Димаштан Иманбекке дейін. Шетелде танылып, кейін елімізде мойындалған қазақстандықтар
"Қазақтың жігіттері Еуропа мен Американы өзіндік бірегейлігімен тартатын шығар" дейді Иманбек Зейкенов.Таяуда Грэмми сыйлығын жеңіп алған қазақстандық энерпаз Иманбек Зейкенов Ресей медиасына берген сұхбатында "Видеосұхбаттарыңның біріне "шетелде танылып қана Қазақстанда жетістікке жете аласың" деп біреу жазған екен. Бұл рас па?" деген сауалға "Рас. Неге бұлай екенін білмеймін, бірақ осындай заңдылық бар екенін байқадым. Қазақстанда эстрада артисі болсаң ғана танымал бола аласың. Музыка медиасы мен менеджмент өте нашар дамыған. Қазақтың жігіттері Еуропа мен Американы өзіндік бірегейлігімен тартатын шығар" деп жауап берді. Осы орайда Informburo.kz шетелде танылып барып Қазақстанда мойындалған он өнерпаз бен спортшыны тізіп шықты.
Димаш Құдайберген, музыкант
Дінмұхамед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында әнші Қанат және Света Айтбаевтар отбасында дүниеге келді. Димаштың ата-әжесі де музыкаға жақын адамдар. Димаш алғаш бес жасында музыкалық колледж сахнасында ән салған. Димаштың дауысы – 6 октава, 5 жартылай үн. 2012 жылы 16 жасында “Жас қанат” республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесін иеленді. Сол жылы “Восточный базар” халықаралық байқауында лауреат атанды. 2013 жылы “Мейкин Азия” халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды.
2015 жылы XXIV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар "Славян базары" байқауында Гран-при жеңіп алды. Байқаудың екінші күнінде Грегори Лемаршальдің "Sos dun terien un detresse" әнін орындады. 2017 жылы "Top Chinese Music Awards" номинацияның жеңімпазы атанды. Дәл осы жылы ол Қытайда өткен "Singer 2017" жобасына қатысып, екінші орын алды. Жобада "SOS d'un terrien", "Опера 2", The Show Must go on, "Қоңыр күз", Uptown Funk, Adagio, Дайдидау, "Таң", All by Myself, "Ұмытылмас күн", 6 Confessa, The Diva Dance, M. Jackson Tribuet әндерін шырқап, әлемге танылды.
- 2017 жылы "Астана Арена" стадионында "BASTAU live show" атты алғашқы ірі жеке концертін өткізді. 2018 жылы 19 қарашада Лондонда Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. "Indigo at the O2" концерт залы лық толып, әлмнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері жиналды.
- 2017 жылы American Music Award музыкалық жүлдесінің марапаттау рәсімінде қонақ болды.
- 2017 жылғы 2 желтоқсанда Бейжіңде "iQiyi Scream Night" салтанатында "ең танымал әнші" номинациясын жеңіп алды.
- 2019 жылы Димаш Құдайберген CBS арнасының The World's Best атты таланттар шоуына қатысты. Жартылай финалда шоуға қатысудан бас тартты.
- 2019 жылы Мәскеуде, Нұр-Сұлтанда, Сочиде, Санкт-Петербургте, Нью-Йоркте "Арнау" атты жеке ән кешін өткізеді.
- 2020 жылы Ресейдің бірнеше қаласында, Рига мен Киевте концерт берді. 2021 жылы 16 қаңтарда "Dimash digital show" атты онлайн-концертін өткізді. Бүгінде артист Игорь Крутоймен тығыз жұмыс істейді.
"Дарын" мемлекеттік Жастар сыйлығы, "Жыл таңдауы Халықтың сүйіктісі" Ұлттық сыйлығының лауреаты; Мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері, ҚР тұңғыш президенті – елбасы қоры сыйлығының иегері, Қытайда "Жылдың үздік әртісі", "Weibo Night" салтанатында "Ең танымал әртіс" жүлдесінің иегері, Ресейдің "Виктория" ұлттық музыкалық сыйлығының екі бірдей номинациясының иегері, 2019 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атанды.
Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы
Самал Еслямова, актриса
Самал Еслямова 1984 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Ресейдің театр өнері институтын бітірген. 2008 жылы оқып жүргенде Сергей Дворцевойдың "Қызғалдақ" фильміне түскен. Бұл фильм бірнеше халықаралық кино байқау жүлделерін, соның ішінде 2008 жылғы Канн кинофестивалінің "Ерекше көзқарас" сыйлығын иеленген.
- 2018 жылы 71-ші Канн фестивалінде режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде бас кейіпкер – қырғыз мигрантын сомдаған Самал Еслямова "Үздік әйел рөлі" номинациясының жеңімпазы атанды.
- Самалдың әкесінің сөзінше, ол актрисадан гөрі журналист болуды армандаған. Самал ТМД елдерінің арасында Канн фестивалінде үздік актриса атанған алғашқы тұлға.
- 2018 жылы қарашада Самал Еслямоваға мәдениет саласындағы Президент стипендиясы, ал желтоқсанда "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.
- 2019 жылы наурызда актриса "Айка" фильміндегі рөлі үшін "Азия Оскары" саналатын Азия киноакадемиясының жүлдесіне ие болды.
- 2021 жылы сәуірде Ресей кинематографиялық өнер академиясының ұлттық сыйлығы – "Ника" жүлдесін жеңіп алды.
Қазіргі таңда Самал Еслямова – Нұр-Сұлтандағы Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы.
Оқи отырыңыз: Самал Еслямова "Айка" фильміндегі рөлі үшін "Ника" жүлдесіне ие болды
Данэлия Төлешова, әнші
Данэлия Төлешова 2006 жылы 18 шілдеде Астанада дүниеге келген. Ол жастайынан вокалмен, бимен айналысқан.
2015 жылы республикалық "Аялаған Астана" байқауында Гран-при мен "Көрермен көзайымы" жүлдесін жеңіп алды. Дәл осы жылы "Балалар жаңа толқынында" көрермен көзайымы атанды.
- 2017 жылы Данэлия Сочиде өткен "Еуропаның үміттері" халықаралық фестиваль байқауында Гран-при алды.
- 2017 жылы Украинада өткен "Голос. Дiти" бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атанды. Көрмей тыңдау кезеңінде "Stone Cold" әнін шырқап, қазылар алқасын өзіне қаратты. YouTube-та жарияланған Данэлияның ән айтқан видеосы бірнеше миллион қаралым жинап, әлемге танымал болды.
- 2018 жылы 10 наурызда "BraVo" жүлдесін табыстау рәсімінде француз әншісі ZAZ-бен ән шырқады.
- 2018 жылы Минскіде өткен Балалар Евровидениесіне алғаш рет Қазақстан атынан қатысып, 6-орын алды. Байқауда қазақ тілінде "Өзіңе сен" әнін орындады.
- 2019 жылы америкалық CBS телеарнасынан көрсетілген халықаралық The World's Best байқауына қатысты.
- 2020 жылы NBC телеарнасынан көрсетілетін America’s Got Talent шоуына қатысып, финалға дейін барды.
Данэлия – ЮНЕСКО клубының елшісі, Қазақстанның "туризм елшісі".
Иманбек Зейкенов, музыкант
Иманбек "Грэмми" сыйлығына ұсынылған және оны жеңіп алған алғашқы қазақстандық. Ол 2000 жылы 21 қазанда Ақсу қаласында дүниеге келген. Иманбектің әкесі – өрт сөндіруші, анасы мереке ұйымдастырумен айналысатын агенттікке жұмыс атқарады. Ата-анасы ұлдарының музыкаға ден қоюына қарсы болмаған. Ол бірнеше жыл "Қазақстан Темір Жолы" АҚ-ның ақсулық бөлімшесінде белгі беруші болып жұмыс істеген. Ал музыка – бала күнінен бергі хоббиі. Иманбектің арнайы музыкалық білімі жоқ. Гитара тартуды әкесі үйретсе, музыка жасауды өз бетінше YouTube желісіндегі видеоларды қарай отырып үйренген. 2019 жылы SAINt JHN орындайтын Roses әніне ремикс жасағаннан кейін әлемге танымал болды. Бұл ремикс "Грэмми"сыйлығымен қоса, атақты музыканттармен бірге жұмыс істеу мүмкіндігін сыйлады. Иманбек Usher мен Marshmello-мен ән жазып, британдық әнші Rita Ora-мен бірлесе "Bang" деп аталатын жаңа мини-альбомын (EP) шығарды.
Оқи отырыңыз: Grammy иегері Иманбек Зейкенов. Өмірі мен өнері жайлы
Jah Khalib, музыкант
Бақтияр Мамедов 1993 жылы 29 қазанда Алматыда дүниеге келді. Бала кезінен рэппен айналысқан. Музыка мектебінде саксафон сыныбында оқыған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында музыкатану және менеджмент факультетін аяқтаған.
Битмейкер және саунд-продюсер ретінде көптеген қазақстандық рэпермен, олардың арасында PR'OXY, Santos, Antrax, Hirosima және басқалармен жұмыс жасаған. Сахнадағы лақап аты – Jah Khalib. Әлеуметтік желілерге тректері жарияланып, танымалдыққа ие бола бастады. Олардың ішінде "Твои сонные глаза", "SnD", "Сжигая драма театры" және "Сен үшін" әндері бар. Jah Khalib көп ұзамай Қазақстанда ғана емес, басқа да посткеңестік елдерде белгілі болды.
2015 және 2016 жылдары "Forbes Kazakhstan" журналының шоу-бизнес және спорт жұлдыздары тізіміне енді. 2017 жылы маусымда "Муз-ТВ" жүлдесінің "Жыл жаңалығы" номинациясына ие болды. Дәл осы жылы тамызда Юрий Дудьқа сұхбат берді.
2018 жылы "Медина" әні үшін Мәскеуде алғашқы "Алтын граммофонын" алды. Наурыз айында "E.G.O" АТТЫ альбомы шықты. 2019 жылы жазда Киевке қоныс аударып, "Выход в свет" альбомымен жұмыс істеді. Альбом 2019 жылы күзде жарық көрді. 2020 жылы "Баха және Дмитрий Карантино" альбомы мен "911" атты мини-альбомы шықты.
2021 жылы Jah Khalib-тің әртүрлі жанрды қамтитын "Мудрец" атты жаңа альбомы тыңдарманға жол тартты.
Scriptonite, рэпер
Әділ Жәлелов 1990 жылы 3 маусымда Павлодар маңындағы Ленинский ауылында дүниеге келген. Музыкаға деген қабілеті әкесінен дарыған. 11 жасында хип-хоп жанрына қызығып, рэп жазса, 15 жасынан өзі бит жаза бастаған.
Лақап аты – Скриптонит. Сахнаға алғаш рет 16 жасында шыққан. 2009 жылы достарымен бірге JILLZAY атты топ құрған. 2013 жылы Niman-мен бірге "VBVVCTND" әніне түсірген бейнебаян Әділді интернетте танымал етті. Дәл осы жылы ресейлік танымал лейбл "Газгольдермен" келісімшарт жасасып, Бастамен бірге жұмыс істей бастайды.
2015 жылы Баста мен Смоки Мо бірлескен альбомын жасауға қатысты. Даша Чарушамен бірге жазған "Космос" синглы iTunes чартында жылдың үздіктері қатарынан көрінді. Скриптонит қатысқан "Лёд" және "Миллионер из трущоб" әндерінің бейнебаяндары YouTube-та миллиондаған қаралым жинады.
2015 жылы музыканттың "Дом с нормальными явлениями" атты алғашқы студиялық альбомы жарық көрді. iTunes альбом чартында Адельдің жаңа альбомына ғана жол беріп, екінші орын алды.
2015 жылы Скриптонит Jagermeister Indie Awards жүлдесінің "хип-хоп" номинациясы бойынша финалисі атанды. 2016 жылы ресейлік GQ ерлер журналы "Жыл жаңалығы" деп таныды. 2017 жылы рэпердің "Праздник на улице 36", содан соң "Уроборос: Улица 36/Зеркала" альбомдары жарық көрді. Қарашада Юрий Дудьке сұхбат берді.
2018 жылы Әділ Gruppa Skryptonite музыкалық жобасының тұсауын кесті. 2019 жылы Скриптонит, 104, Truwer және Dose бірігіп, Musica36 бірлестігін құрып, ақпан айында бес сингл шығарды. Дәл осы жылы сәуірде Gruppa Skryptonite "Solitude" атты дебют мини-альбом шығарды. Желтоқсанда Скриптонитің "2004" атты төртінші альбомы жарық көрді.
Скриптонит өзін "ресейлік орындаушы" деуді құптамайды, себебі "қазақстандық рэпті" дамытып жүрмін деп есептейді.
Nazима, әнші
Назима Жәнібекова 1990 жылы 21 қазанда Шымкентте дүниеге келген. 5 жасынан бастап вокалмен айналысқан. Мектеп жасында "Радость" атты жастар ансамблінде өнер көрсеткен. 12 жасында "Очаровашка" атты халықаралық жас вокалистер байқауында жеңімпаз атанды.
2011 жылы "Жұлдыздар фабрикасы" тележобасына қатысып, финалға шықты. 2014 жылы "Жұлдыз болғым келеді" атты жобаның финалына жетіп, ALTYN GIRLS триосында ән шырқады.
2018 жылы ТНТ арнасындағы "Песни" телешоуына қатысып, 4-орын алды. Жоба аяқталған соң Назима Black Star Inc. лейблімен келісімшарт жасасып, әріптестерімен бірге гастрольдік турға шықты. Дәл осы жылы маусымда "Вечерний Ургант" бағдарламасында қонақ болды.
Назима Тимати, Егор Крид, Валерия, Натан Миров, Ninety One тобымен ән шырқады.
Нұрлан Сабуров, әзіл-сықақшы
Нұрлан Сабуров 1991 жылы 2 желтоқсанда Степногорск қаласында дүниеге келген. Бала кезінде бокспен шұғылданған. Мектеп бітірген соң Екатеринбургке көшіп, Ураль федералды университетінің ден шынықтыру факультетінде білім алған. Университет қабырғасында КВН-де ойнап, стендап жанрын меңгере бастаған.
2013 жылы ТНТ арнасында "Stand Up" шоуының "Ашық фикрофон" айдарына қатысып, танымал бола түсті. Алғашында ол қонақ ретінде шақырылса, 2014 жылы шоудың резиденті атанып, Мәскеуге көшіп келді.
2017 жылы Ресей мен Қазақстанда "IQ" атты тур жасады. 2018 жылы желтоқсанда телеарнада алғашқы жеке стендап-концертін түсірді.
2018 жылы комик туралы "Просто Сабуров" картинасы экранға шықты.
2020 жылы Руслан Белый, Тимур Каргинов, Нұрлан Сабуров және Азамат Мұсағалиев ТНТ-да "Talk" атты жаңа жобаны бастады. Дәл осы жылы Forbes Нұрлан Сабуровты 30 жасқа дейінгі келешегі мол ресейліктердің қатарына қосты. Бүгінде Сабуров Ресейдегі ең үздік 10 жас комиктің қатарына кіреді.
Азамат Мұсағалиев, әзіл-сықақшы
Азамат Мұсағалиев 1984 жылы 25 қазанда Астрахан облысы, Камызяк қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң мединститутқа емдеу факультетіне түскісі келсе де, ойынан айнып Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің экология және балық қорғау факультетіне түсіп, балық қорғау инженері мамандығын бітірді.
10-сыныптан бастап КВН-де ойнайды. Студенттік жылдары қалалық команда құрып, Ресей қалаларын аралады.
2007 жылы Азамат Мұсағалиев "Альтернатива" атты Астрахан КВН құрама командасының жаңа ойыншысы болды. Көп ұзамай ол "Камызяк өлкесі құрамасының" капитаны болып сайланды. Құрама КВН Жоғары лигасының маусымында бірнеше рет үздіктер қатарынан көрінді.
- 2011 жылы "Камызяк өлкесі құрамасы" Премьер-лиганың финалисі атанды.
- 2013 жылы Азамат Бішкекте басталған "Ала-Тоо" аймақтық КВН лишасының негізін қалаушылардың бірі және бірінші редакторы атанды.
- 2015 жылы "Камызяк өлкесі құрамасы" КВН Жоғары лигасының чемпионы болды.
- 2014 жылы Азамат Бірінші арнадағы "Чувство юмора" шоуына қатысты. Дәл сол жылы ТНТ-да "Однажды в России" шоуында өнер көрсетті.
- 2015 жылы "Интерны" сериалына түсіп, ТНТ арнасындағы "Где логика" шоуын жүргізді.
- 2018 жылы ТВ-3 арнасында "Всё, кроме обычного" шоуында төреші болды.
- 2020 жылы ТНТ арнасында "Музыкальная интуиция" шоуын жүргізе бастады.
Азамат Мұсағалиев "Zомбоящик" (2018), "Толя-робот" (2019), "Холоп" (2019 атты сериалдар мен фильмдерге түсті.
Сабина Алтынбекова, волейболшы
Сабина Алтынбекова 1996 жылы 5 қарашада Ақтөбеде дүниеге келген. Бес жасынан бимен, 14 жасынан волейболмен айналысқан.
"Казхром" клубының капитаны болған. 16 жасынан бастап "Алматиночка-Алматы" клубында ойнайды. Командасымен бірге "2013/2014 маусымында "А" жоғарғы лигасында күміс медальға ие болды.
2014 жылы университетке түсті. Сабинаға бірнеше рет модель болуға ұсыныс келіп түссе де, бәрінен бас тартты.
Спортшы 17 жасында волейболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшесі атанды.
Сабина спорттағы жетістігімен емес, сыртқы келбетімен әлемге танымал болды. Тайбэйде қыздар арасында өткен волейболдан 17-ші Азия чемпионатында Сабина Алтынбекова ең сұлу волейболшы атанды. Бойы – 182 см, салмағы – 59 кг, аяқтарының ұзындығы – 124 см. Тайван, Жапония және басқа да азиялық телеарналар Сабина туралы репортаждар түсірді, ал интернетте көптеген видеороликтер пайда болды. Азиялық жанкүйерлер Сабинаның келбеті жапондық аниме кейіпкерлеріне ұқсайды деп тамсанды. Интернетте Сабина Алтынбекованың "моэ" стилінде әуесқой суретшілер салған суреттері пайда болды.
2014 жылы Сабина Алтынбекова Қазақстандағы Қызыл жарты ай қоғамының алғашы волонтеры атанды. Волонтерлар арасында Хайди Клум, Пирс Броснан, Джеки Чан секілді атақты адамдар бар.