Иманбек "Грэмми" сыйлығына ұсынылған және оны жеңіп алған алғашқы қазақстандық азамат. Бүгінде композиция ТМД елдеріндегі хит-парадты бастап тұр.
Иманбектің әкесі – өрт сөндіруші, анасы мереке ұйымдастырумен айналысатын агенттікке жұмыс атқарады. Ата-анасы ұлдарының музыкаға ден қоюына қарсы болмаған.
"Мен музыканы емін-еркін жазатынмын. Ата-анама алғашқы жетістіктерім жайлы айтып беретінмін. Алайда жаңа ремикс жайлы сөз қозғамадым. Бұл туындымды Grammy-ге ұсынған кезде оларға бұл музыканттарға берілетін "Оскар" деп түсіндірдім", – дейді Иманбек.
Айтуынша, туып-өскен жері Ақсу қаласынан көшу жоспарында жоқ. Өйткені, жаңа әндерді үйінде жазған ыңғайлырақ көрінеді.
Оқи отырыңыз: Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығын жеңіп алды
Павлодар облысының Ақсу қаласында тұратын Иманбек Зейкенов бірнеше жыл "Қазақстан Темір Жолы" АҚ-ның ақсулық бөлімшесінде белгі беруші болып жұмыс істеді. Ал музыка оның бала күнінен бергі хоббиі, Иманбектің арнайы музыкалық білімі жоқ. Гитара тартуды әкесі үйретсе, музыка жасауды өз бетінше YouTube желісіндегі видеоларды қарай отырып үйренген.
Ол 2019 жылдың жазында SAINt JHN орындайтын Roses әніне ремикс жасағаннан кейін танымал болды.
Grammy сыйлығына ұсынылған ремиксті жас талантты небәрі 2 сағаттың ішінде жазып шыққан.
Айта кетейік, Иманбек мұндай марапатқа ұсынылған алғашқы қазақстандық. Бүгінде оның 50-ге жуық туындысы бар.
"Мен музыканы жазуды сол алғашқы кездегідей жалғастырып жатырмын. Ескі ноутбугім бар, сонымен жұмыс істеген ыңғайлы. "Демо" жазылымдар жасап, өзімнің "лейблыммен" жіберіп отырамын. Сол жақта қандай әншілерге беріп немесе жеке орындауда шығару мүмкіндігі қарастырылады", – деді музыкант.
Иманбектің туындысын әлем халқы Youtube-те 234,5 миллион рет көрді.
Оның нұсқасында Roses трегі 20 аптадан аса уақыт қатарынан Billboard Hot 100 үздік ондығында тұрды. Ремикс Apple Music-те топ-10-ға кірді, Shazam музыкалық қосымшасында 22 миллионнан астам қаралды, ұзақ уақыт бойы "Яндекс. Музыка" чартында бірінші орынға ие болды.
Трек бірнеше чартта, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда көш бастап, The Weeknd, Dua Lipa, Billie Eillish, Roddy Ricch және Justin Bieber сияқты әртістерден озық болды.
"Менің жетістігімнің жаһандық деңгейге ие екенін түсінемін. Енді мен "бір реттік әртіс" емес екенімді дәлелдеуім керек", – деді музыкант The New York Times газетіне берген сұхбатында.
Қазір Иманбек Павлодар қаласындағы Торайғыров атындағы университетте тасымалды ұйымдастыру мамандығы бойынша бірінші курста оқиды, әлемдегі ең танымал әртістермен бірге музыка жазып жатыр.
Иманбек кіммен жұмыс істейді?
2019 жылы Иманбек ресейлік Effective Records лейблі үшін трек жазуға келісті. Қазіргі уақытта бұл лейблдің ремикстері Apple Music, Google Play Music, Spotify, BOOM–да сатылады.
Қазақстандық лейблдерден әлі ұсыныс түспеген. Алайда бірнеше күн бұрын әнші Наzима хабарласқан екен.
"Әлі ойланып жүрмін, тректі тыңдаған жоқпын", – дейді Иманбек.
Ақсулық жігітті Ресей мен Еуропаға шақырып жатыр. Бірақ, ол үйде жақсы екенін айтады.
Бүгінгі таңда музыкант әлемдік жұлдыздармен ынтымақтастықта. 2020 жылдың мамырында ол даниялық продюсер Мартин Йенсенмен бірлесіп "I’m Just Feelin" (Du Du Du) атты ән шығарды.
2020 жылдың қазанында ол америкалық орындаушылар Usher мен Marshmello-мен бірге трек жазған. Ән "Too much" деп аталады.
2021 жылдың ақпанында Иманбек пен британдық әнші Rita Ora-мен "Bang" деп аталатын жаңа мини-альбомын (EP) шығарды. Оған Rita Ora-мен бірлесіп жазған төрт трегі енді.
Иманбек Зейкенов "Грэммидегі" жеңісінен кейін Energy FM радиостанциясына тікелей эфирде сұхбат берді. Ол радиожүргізушіге бірінші кезекте өзі туған Ақсуға барып, туыстарымен жеңісті тойлайтынын айтты.
"Бізде соғым сою дейтін дәстүр бар. Жылқы сойып, жақындарыммен бірге қуырдақ жасаймыз. Бір үстелге жиналып, тойлаймыз", – деді ол.
Жас музыкант фильм, клип көруді ұнатпайтынын сөз етті. Дегенмен ол күнделікті жаңалықтарда хабардар болуды жөн көреді екен. Оған қоса, желіде оны сынайтындар жайлы да білетін көрінеді.
"Жазбалардың астында "Мынау кім?" деп жазып жатады. Көбіне ТМД елдерінің тұрғындары. Менің ойымша, егер сені сынайтындар табылса, демек, сен дұрыс жолмен жүріп келесің деген сөз", – дейді Иманбек.
"Грэмми" (Grammy) – 1959 жылдан бастап Американың Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы (NARAS) тапсыратын музыкалық сыйлық.
Биыл, сондай-ақ, Леди Гага, Ариана Гранде және Бейонсе де "Грэмми" иегері атанды.