Көпбалалы отбасылар кімдер? "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 1-бабы бойынша көпбалалы отбасылардың тізіміне кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар (оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар) отбасылар кіреді.

Көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған. Оның ішінде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту шаралары, салық салу жеңілдіктері бар.

Бүгінде әлеуметтік көмек отбасылардың келесі 5 санаты бойынша беріледі:

  •  бір жасқа дейінгі баласы бар аналар мен отбасылар;
  •  көпбалалы отбасылар;
  •  мүгедек баласы бар отбасылар;
  •  аз қамтылған отбасылар;
  •  асыраушысынан айырылған және бала асырап не қамқорына алған отбасылар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған 440 мыңға жуық отбасы бар.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала санына қарай жәрдемақы төлеу бала туу көрсеткішіне қалай әсер етті?


Алтын алқа

"Алтын алқа" жетінші сәби бір жасқа толған кезде және алты баласы тірі болған жағдайда ғана беріледі.

Сондай-ақ, егер олардың бірі Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ аталған жағдаяттар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалар есепке алынады.

Күміс алқа

Алты баласы бар аналарға "Күміс алқа" беріледі. Заң бойынша, оларға мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

  •  көлік және жер салығынан;
  •  мекен-жайын тіркеу, төлқұжат және жеке бас куәлігін беру кезінде нотариаттық және заңдық маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждардан босатылады.

Тегін дәрі-дәрмек

"Алтын алқа", "Күміс алқа" иерлеріне тегін дәрі-дәрмек төмендегі аурулар анықталған жағдайда беріледі:

  • Жүректің ишемиялық аурулары;
  • Артериялық гипертензия;
  • Созылмалы жүрек жетіспеушілігі, оның ішінде дилатациялы кардиомиопатия;
  • Асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы;
  • Остеоартроз.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы


Әлеуметтік пакет

2021 жылдан бастап табысы аз және көпбалалы отбасылардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетте балалардың тамақтануы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар.

Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Көпбалалы ана куәлігі мектеп формасын алуға, түрлі үйірмелерге тегін қатысуға, балабақшаға баратын баласы болса, ақысынан 50 пайыз жеңілдік жасауға, көпбалалы аналарға қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік береді.

Балабақшаға кезегі

Балабақшаға есепке алынғанда көпбалалы отбасының балаларына орын бірінші беріледі. О үшін кезекке міндетті түрде тұру керек. Кезекте тұрған үшінші баладан кейін жеңілдігі бар балаларға жолдама беріледі. 

  • жеңілдігі бар кезекке тұру үшін, көпбалалыларға төмендегі құжаттардың көшірмесін бірге жолдау керек:
  • көпбалалы ананың куәлігі;
  • барлық балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесі;
  • ата-анасының біреуінің жеке куәлігінің көшірмесі.

Сондай ақ аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау да көзделген.


Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға баспана берумен мәселе шешіле ме?


Қосымша қолдау шаралары

Жергілікті бюджет есебінен аймақтардағы әкімдіктер көпбалалы отбасыларға түрлі қолдау шараларын көрсетеді:

  • коммуналдық төлемдерді төлеу;
  • көмір түсіріп беру;
  • қоғамдық көліктерде тегін жүру;
  • көпбалалы отбасылардың балаларын мектепте тегін тамақтандыру.
  • көпбалалы аналар зейнетке ерте шығады.

"Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" ҚР заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер зейнетке мерзімінен бұрын шығады.

Тұрғын үй жеңілдігі

Көпбалалы отбасылар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына жатады және тұрғын үй кезегіне есепке тұруға құқылы. Оларға баспана басқа үміткерлер сияқты алу шартымен беріледі.

"ҚР мемлекеттік наградалары туралы" заңының 36-бабына сәйкес, "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 118-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары берiлген адамдар заңда белгiленген тәртiппен тұрғын үй алуға құқылы. Яғни, жеті және одан да көп бала туған көпбалалы аналар, "Алтын алқа" иегерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана ала алады.


Оқи отырыңыз: Декреттік демалыс пен төлемдер қалай есептеледі?


Атаулы әлеуметтік көмек

Бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. АӘК әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға төленеді. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. АӘК мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ның арасындағы айырманы құрайды.

Мемлекеттік органдар мұқтаж адамдарға тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, қол көмегі тұрғысынан да жәрдем береді. Мысалы, газ жүргізіп, су есептеуіштерін орнатады, теледидар тіркемесін алып береді және емделуге жолдайды.

Коммуналдық төлемдерге жеңілдік

Әлеуметтік қолдау шараларының бірі – отбасыларға коммуналдық қызметтерді (жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету) төлеуге берілетін тұрғын үй көмегі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында газ жабдықтарын жүргізу және орнату шығындарын өтеу жүргізіледі. Оны алуға жан басына шаққандағы орташа табысына байланысты атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін алушылар, көп балалы отбасылар, 1, 2, 3 топтағы мүгедектері бар отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, зейнеткерлер құқылы.

Сондай-ақ елімізде көптеген ойын-сауық орындары мен мәдениет ошақтарында, спорт кешендерінде көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер ұсынады. Бұл жеңілдіктер көпбалалы ана екеніңізді растайтын көк кітапшаңызды көрсеткеннен кейін ұсынылатынын еске саламыз.