Алматы полициясы жедел жеткізу қызметімен айналысатын курьерлерге арқасындағы сөмкесін нөмірлеп, оларды шағылысатын элементтермен жабдықтауды ұсынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полиция департаментінің дерегінше, күн сайын Алматыда 2,5 мыңға дейін электр самокат, мопедистер мен велосипедшілер жүреді. Солардың қатарында әсіресе тамақ жеткізу қызметімен айналысатындар жол ережесін жиі бұзады екен. Жуықта, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жауапсыз мопед жүргізушілерінің кесірінен қалада жол-көлік оқиғаларының саны артқанын айтып, полицейлерге олардың тәртібін қатаң қадағалауды тапсырған болатын. Осыған орай, құзырлы орган өкілдері халық тұтынатын тауарларды жедел жеткізу қызметі басшыларымен кездесіп, бірқатар ұсыныстар енгізген.

"Жұмыс үшін курьерлерді таңдау талаптарын күшейту, олармен жол ережелерін қатаң сақтау бойынша алдын-алу жұмыстарын күшейту. Сондай-ақ, жеткізу қызметтерінің әкімшіліктеріне құқық бұзушыларды уақтылы анықтау мақсатында курьерлердің сөмкесін нөмірлеу және шағылыстыратын элементтерді қолдану ұсынылды", – деді қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.


Оқи отырыңыз: Алматыда карантин салдарынан жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған даяшыларға курьерлік қызмет ұсынылды


Қанат Таймерденовтың айтуынша, сөмкелерді беру кезінде жұмыс берушінің деректер базасында курьер туралы ақпаратты жазу, соның ішінде қозғалыстың тасымалы туралы да деректер енгізу ұсынылған.

"Велосипед пен мопед жүргізушілеріне ұзындығы мен ені 50 см-ден асатын жүктерді тасымалдауға немесе басқаруға кедергі келтіретін жүктеме алуға тыйым салынады. Сонымен қатар, жол ережесін бұзу фактілерін өзін-өзі анықтау барысында қызмет басшыларына оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды жедел түрде полицияға тапсыруды ұсынамыз", – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.


Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілері білуі жөн ым белгілері қандай?


Полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың үш айында 145 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. “Жол қозғалысы туралы” Заңға сәйкес, мопедтерге көлік қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын жану немесе электр қозғалтқыштары сағатына 50 шақырым жылдамдықтан аспайтындар жатады. Жоғарыда көрсетілген шектен асатын көлік құралдары тіркеуге қойылады және тиісті санаты бар жүргізушілерге жүргізуге рұқсат етілген.

Айта кетсек, ҚР Жол жүру ережесіне сәйкес, бұл көлік құралдары велосипед жолымен, велосипед жолағымен, ал олар болмаған кезде – жүріс бөлігінің оң жақ жиегімен, соның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жол бойымен бір қатарда қозғалуы керек. Ережені бұзғаны үшін мопед жүргізушілері ҚР ӘҚбК-нің 615 бабы (Жаяу жүргіншілердің және басқа да жол пайдаланушылардың жол қозғалысын бұзуы) бойынша жауапқа тартылады.