"Абай киген тақия". Қыздар арасында тақия кию қалай трендке айналды?
Тақия кию қазақ қыздары арасында трендке айналып келеді. Соңғы кезде көшеде қазіргі заманға лайықтап, минимализм стилімен тігілген тақия киіп жүрген қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады.
Informburo.kz тілшісі Moonshuaq заманауи тақия брендінің авторы Әлішер Бақытпен тілдесіп, ұлттық бас киімді заманауи сәнмен үйлестіру және этно аксессуарға деген сұраныс туралы сұрады.
Әлішер Бақыт пен жұбайы Еркеназ Ақтілеуова ұлттық киімдер кәсібімен бұрыннан айналысып келеді. Олардың Moonshuaq заманауи тақия топтамасымен бірге, ұлттық киімдерді жалға берумен айналысатын Qyrmyzy collection атты кәсібі де бар.
– Moonshuaq тақия брендтін шығару идеясы қашан, қалай келді? Неге Moonshuaq деп атадыңыздар?
– Жұбайым екеуіміздің ұлттық киімді жалға берумен айналысатын Qyrmyzy collection деген компаниямыз бар. Қазақстан бойынша 6 қалада жұмыс істейміз. Былтыр киімдерді тек жалға берумен ғана емес, оны күнделікті киетін киімдер қатарына қалай енгізсек болады деген ой келді. Сол ойдың жетегімен қазақтың тақиясын қазіргі заманға лайыққтап шығаруға бекіндік.
Алдымен бренд атауын ұзақ іздедік. Соңында жұбайым Moonshuaq деп қойды. Moon – ағылшын тілінде "ай" деген сөз. Сонда "айдың шуағы" дегенді білдіреді. Оның үстіне қызымыздың есімі де – Айбибі.
– Әлеуметтік желіде сіздер тіккен тақияны Баянауыл өңірінің қыздары киген тақияға ұқсатып жатқандар бар. Бұл сәйкестік пе? Тақияның дизайнын кім ойлап тапты?
– Бас киімнің негізін Абай киген тақияның формасына ұқсатып, қыздарға бейімдеп жасадық. Жалпы дизайны сол Абай атамыздың тақиясынан басталды. Ескі мен жаңаның ортасын іздеп, бір тоқтамға келдік.
– Тақия дизайнын авторлық құқықпен қорғаған екенсіздер. Дизайнды көшіріп алушылар көп пе?
– Иә, тақия дизайнын авторлық құқықпен қорғадық. Өкінішке қарай, оған қарап жатқан адам аз. Бәрібір көшіретіндер табылады. Бұл біз үшін, бір жағынан, қолайсыз жағдай болуы мүмкін, екінші жағынан әріптестеріміз бізге қарап түзеліп жатса, ол да жақсы. Бізге қарап, үлгі алып, өзінің дизайнын жасап жатқандар көп. Оған өте қуаныштымыз. Бірақ, біз бәсеке әділетті болғанын қалаймыз. Сондықтан дизайны біздікінен де әдемі тақиялар шықса, оған тек қуанамыз.
– Алғашқы клиенттер қалай келді?
– Бірде-бір жобамыз бойынша сатылым жағынан ешқашан қиналып көрген жоқпыз. Себебі, біз халыққа шынымен керек, расымен ұнайтын дүние жасауға тырысамыз. Осы уақытқа дейін таргет жасап, жарнамаға да ақша құйып көрмеппіз. Әр жұмысымызға бар ынта-жігерімізді, шынайы ниетімізді салып, сапалы өнім шығаруды қалаймыз. Тұтынушылар өздері қызығып алып, әлеуметтік желіде пікірлер қалдырып жатты. Олардың пікіріне қарап, басқа клиенттер келді.
– Тақияға қазіргі сұраныс қандай?
– Қазіргі таңда ұлттық бас киімге сұраныс өте жоғары. Қызығушылық артты. Біз тақияны шығара бастаған кезде дизайны өзбекше сияқты болып кетпесін, түсі тым қанық болмасын деп, ортасын ұстанғымыз келді. Бірақ қазір, менің ойымша, кей дизайнерлер сол тақиялардың көркін кетіріп жатқан сияқты. Себебі, тым көп фурнитура қолданып, әсіре әшекейлеп, өзбекше стильге жақын, күнделікті өмірде киюге қолайсыз тақиялар жасап жатып. Бүгінде жастардың талғамы бөлек, минимализмге жақын болғандықтан, оларды қорқытып алмауымыз керек деп есептеймін. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
– Қай жас аралығындағы адамдар тақияны жиірек сатып алады?
– Сатып алушыларымыздың басым көпшілігі – 16-25 жас аралығындағы қыздар мен жас келіншектер. Қазақтың ұлттық танымы бойынша, тақияны әлі тұрмыс құрмаған қыздар киеді.
– Ұлттық нақыштағы аксессуарларды жаңғыртудың маңызы қандай?
– Ұлттық аксессуар ғана емес, ұлттық дүниенің бәрін жаңғыртып, қазіргі заманға бейімдеуіміз керек. Себебі, қазір маған ұлттық киім, ұлттық әшекейлер тек бір реттік аксессуар ретінде ғана қолданылатындай көрінеді.
Ал бір ғасырдан кейін артымызда не қалады? Ұрпағымыз бізді қандай киім киді деп ойлайды? Қазіргі жастар Gucci сияқты еуропалық брендтерге құмар. Сонда бір ғасырдан кейінгі ұрпақ біздің ұлттық киімдеріміз солар екен деп ойлап қалмай ма? Мені осы толғандырады. Сол себепті ұлттық киімдерді жаңғырту дұрыс. Бірақ, әзірге бүгінгі заманға бейімделгені аз.
Неге олай? Себебі, бізде өндіріс жоқ, мата шықпайды. Тігін саласы да аса дамымаған. Мысалы, қырғыз, түрік елдеріндегі сияқты қатты көңіл бөлінбеген. Оларда үлкен-үлкен зауыттар, фабрикалар бар, тігінші жұмыс күші өте көп. Сол үшін біздің көп төл заттарымыз өзімізден шығып жатқан жоқ, сырттан келіп жатыр. Ал қазақтың қолы тимесе, оны ұлттық киім деп атауға бола ма? Ашып айтарымыз да, ашынып айтарымыз да осылай.
Бұл – біздің алғашқы бастамаларымыз. Алдағы уақытта бұдан да үлкен жобаларды қолға алатын шығармыз деп ойлаймын. Қазір осы тақияның басқа бас киімдер сияқты күнделікті киілетін киімдер қатарында болғанын қалаймыз.
– Ер азаматтарға арналған тақия шығару ойда бар ма?
– Біз осы уақытқа дейін қыздарға арналған бір топтама шығардық. Одан кейін бүлдіршіндерге арналған тақиялар топтамасы болды. Енді ер адамдарға арналған дизайндар қарастырып жатырмыз. Жаңа үлгідегі, күнделікті өмірде киіп жүруге қолайлы, заманауи тақиялар шығарғымыз келеді.
Оқи отырыңыз: