға аласыз ба?" деп жаздым. Профессор "Болашақ" оқу ақысын төлеп жатқанын, стипендия беретінін айтатын. Алайда тәжірибе жасау үшін қымбат реагенттер қажет. Соны студент грант ақшасына сатып алады. Зерттеу жасау үшін бәрібір дпрофессордан қаржылай көмек керек. Сол себепті тізімде бірінші тұру үшін профессордың өзіне жазған жөн. Ол әкімшілікке келіп кандидатты ұсынып, құжаттары дұрыс болса, докторантураға зертханаға алатынын айтады.


Оқи отырыңыз: "Болашақпен" енді Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африкада білім алуға болады


Қатерлі ісік пен туберкулезді ерте анықтау әдісі

Жасушалар биологиясы саласында докторантура бітіргенде профессорымның зертханасы биосенсорлармен шұғылданды. Сол кезде диссертация тақырыбым патогенді бактерияларды ерте анықтау туралы болды. Бактерия көбейе береді, асқазанға жеткенге дейін миллиардтаған бактерияға айналады. Оларды анықтау туралы тақырыпқа университет тарапынан қызығушылық болмады. Инфекциялық аурулар жайлы зерттесем өте өзекті екен. Туберкулез Қазақстанда ауқымды мәселе. Назарбаев Университетінің зертханасында осы тақырыппен жұмыс істейтін студенттер бар. Туберкулездік диагностикалық зертханалар бірнеше сағатта анықтайды. ПТР әдісін қолдануға болады. Бактериологиялық егу әдісі бойынша нәтижені 56 күн күту керек. Ал микроскопия әдісімен анықтау лаборанттың тәжірибесіне байланысты және дәл нәтиже бермейді. Біз зертханада биосенсорлармен жұмыс істейміз. Автометрлерді іріктеп алдық. Мұны антидене орнына қолдануға болады. ДНҚ тізбекшелерінен тұрады және кез келген жерде отырып синтез жасай аламыз. Ал басқа жердегі антиденелерді алып келуге тура келеді.

Бір-екі жыл бұрын елордадағы туберкулез диспансерімен бірігіп, клиникалық үлгілерге анализ жасағанда мұны өте сезімтал әдістердің бірі деп шештік. Биосенсор компьютерге қосылады. Электродтар бар. Автометрлер микробактериядан туберкулезді анықтайды. Жарты сағаттың ішінде детекция жасай алады. Сілекей, қан секілді биоматериалдар қолданылады. Туберкулезді қан арқылы анықтауға болады, өйткені қанның құрамында биомаркерлер бар.


Оқи отырыңыз: PhD докторанттар енді дисстертация жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады


Ауруды бастапқы кезеңде анықтау уақыт үнемдейді. Пациент диагнозын күтіп жүргенде бірнеше күнде нашарлап кетуі мүмкін. Диагноз қою үшін уақытты өткізіп алмау қажет. Биосенсорға көп материал, шығын кетпейді, өйткені реагенттер саны аз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейін туберкулезді жоямыз деп жоспарлап жатыр. Оптикалық биосенсор соған қосқан кішкене үлесіміз деп ойлаймын. Жоба ғылыми айналымға түсті, патент алдық. Енді өндіріске қосу үшін демеушілік жасайтын компаниялар табу керек.


Дамира Қанаева жетекшілік еткен Биология кафедрасының студенттері iGEM (Халықаралық генетикалық инженерлік машина) биология бойынша әлемдік синтетикалық байқауда қола (2014) және күміс (2015) медальдарымен марапатталды. Қысқа мерзім ішінде доктор Қанаева және оның әріптестері әртүрлі салалардағы көптеген жарқын зерттеушілердің лабораториясына айналған, әлеуетті әлеуетті ғылыми-зерттеу орталығы, Пәнаралық аспаптық орталық құрды. Ол Америка микробиология қоғамы, Халықаралық оптика және фотоника қоғамы және Phi Kappa Phi (АҚШ) сияқты құрметті ұйымдардың мүшесі. Қазіргі уақытта профессор Дамира Қанаева НУ биология, ғылым және технологиялар мектебінің доценті.