Үш жүзге жуық алашордашы зиялы қауымның әлі де зерттелмей, тарихшылардың әлі де қаламы тереңдемей жатқан өкілінің бірі – Барлыбек Сыртанов. Десе де, құқықтанушылар үшін оның есімі беймәлім болуы мүмкін емес. Өйткені ол, Қазақ мемлекетінің алғашқы Ата Заңының авторы.

Дегенмен оның ойы мен қаламынан шыққан "Қазақ елінің уставы" ол кезеңде жүзеге асқан жоқ. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бұл тіпті де мүмкін емес жағдай болатын. Десе де, Қазақстан Республикасының Конституциясында және одан бастауын алатын өзге де заңдарда Сыртановтың идеялары ішінара көрініс тапқан.

Барлыбек Сыртанов  Жетісудың Қапал уезінің Арасан болысындағы Қарашоқыда 1866 жылы дүниеге келген. Он жасынан Верный қаласындағы ер балалар гимназиясында оқып, үздік жетістіктеріне сүйсінген гимназия директоры Д. Новак оны Санкт-Петербург уни­вер­ситетіне оқуға түсуіне ықпал жасайды. Барлыбек Сыртанов дұл университеттің шығыстану факультетін І дәрежелі дипломмен бітіреді.

1891-1894 жылдары Ташкент қаласында қызмет істеп, одан соң Жетісу облыстық басқармасының іс жүргізу бөлімінің мең­герушілігіне ауысады. 1903-1907 жылдары Жетісудың Қытаймен шектесетін шекарасын тексеру тобына қатысып, Столыпин реформасы тоғытқан келімсектер легін азайтуға әрекет жасайды. Барлыбек Сыртанов – "Қазақ елінің уставы" мен "Ынтымақ ережесінің" авторы.


Оқи отырыңыз: Қазақ хандығы мен Алаш тулары қандай болды?


Қазақ елінің уставы

Марқұм заңгер Сәкен Өзбекұлының жинастырған мәліметтеріне қарағанда, қазақ елінің тұңғыш конституциясы 1911 жылдың 3 маусымынан басталады. Барлыбек Сыртанов өте құпия түрде Әлихан Бөкейхановпен бірге ақылдаса отырып, Ресей астанасындағы бай кітапхананың қорын пайдалану барысында Конституция жобасын жазып бітірген.

Барлыбек Сыртанов 1914 жылдың 26 қарашасында ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болады. Демек, бұл алғашқы Ата Заң – оның қан түкіріп, қатты науқастанып жүріп жазған еңбегі. Әрине, еңбек оның қаламынан туған дүние болғанымен, қазақ даласына ортақ, Алаш зиялылары көксеген құжат болатын. Әттеңі сол, бұл заңға заман, халық, және әлбетте билік дайын емес еді...

Устав 28 баптан тұрады. Ең таң қаларлығы, сонау 1911 жылы жазылған уставқа бүгінгі заңгер, құқықтанушылар да қайран қап, таңдай қағысады.

Барлыбек Сыртанов уставтың кіріспе сөзінде: "Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін, қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. "Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама" жылдарда қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады. Бірақ Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астына жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады. Әбілхайыр хан асығыстық жасаумен Кіші жүздің қазақтарын Россияға бағынышты етті... Байғұс қазақтар өз жеріне ие болудан айрылды һәм айдалаға, құмға ығыстырылды... Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін уставты кіргізеді" деп жазады.

Расымен де, уставтың екінші "Адам баласының хұқы турасында" аталатын бөлімі адам теңдігі мәселесін көтереді. Адам тек құдай мен "законның" алдында ғана жауап береді. Барлыбек Сыртановтың ұсынысы бойынша, қазақ елінде ер мен әйел тең, ал қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады. Сондай-ақ, "...қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ".

Барлыбек Сыртановтың уставында біз араға сексен жыл салып келді деп жүрген демократияның негіздері жатыр. Мұның өзі әу баста Алаш қайраткерлерінің бүгінгі тәуелсіз, демократиялық қоғамды аңсағанын айшықтай түспек.

Мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін міндетті еркін білуі де Барлыбек Сыртановтың уставында көрініс тапқан еді. "Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеу хұқы бар" дейді Барлыбек Сыртанов.

Сот билігіндегі әділетсіздіктерді болдырмаудың да өзіндік жүйесі жасалған. Сыртанов заңды бұзған судьяларға бүгінгідей кешіріммен қарау емес, оларды қызметінен алу қажет деп санайды. Есесіне, "Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісіне өмір бойы сайланады". Атап өтер жайт, Сыртановтың уставы бойынша елде үш билік болмақ: Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.


Оқи отырыңыз: Майгелдинов: Ұлытауда Жошы, Алаша хан кесенелері бар, бірақ оларға баратын жол жоқ


Ынтымақ ережесі

Барлыбек Сыртановтың "Ынтымақ ережесі" бар болғаны 15 қана баптан тұрады. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров мұражайының қолжазбаларындағы құжат "Бұқабай балаларының "ЫНТЫМАҚ ЕРЕЖЕСІ"  (Барлыбек Сыртанұлы 50 үй арасында мынадай ұйым ашады)" деп аталады.

Отставкаға кеткеннен кейін ел басқару ісімен айналысқан Сыртановтың бұл ережені нақты қай уақытта жазғаны белгісіз. Тарих парағында бұл мәлімет сақталмаған. Дегенмен, ереже баптары ауыл басқару ісінің тиімді жолдарын көрсетеді. Мәселен, 50 үй арасындағы бірлікті біртұтас ұстап тұру үшін исламдық ұстанымдарды алға тартады.

Айталық, ереженің алғашқы бабында берілетін зекет, қайыр-садақаны үй арасындағы ең кедейіне не медресе беруді ұсынса, кейінгі 4 бапта қатыны өлген ерге ұйым болып қатын әпреуге, ауруды ұйым болып дәрігерге қаратуға, ақымал тартқанның ақысын ұйым болып өтеуге, малы өлгенге ұйым болып, мал әперуге насихат етеді, соған шешім шығарады.

Ал мұсылман парыздарын орындамаған, яғни, ораза, намаз, зекет парыздарынан бас тартқан жандарға айып ретінде әр жолы он сомнан төлеп отыру қажет екенін айтады. Қарап отырсақ, бір жағынан бұл медресенің, кедей-кепшіктің жағдайына қарасу болғанымен, екінші тұрғыдан ауыл тұрғындарын Ислам шариғатын бұлжытпай сақтауына бастайтын талап екені көрініп тұр.

Барлыбек Сыртанов ережесі тек құқықтық мәселелермен ғана шектелмейді. Кешегінің де, бүгінгі қоғамның да әдеби-эстетикалық мәселелерін меңзеп, көксейді.

"Ынтымақ ережесінің" 10, 14-баптарында былай делінеді:

"...10. Ұрлық, өтірік, боқтау, ойнас тіпті болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпке ат-шапан болсын;

...14. Қарта, басқа құмар ойнамасқа". Өркениетті елдерді былай қойғанда, дамыған, дамушы елдердің көпшілігінде қағаз жүзіндегі мұндай моральдық ереже жоқ. Бұл көбіне адамның жеке бас әдебі ретінде ескеріледі де, заң, ереже талаптарынан қағыс қалады. Барлыбек Сыртановтың көргендігі осыдан көрінеді, ол 50 үй арасындағы ынтымақты ұстаудың бір жолы аздырғыш әрекеттерден ада болу екенін әу баста-ақ түсініп, оған қағаз жүзінде тыйым салуды жөн санайды. Сыртанов ауыл басқару ісінде дау шешу билігін ақсақалға жүктейді. Әрине, ақсақал тәуелсіз сайлау жолымен тағайындалады. "...Бір старшын елде жұмысы болса, сайлаған сегіз ақсақал бітіріп тұрады" дейді Барлыбек Сыртанов.

Жалпы, "Ынтымақ ережесі" екі мәдениеттің жемісі (бірі – көшпелі қазақ қоғамының салт-дәстүрі, қоғамдық институты болса, екіншісі – ислам шариғаты) ретінде сипат берсе, осы екеуінің қосындысы боп, бір ұлы мақсатты көздейді – қазақ халқының тәуелсіздігі, еркін елдің өзін-өзі билеуі болатын.