Қамқорлық, мейірбандық, бауырмалдық – көп балалы үйдің балаларына тән қасиет. Ата-анасы материалдық қиындыққа қарамастан, әр баласына дұрыс тәрбие беріп, жақсы білім алуына жағдай жасауға тырысады. Өйткені үйелмелі-сүйелмелі өскен балалар бірінің қуанышын бөлісіп, басқа түскен қайғысына сүйеу бола біледі.
Ал соңғы қайғылы оқиға көп балалы отбасылардың жанына батты. Бір жанұядағы бес баланың тірідей жалдамалы үйде жанып кетуі әлеуметтік теңсіздік салдарынан орын алған еді. Өйткені ата-анасы балаларын қараусыз қалдырып, түнгі ауысымға жұмысқа кетуге мәжбүр болды.
Бұл оқиға үлкен қала маңын жағалап, күн көріп жүрген көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайының өте нашар екенін көрсетті. Төленетін мардымсыз жәрдемақы жыртыққа жамау болмайды, балаларды қамтамасыз етуге жетпейді.
Осы сияқты соңғы кездері қоғамда қалыптасқан кейбір жағдайлар аналардың баспана сұрап, көшеге шығуына түрткі болды.
Алайда саясаттанушы Дос Көшім баспана берілгенмен басқа да қордаланып қалған мәселелер шешімін таба қоймайды дейді.
– Қазақстанда әлеуметтік мәселелер осы күнге дейін шешімін тапқан емес. Бұл мәселенің әлі де шешімін табатынына күмәнмен қараймын.
Рас, қазақ әйелдері қиыншылыққа ешқашан мойыған емес. Қазақ қоғамында әйелдер баланы көпсінбейді. Өйткені бала – ата-ананың мақтанышы. Өздері жалдамалы пәтерде тұрса да, балаларына дұрыс тәлім-тәрбие білім беруге тырысады. Спорттық секцияларға қатыстырады. Көптеген белгілі тұлғалар, спортшылар көп балалы отбасылардан шықанын жақсы білеміз.
Бірақ қазір қоғам бай, кедей деп екіге бөліне бастады. Бұл әлеуметтік теңсіздікке алып келді. Ауылда жұмыс болмағандықтан көптеген отбасылар қала жағалап, нан табуға мәжбүр, – дейді саясаттанушы.
Қазақстанда экономика бірінші орынға қойылған
– Кез келген қоғамда бірінші әлеуметтік жағдайды шешуді қарастырады. Ал бізде экономика деген бірінші орынға қойылған. Керемет сарайларды халықтың әлеуметтік жағдайына қарап салу керек. Сосын алтыннан аптап салса да өздері біледі. Халық бұрын барлығы өкіметтің ақшасына салынады деп үндемей келсе, енді сол зәулім сарай, шенеуніктер мінген қымбат көліктердің барлығының халықтың ақшасына алынғанын түсінді.
Астанадағы оқиғадан кейін аналардың баспана сұрап көшеге шығуын қоғамда шешімін таппаған әлеуметтік мәселелердің бірі деп қарастыру керек. Өйткені, бүгін аналар жағдайын айтып көтерілсе, ертең басқа әлеуметтік әлсіз топтар бар. Одан кейін оралмандар мәселесі, қазақ тілінің мүшкіл халі сияқты мәселелер күн тәртібіне шыға береді. Сондықтан билікке бұл мәселені кешенді түрде қарастырып, шешу керек, – дейді Дос Көшім.
Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?
Әйелдің статусы бала санымен айқындалған
Этнограф Аманжол Қалыш қазақ отбасыларында қалыптасқан дәстүрге сай әйелдің статусы бала санымен айқындалған дейді. Ол ауыл ішінде көп құрсақ көтерген әйелге әрқашан құрметпен қарайды.
– "Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, Екі баласы бардың болар-болмас халі бар, Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар, Бес баласы бардың ешкімге дес бермейтін жөні бар" деген. Осы сөз қазақ ұрпағының өсіп-өркендеуіне не үшін мүдделі болғанын айқындап тұр.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесінде үлкенге басымдық берген. Өйткені алдыңғы арбаның дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы арбаның дөңгелегі солай жүреді. Сондықтан үйдің үлкені шаруаға жарайтын жасқа жеткен кезде артынан ерген іні-қарындастарына қамқор болуды үйренеді. Бұл – қазақ отбасы үшін қалыпты жағдай.
Көп балалы отбасында әр баланың өзіндік орны бар. Бірі су тасыса, бірі малға қарайды, бірі үй шараусына көмектеседі,яғни, әр бала жастайынан еңбекке үйренеді. Еңбек арқылы бір-біріне үлгі болады әрі жауапкершілікті сезіне бастайды.
Дәл қазіргі кезде көп балалы отбасына қарасаңыз, әркім өз бетінше шаңырақ құрып кетсе де, үлкенінің алдынан кесе көлденең өтпейді. Қандай да бір үлкен шаруаны бастар кезде алдымен үйдің үлкенімен кеңеседі, яғни, үлкен-кіші өзінің бала кезден бойына сіңірген қасиеті мен отбасындағы орнынан сақтап қалады. Балаларын да сол дәстүрмен тәрбиелейді.
Қалада тұрып жатқан қазақ отбасыларының басым бөлігі артынан ерген бауырларымен бірге тұрады. Соларға қолынан келген көмегін көрсетіп жүр. Қазақта "бір табақ тамағыңды иттің итақайына да бересің" деген сөз бар. Отбасыңа келіп қосылған адамға таршылық көрсетпе дегені.
Мысалы, ауылды жерде, әсіресе оңтүстік өңірінің қазақтарына тән қасиет – жетім өскен балаларға көмек беріп жатады. Бірі тамағын, артылған киімін әкеліп жетімдігін көрсетпеуге тырысады. Тіпті кейбір спортқа бейімі бар балаларды жаттықтырушысы үйіне де тұрғызады, – дейді этнограф.
Жаңа түскен келіннің төсегін көп балалы анаға салдырған
– Қазақ дәстүрінде жаңа түскен келіннің төсегін көп балалы анаға салдыру әдеті бар. Ондағы мақсат келіні де көп ұрпақ сүйдірсін дегені. Ал бала тумаған әйелді жас келіннің төсегіне отырғызбаған. Өйткені, қазіргі кезде де ата-енелер отбасында ең кемінде үш-төрт баланың болғанын қалайды. Қазақ ұлдан тараған ұрпағын бағып-қағуды өздерінің міндеті санайды. Қазақта "бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті" деген мақал осыдан қалған.
Көшпелі кезеңде көп баланың болуы жаугершілік заманда ұрпағының жойылып кетпеуінің бір амалы болған. Мақаш Тәтіміов жоңғарлармен соғыс кезінде 1 миллион қазақ қырылған деген дерек келтірген. Соғыс, жаугершілік заманда ата-абаларымыз елді осылай сақтап қалған.
Тағы бір айта кететін жайт, жазғы жайлауда, қыста қыстауда отырған ел үшін халқының саны неғұрлым көп болса, соғұрлым олар иеленетін жер де үлкен болған, яғни, халықтың беделі, күштілігі санымен айқындалған. Бұны ұлттық код деуге болады. Өйткені ертеңгі күні елге, жерге ие болатын адам керек.
Ұл бала ұрпақ жалғасы
– Бала көп болғанын қалайтын аналар – көбіне өздері де үлкен отбасынан шыққан жандар. Олар оның маңыздылығын жақсы түсінеді. Балаларының жалғыз өскенін, есейгенде жалғыз қалғанын қаламайды.
Ал, қазақ ұл баланы ұрпақ жалғасы, шаңырақтың иесі деп білген. Ұлдан туған бала немере болса, қыздан туған бала жиен деп қарайды. Қызының қолына барып тұру ұят саналған. Қыздан өзге баласы болмаған жағдайда ғана бірге тұруға мәжбүр болған. Жалпы күйеу баланы сыйлаған қазақ оған кіріптар болу ұят санайды, – дейді Аманжол Қалыш.
Оқи отырыңыз: Күшік күйеу деп кімдерді айтқан?
Аштық пен көп бала
Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша "...әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 млн 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды. Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды" дейді. Тарихшылар аштық жылдары отбасында дүниеге келген он баланың бір-екеуі ғана тірі қалуы ұлт болып сақталып қалуына негіз болды дейді.
Мәселен көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтың балалық шағы аштық жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Анасы туралы жазылған естелігінде Мекемтас аға: "...Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң, түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім... Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем. Біз – атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі cоғыста өліп, бірі "халық жауы" боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер, соның он жетісі де тірі болғанда бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үйдің бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде "сол кезде қасқырға қызымды тастағанша, сені бермеппін..." дегені бар" дейді.
Баланы барым деп бағалайтын қазақ ұлты ашаршылық пен соғыс жылдарында бала санына шектеу қоймаған. Қазіргі таңда урбанизация ықпалымен қалаға көшкенмен, көп бала туу менталитетін сақтап қалған. Өйткені ел мен жердің иесі – келешек ұрпақ.
Нью Йоркте салық тікелей мұқтаж жанға төленеді
Нью Йоркте тұратын фейсбук қолданушысы Тимур Сейтмуратов онда тұрғын үй мәселесі "Қолжетімді Нью Йорк – Affordable New York" бағдарламасы аясында шешілетінін жазған.
"Билік өкілдері құрылыс саласында жұмыс жасайтын бизнесмендердің тұрғын үйге мұқтаж жандармен тікелей жұмыс жасауына мүмкіндік берген. Орнына оларды 35 жылға салықтан босатады. Құрылыс компаниясы өзі салған үйдің 30 пайызын мұқтаж жандарға қолжетімді бағамен сатуға немесе жалға беруге құқылы. Баға алдын ала билік өкілдерімен келісіледі. Қолжетімді баспана арнайы жеке аудандарда тұрғызылмайды. Милионерлер тұратын тұрғын үйден беріледі. Бұл балалардың өздерін бай балаларымен бірдей әлеуметтік теңдікте өмір сүруіне мүкіндік береді".
Аналар қандай талап қойып отыр?
- 4-тен жоғары баласы барлар көп балалы болып саналсын! Дүниеге келген әр балаға кәмелетке толғанша 20 мың теңгеден мемлекеттік жәрдемақы төленсін! Бір мезгілдік жөргекпұл көлемі де көбейтілсін! Ана капиталы енгізілсін!
- Басында баспанасы жоқ, әлеуметтік жағдайы ауыр көп балалы аналардың тізімі анықталып, арендалық үйлерден, коммуналдық ақысын төлегендей жалдау ақысы отбасы бюджетіне салмақ салмайтын көлемде белгіленіп, ұзақ мерзімге жалға беріліп, құны толық өтелген соң, меншігіне өтетін болсын.
- Ипотекаға пәтер алған жас отбасыларда әр бала дүниеге келген сайын несиенің жалпы сомасы 25% қысқартылып отырсын. 4- бала туылғанда несиесі толығымен жабылсын!
- Жас отбасыларға жеңілдікпен ипотекаға немес арендаға ай сайынғы жалдау ақысымен бірге құны өтеліп, ақыр соңында меншігіне өтетіндей етіп ұзақ мерзімге пәтер берілсін.
- Халық қазынасынан бірнеше мәрте сауықтыруға деп бірнее мәрте қаржы алған екінші деңгейдегі банктер Ипотека пайызын азайтсын! Ипотекасы бар көп балалы аналардың, жалғызбасты, жесір аналардың несиелері кешірілсін иә жеңілдетілсін!
- Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілсін! Мектептердегі қазіргі білім беру жүйесі қайта қаралсын!
- ҰБТ тапсырып, грант алуға бағыттамай, пайдалы білім беру жағы қолға алынсын! Кәсіпке баулу,ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарға негізделген пайдалы білім беру әдістемелері қолға алынсын!
- Көп балалы аналардың, жалғызбасты аналардың балалары үшін үйірме, секциялар тегін болсын!
Зейнолла Кәкімжанов тығырықтан шығар жолды ұсынды
ҚР бұрынғы қаржы министрі, экономист Зейнолла Кәкімжанов фейсбук парақшасында өзінің де көп балалы отбасынан шыққанын және оның артықшылықтарына тоқталып өткен. Сонымен қатар ол өзі басқарып отырған кәсіпорын балалы отбасыларға қандай көмек көрсетіп отырғанын алға тартқан.
"Менің қолымнан көп нәрсе жасау келеді. Еңбекке деген икемділік үй шаруасына көмектесу кезінде қалыптасты. Қала тұрғындарының санын соңғы он жылда ауылдан көшіп келушілер қатары көбейткеніне сенімдімін. Екіншіден, ауылдағы көпбалалы отбасылардың саны қалаға қарағанда көп. Аз қамтылған отбасылардың басым көпшілігі күн көру үшін үлкен қалаға көшеді. Ал үй берумен мәселе шешімін таппайды. Көп балалы отбасылардың жақсы өмір сүруіне мүмкіндік беретін жер бар. Бірақ ол үлкен қала емес. Оны мемлекеттік тұрғыда шешу керек.
Біз жылда 3-4 отбасын шақырып, жағдайын жасап, жұмыспен қаматамсыз етеміз. Егер ауылдағы кәсіпорындар санын 5000-ға жеткізетін болса, әрқайсы жылына 5-10 отбасының мәселесі шешілуі мүмкін. Бұл 400 000 адамды құрайды. Сол кезде әлеуметтік және экономикалық мәселелер шешімін тапқан болар ма еді.
Ауылға үй салып, инфраструктура жүргізу арқылы қаладағы әлеуметтік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына бюджетттен бөлінетін ақшаны үнемдеуге, көшіп-қонуға кететін ақшаны, қала мектебіндегі үш ауысыммен оқу, қала көшелеріндегі трафик мәселесін шешуге болады.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бар-жоғы он жыл керек. Содан кейін үлкен қаладан 200-400 км, ал аудан орталығынан 50-70 км қашықтықта орналасқан барлық ауылды жердегі инфраструктураны қалпына келтіру қажет. Ол үшін:
- Ауылдық жерлерде өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру;
- Ауылдық жерлерде тұрғын үй салу үшін, ауылға оралғысы келетіндердің барлығына, бірінші кезекте көп балалы отбасыларға қаржы беру;
- Аграрлық кәсіпорындар мен мемлекеттің ауыл шаруашылығы жерлерін игеру және олар талап ететін инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тиімді өзара іс-қимыл.
Барлығы осы үш пункт қана еліміздің көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешеді", – дейді ол.
Шетелде көп балалы отбасылар мәселесі қалай шешілген?
Ғаламторда тараған ақпараттарға сүйенсек, Францияда көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған "Үлкен отбасы" мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істеп тұр. Бала саны көбейген сайын салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған.
Швецияда елеулі жеңілдіктер бар және ол кезекті сәби туған сайын өсе береді. Сондай ақ, табысы аз отбасылар үшін қосымша жәрдемдер бекітілген. Мысалы: пәтерақы төлеуден босату, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатысу. Сондай ақ, азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі.
Финляндияда жәрдемақы мөлшері қомақты елдердің бірі. Бір қызығы мұнда Финляндия аумағында босанған барлық әйелге берілетін (қай елдің азаматы болса да) "Шаранаға сыйлық пакеті" бар. Оның ішінде сәби бір жасқа толғанша керек дүниенің бәрі қамтылған.
Польшада табысы төмен көп балалы отбасына арнайы жәрдемақы тағайындалады. Егер отбасында мүгедек бала болса және оның күтіміне байланысты ата-анасының бірі жұмысқа шыға алмайтын жағдайда - жәрдемақы мөлшері екі есе артады.
Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарызды мүлде ұмытып кетеді. Дүние есігін ашқан сәби қыз болса – 50 мың доллар, ұл болса – 200 мың доллар шамасында сыйлық беріледі. Бұл ақшадан бөлек кішігірім вилла кілтін де қоса тапсырады екен.
Әлем бойынша ең "өсімтал" елдер қатарында Нигерия тұр. 2009 жылғы дерек бойынша елдің 1000 азаматына 49 сәби келеді екен. Одан әрі Мали, Уганда, Ауғанстан, Сьерра-Леоне, Буркина-Фасо, Ангола, Сомали, Эпиопия айтылады.
Қазақстанда 8 000 отбасы бала сүю кезегіне жете алмай жүр
Осынша отбасы жасанды жолмен ұрықтандыру бойынша кезекте тұр. Ресми мәлімет бойынша мемлекет 2019 жылға 900 квота бөлген.
Дәрігерлер қолдан ұрықтандырған отбасылардың елу пайызы ғана бала сүю мүмкіндігіне ие болады дейді. Орташа бағамы 800 мың теңгені құрайтын ұрықтандыру процесі толық іске асу үшін кей жағдайда 8-10 рет қайталап жасауға тура келеді екен. Мемлекет тек бір рет ұрықтандыруға қаржы бөледі.