Ұлттық табиғи парктерді барынша сапалы әрі ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оларды біздің табиғатымыздың бірегейлігін, тұтастығы мен тазалығын сақтай отырып, туристер үшін тартымды мекен етуді мақсат тұтқан QazaqGeography қоғамдық бірлестігі 2021 жылы "Алтын Емел" және "Шарын" ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмді дамыту жобасын ұсынды. Осы орайда, бірлестік саяхатшыларға Қазақстанның көрікті жерлері туристерге тартымды болуы үшін жүзеге асырған жобаларымен таныстырды. 

Қазірдің өзінде жоба аясында сусыз эко дәретханалар, туристер үшін нағыз таптырмас дүние – ауыз су бұрқақтары мен көлеңкелі шатырлар, сондай-ақ, бақылау алаңдары пайда болды. "Шарын" ұлттық паркінің кейбір учаскелерінде болашақта бүкіл аумақты қамтитын ұялы байланыс қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, екі саябақтың аумағында туристерге рельефті оңай басқаруға мүмкіндік беретін ыңғайлы навигация жасалды. Дәл осындай жағдайлар "Алтын Емел" саябағында да жасалып жатыр.

Бірлестік мәліметінше, 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктер аумағында глэмпингтер мен кемпингтер үшін алаңдар, визит-орталықтар орнатылады, этноауылдар құрылады.

©Бақытжан Батырханұлы

Шарын шатқалы

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіретін Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым қашықтықта орналасқан. Шатқал Шарын өзенінің бойында солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға созылып жатыр. Мұнда "Ақтоғай", "Көртоғай", "Ұзынбұлақ", "Аралық" және "Темірлік" шатқалдары бар. 

©Бақытжан Батырханұлы

Шатқал орналасқан табиғи паркке кіру ақылы. Жергілікті саяхатшылар мен туристерге ыңғайлы болуы үшін QazaqGeography қоғамдық бірлестігі бірнеше самалжай, экодәретхана және қоқысқа арналған жәшіктер қойған. Мұнымен қатар, шатқалды мекендейтін жануарлар мен өсіп тұрған өсімдіктер туралы ақпарат беретін тақтайшалар орнатылған. 

©Бақытжан Батырханұлы

Ұлттық парк қызметкерлері саяхатшыларға бірінші шатқалдың үстімен жүріп көруге кеңес береді. Өйткені, төменнен жоғары көтерілу қонақтарға қиынға соғуы мүмкін. Кейін арнайы баспалдақпен төмен түсіп, Таиландтағы "тук-тукке" ұқсас таксиге отырып, шатқал ортасымен жүріп өтуге болады. Бір таксиге 10 адам сыяды. Бұдан өзге шатқалдың төменгі бөлігіне барар жолда да кішігірім самалжайлар мен ауызсу ішетін кран орнатылған. 

©Бақытжан Батырханұлы

Экскурсия жетекшісі Бақыт Оразымбетова мұндай шатқалдың әлемде тек екі елде барын және оларды өзара салыстырудың қажеті жоқ екенін айтады. 

©Бақытжан Батырханұлы

"Гранд-Каньонның ұзындығы мың шақырымға дейін созылып жатыр, ал біздікі бір жарым, екі шақырымға созылады. Алғашқысын кейінгісінің ағасы деп атаудың қажеті жоқ. Себебі, екеуі – мүлдем екі бөлек құрылым. Шоқан Уәлиханов зерттеп, мына жерінде "Ақ тоғай", "Қортық тоғай" және "Ерен тоғайы" деп жазып кеткен. Каньонның бір жері үш түрлі аталып тұр. Бұл атаулар адамның қай жерде өзін қалай ұстауы керектігін ескертіп, сақтандырып тұр. Көп адам, өкінішке орай, келген топтан бөлініп кетуді жөн көреді де, кейін өміріне қауіп төндіретін әртүрлі жағдайға тап болады", – деді Бақыт Оразымбетова.  

Ұлттық парк қызметкері шатқалға шетелдік геологтардың жиі келетінін айтады. 

©Бақытжан Батырханұлы

Ерен тоғайы

Шарын шатқалындағы флора мен фаунаны қалалық жерлерде немесе Қазақстанның басқа өңірлерінде кездестіру қиын. Шарын өзенінің жағасында жойылып бара жатқан Ерен ағаштары бар. Ерен тоғайы – Жетісу жерінде неоген кезеңінен сақталған табиғаттың таңғажайып сыйы. Тоғай Шарын өзенінің ортаңғы ағысы, Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы Сарытоғай елді мекенінде орналасқан.

©Бақытжан Батырханұлы

Өлкеде ереннен бөлек Іле жидесі мен бөріқарақат өседі. Өзен арнасына жақын өскен ерен ағаштары 5 014 гектар жерді алып жатыр. 

©Бақытжан Батырханұлы

Осы Ерен тоғайында аса көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев аңшылыққа шыққанда тоқтаған. Академиктің тоқтаған үйі әлі күнге дейін қаз қалпында сақталған. 

©Бақытжан Батырханұлы

Үй ішінде Дінмұхамед Қонаевтың отбасы және достарымен түскен суреттері сақталған. Ал үй айналасында қонақтарға арналған ағаш үйшіктер мен жиын өткізетін орын бар. Кез келген саяхатшы тәулігіне 5 мың теңге төлеп, бұл үйлерде түней алады. 

©Бақытжан Батырханұлы

Шонжы ауылы

Алматы облысының Шонжы ауданы жергілікті және шетелдік туристерді баураған ыстық бұлақтарымен танымал. Ғалымдар миллиондаған жылдар бұрын Алматы маңында кратерінің көлемі 9-16 км болған үлкен жанартау болғанын растады.

©Бақытжан Батырханұлы

Осы жанартаулар арқасында бүгінде өлкеде шамамен 140 ыстық бұлақ бар. Алайда ыстық бұлақтар Шонжы тұрғындарының жалғыз мақтанышы емес.

Ауыл тұрғындары келген қонақтарға ұлттық астан дәм татқызып, ән салып, салт-дәстүрімен таныстыруға әзір. 

©Бақытжан Батырханұлы

Басши ауылы

Ауылға барар жолда түйе шаруашылығымен айналысып отырған отбасылар бар. Олар түйе сүтінен шұбат пен құрт жасап, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. 

©Бақытжан Батырханұлы

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Басши ауылының тұрғындары шетелдік және жергілікті туристер үшін Guest House ашып, қазақ үй тіккен. Жергілікті "Ардақ" қонақ үйінде қазақтың күйін тыңдап, ұлттық биін тамашалап, ұлттық астан дәм татуға болады. Аталған қонақ үйге тұрақтаған италиялық 37 жастағы Джордж Леони осымен 76 елге саяхаттап отырғанын айтады. 

©Бақытжан Батырханұлы

"Осы жолы саяхаттау үшін Алматы қаласы мен облысын таңдадым. Естуімше, бұл өңірлерде ұлттық салт-дәстүрлер жақсы сақталған. Қазір Басши ауылында қазақтың ұлттық тамағы, музыкасы, өнерімен, өздерімен танысып отырмын. Оның үстіне Алтын-Емелге мотоциклмен бардым. Ал Алматыда мені ұлттық нақышта бейнеленген муралдар ерекше таңғалдырды. Осы көше суреттеріне қарап қазақ ұлты туралы хабар алуға болады", – деді Джордж Леони. 

©Бақытжан Батырханұлы

Бизнесін дөңгелетіп отырған Ардақ Омарова 2013 жылы Іле Алатауы паркінің жоғары жағындағы "Алмарасан" той кешенінің асханасында 5 жыл жұмыс істеп, кейін ауылына оралған. Алтын-Емел ұлттық паркі қызметкерлерінің ұсынысынан кейін Guest House ашуды жөн көрген. 

©Бақытжан Батырханұлы

"Мамандығым бойынша бастауыш сынып және музыка пәнінің мұғалімімін. Парк қызметкерлерінің ұсынысынан кейін осы бизнесті қолға алдым. 2019 жылы өте жақсы жұмыс істедік, осы күнге дейін әлемнің 64 елінен шетелдіктер келді. Туризм саласы дүкен ұстап отырған азаматтарымыздың, жалпы ауылымыздың жағдайын жақсартып жатыр", – деді Ардақ Омарова. 

"Ардақ" қонақ үйі 18 адамға арналған. Кез келген адам тәулігіне 9 мың теңге төлеп, түней алады. Төсек-орын үшін – 5 000 теңге, таңға ас – 1 000 теңге, түскі және кешкі ас үшін баға 1 500 теңгеден басталады. 

©Бақытжан Батырханұлы

Айғайқұм 

Айғайқұм – Алтын-Емел ұлттық паркінің басты көрікті жерлерінің бірі. Құмның үйкелісі әртүрлі дауыс шығаратындықтан осылай аталған. Мұндай құбылыс әлемнің бірнеше елінде ғана кездеседі. 

Ол Қазақстанның 7 табиғи кереметінің бірі. 2007-2011 жылдары өткен дүниежүзілік "табиғаттың 7 жаңа кереметі" байқауының номинанттары тізіміне енді. Республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші мәртебесіне ие.

Айғайқұмның шыңына көтеріліп, Іле өзенін көруге болады. 

©Бақытжан Батырханұлы

Шоқан Уәлиханов бастауы 

Кіші Қалқан тауларының етегінде шатқал арасында Шоқан Уәлиханов есімімен аталған бұлақ бар. 1856 жылы ұлы ғалым-ағартушы және саяхатшы Шоқан Уәлиханов басқарған экспедицияның жолы қазіргі ұлттық парктің аумағы арқылы Ресейден алыс Қашғарияға өтті. Экспедиция демалу үшін бұлаққа тоқтап, Шоқан Уәлиханов осы бұлақтан су ішкен. Содан бері бұлақ халық арасында емдік суы бар және көптеген ауруларды емдейтін Әулие ретінде танымал.

Экскурсия жетекшісі Бақыт Оразымбетова бұлақты мемориалдық маршруттар қатарына қосуды ұсынды. 

"Шоқан анасы жағынан да, әкесі жағынан да ақсүйектер отбасында дүниеге келді. 1847 жылы Омскідегі кадет корпусына түсіп, оны тамаша бітіріп шықты. 1853 жылы экспедиция басталып, Батыс Сібір губернаторы Гасфорд Густавтың хатшысы болды. Густавтың екінші әйелі Любовь Шоқанды сүйді. Бірақ Шоқанның тәрбиелі болғаны соншалық, шалыс басқан емес. Ал Любовь жауапсыз махаббаттан ішқұса болып өлді. Осы секілді фактілер енді ғана белгілі болып жатыр. Шоқан экспедициядан кейін Санкт-Петербург қаласына дәріс оқуға шақырылды. Сонда дәрісті тыңдап отырған екі әйел оны кемітпек болып неміс және француз тілдерінде сұрақ қояды. Шоқан оларға осы тілдерде жауап қайтарады. Ол өте білімді жан болған еді. Шығыс дипломатиясын сақтап, "бәрін айта отырып, құпиялар туралы тіс жармайтын", – деді Бақыт Оразымбетова. 


Оқи отырыңыз: Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған кітапта ғалым жайлы тың деректер ашылды


Күні кеше Шоқан ауылында ғалымға арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жазушы Жарас Ермекбай бұл зерттеулердің әлі де аздық ететінін айтады.