Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді? Теңіз кенішіндегі жағдай: жалақыны теңестіру мүмкін бе?
Бүгінгі Үкімет отырысы тағы да әлеуметтік жағдайға арналды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов қарастырыпған әлеуметтік шаралар туралы айтты.
2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады:
- Түсімдер – 10 568,6 млрд тенге;
- Шығыстар – 11 933,2 млрд теңге;
- Тапшылық – 1 364,6 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 %.
Министр кей азаматтардың қарыздарының толық төленетінін айтты
– Өмірлік қиын жағдайда қалған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет жалпы мөлшерде 300 мың теңгеге дейінгі негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді.
250 мыңнан астам қарыз алушы үшін бұл – негізгі борышы мен сыйақыны қоса алғанда, берешектің жалпы мөлшерін толық төлеу дегенді білдіреді, – деді.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қандай көмек?
- 5000 грант. 1,5 млрд теңге ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім беру грантын бөлуге;
- Стипендия. 2,4 млрд теңге ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап техникалық және кәсіптік білім беруде жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің стипендиясын 30 пайызға ұлғайтуға (16 759 теңгеден 21 787 теңгеге дейін). Бұл 122 мың оқушыны қамтиды;
- Кәсіпкерлікті қолдау. 49,2 млрд теңге "Бастау Бизнес", қысқа мерзімді кәсіптік білім беру тетіктері арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ "Еңбек" бағдарламасы бойынша ауылдарда микрокредиттеу көлемін және стартап жобаларға берілетін гранттар санын ұлғайтуға;
- Жастарды пәтермен қамту. 14,4 млрд теңге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 10 мың адамды қамти отырып, жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу көлемін 1 мың пәтерден 3 мың пәтерге дейін ұлғайтуға;
- Әлеуметтік көмек төлемді төлеу. 70 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін ағымдағы жылдың 1 сәуіріне көшіруге байланысты қаражаттың қажеттілігін жабуға;
- Кәсіптік білім алушыларды қолдау. 1,1 млрд теңге техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, жоғарғы оқу орындары студенттерін оқытуға.
Министр алда туындап отырған мәселелерді шешу үшін де қаржы бөлінгенін айтты. Оның ішінде Арыс қаласын қалпына келтіру, Ұлттық гвардия мен Шегара қызметі әскерилерінің тұрғын үй төлемдерін төлеу мәселелері бар.
Өсімпұл мен айыппұл мөлшерінің ұлғаюын шектейтін заң жобасы қабылданады
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президенттің жарлығына сай борышкерлердің қарызын өтеу мәселесіне тоқталды. Айыппұлдар мен өсімпұл сомасының үштен екісінен астамын банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаражаты есебінен өтелетінін айтты.
Е.Досаев Парламент Сенатының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша заңның қабылданып, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жіберілгенін айтып берді.
Онда кредиттік серіктестіктерді, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды қоса алғанда, барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізу және халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін шектеу көзделеді.
– Өсімпұл мен айыппұл мөлшерінің ұлғаюы нәтижесінде азаматтардың берешегінің өсуіне жол бермеу үшін ағымдағы жылдың соңына дейін заңнамалық деңгейде заңдар мен заң аясындағы нормативтік құқықтық актілерге қажетті түзетулер қабылданады, – деп хабарлады Ұлттық Банк басшысы.
Қаржы ұйымдарына тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады
Е.Досаев мерзімі өткен, берешегін төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынатынын атап өтті.
Өз кезегінде бұл берешектің үнемі өсіп, азаматтарға салмақ түсіруден қорғайды.
Ұлттық Банк Төрағасы сондай-ақ табысы күн көріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынатынын еске салды.
Университеттердің оқу ақысы неге өсіп жатыр?
Қазір кей жоғары оқу орындарыныда ақылы оқитын студенттер үшін оқу ақысының қымбаттап жатқаны белгілі. Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түсініктеме берді:
– Алдыңғы жылы енгізілген заңға сайкес оқу ақысын жоғары оқу орны өздері белгілейді. Қазір сол мемлекеттік оқу орындарымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сол негізде ақпарат беретін боламыз,– деді министр.
Министр тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы отбасыларға және басқа да санаттағы отбасы балаларына арналған 5 мың гранттың бөлінгенін қайталай атап өтті.
Әлеуметтік тұрғын үй кезегі бойынша бірыңғай электрондық жүйе іске қосылады
Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылымдық даму министрі Роман Скаляр айтты. Ол:
– Жыл соңына дейін бір тұтас электронды тұрғын үй кезегі жүйесі жасалып іске қосылады. Сол негізде азаматтардың тұрғын үй кезегіне тұру мәселесі ашық түрде бақыланып отырады, – деді министр.
Министрдің айтуынша, түрлі заңсыздықтардың алдын алу, әлеуметтік санаттың өзгеруіне байланысты мәселелер халық алдында ашық түрде көрініп тұруы керек. Үй кезегіне тұрғаннан кейін басқа жаққа көшіп кетсе, ол адамның кезектегі статусы өзгереді немесе кезектен айырылады.
Қанша адам атаулы әлеуметтік көмекке ілігеді?
Бұл туралы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
– Қазір атаулы әлуметтік көмекке 285 мың отбасы – 1 млн 400 мың адам алып отыр. Оның 900 мыңы – балалар. Енді аталған көмекті тағайындау және беру тәртібін заңға сәйкес қатаң бақылаймыз. Өйткені, кей өңірлерде көмекті заңсыз алып жатқандар болған. Олардың ішінде бір жолы екі рет көмекке іліккендер, құжаттарын толық тапсырмаса да алғандар және табыстары дұрыс есептелмегендер бар.
"Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар бар"
Бұл туралы Бердібек Сапарбаев түсініктеме берді. Министрдің айтуынша:
- Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табыстары дұрыс есептелмейді;
- Екіншіден, жұмысқа орналаспайды. Атаулы әлеуметтік көмекті алудың ең негізгі шарттарының бірі – әлеуметтік келісмшартқа отыруы керек. Және соған сәйкес жұмысқа орналасуы керек;
- Үшіншіден, құжаттарын толық тапсырмағандар бар;
- Төртіншіден, аталған көмекті екі-үш рет алғандар бар.
Министр осыған орай жүрілетін тексеруден кейін аталған көмекті алатындардың саны азаюы мүмкін екенін, қажетті жағдайда көмек алып отырған азаматтардан "шек талап ету" секілді қадағалау жұмыстары жүргізілетінін ескертті.
Теңіз кенішіндегі жағдай: жалақыны теңестіру мүмкін бе?
Журналистер Бердібек Сапарбаевқа осылай сұрақ қойды. Қазақстандағы шетелдік компанияларда істейтін қазақстандықтардың жалақысы сондағы шетелдік қызметкерлердің жалақысынан неге бірнеше есе аз? Бұл мәселе енді шешіле ме?
– Теңізде біздің министрліктің адамдары екі күннен бері жұмыс істеп жатыр. Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаевтің басшылығымен арнайы Комиссия құрылған. Олар еңбек ақы айырмашылығын да қарайды. Заңға сәйкес шетелдік және қазақстандық жұмысшы-қызметшілердің еңбек ақысында айырмашылық болмауы керек. Енді осыған байланысты тексеріп, шешім шығарады, – деді министр.
Теңіздегі жағдайды толық бақылауға алғанын айтқан Сапарбаев ереуіл кезінде еңбек ақы мәселесінің ресми көтерілмегенін, тұрмыстық жанжалдан туындағанын еске салды.
Атаулы әлеуметтік көмек алып жатқандардың қаншасы жұмысқа орналастырылды?
Аталған сауалға Бердібек Сапарбаев жауап берді.
– Қазір аталған көмекті алып жатқандардың 393 мыңы жұмысқа жарамды. Оның ішінде 81 мыңы міндетті түрде жұмысқа орналасуы керек. Бұлардың 38 мыңы жұмысқа орналасты. Республика бойынша 48%, өте төмен көрсеткіш. Қазір әлеуметтік келісімшартқа отырғандардың саны 30 мың, – деді министр.
Қандай жағдайда атаулы әлеуметтік беру тоқтатылады?
Әрине, егер әлеуметтік жағдайы жақсарса.
Егер аталған көмекті алып отырғандар Үкімет тапсырған міндеттемелерді орындамаса ол көмектен қағылады. Бұл туралы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар екі нәрсені орындауға міндетті:
- Бірншісі, әлеуметтік келісімшартқа отыру;
- Екіншісі, жұмысқа орналасу міндеттеледі.
– Егер аталған міндеттемелерді орындамаса атаулы әлеуметтік көмекті беруді тоқтатамыз. Көбісі үйінде жатып, ештеңе істемей атаулы әлеуметтік көмек алғысы келеді. Бұл – мұқтаждық емес, масылдық, – деді министр.
Бұндай масылдық олардың балаларына да жұғатынын ескерткен министр мәселені шешу тетіктерін де айтты.
Аталған көмекке іліккендер үшін төмендегідей көмек тағы бар:
- Бірінші, жалпы көлемі 500 мың теңгелік тегін грант беріледі. Бұл жұмыс ашу және дамытуға арналған.
- Екінші, 6%-дық микронесие беріледі.
- Үшінші, Егер мамандықтары жоқ болса тегін оқытып, мамандықтар беріледі.
- Төртінші, үйдегі мүгедек баларын қарап отырған ата-аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Оларға да қаржы қарастырылған.
- Бесінші, әлеуметтік жұмыс орындарын ашқандарға мемлекет 35%-дық субсидия төлейді. Сонымен бірге салықтық жеңілдіктері де бар екені белгілі.