2025 жылға дейін республикалық маңызы бар барлық автожолды қайта жаңарту үшін жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым жаңа жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдары 10 мың шақырым автожол жөнделеді.

"Биылдың соңына дейін біз жалпы ұзындығы 607 шақырым болатын 4 жаңа автожол жобасын бастауды жоспарлап отырмыз", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.


Оқи отырыңыз: Қазақстан жол сапасы бойынша 100 елдің қатарына кіре алмады. Енді "жөндедім" деп қаражатты қылғытатын әкімге қылбұрау салынады


Оның бірі – Қызылорда-Жезқазған автожолы. Жалпы ұзындығы 427 шақырым болатын дәлізді күрделі жөндеуден өткізу үшін Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен мемлекеттік кепілдеме негізінде қаржыландыру жоспарланған.

"Жыл соңына дейін банктермен несие келісмдеріне қол қою және мердігер ұйымдарды анықтау көзделген. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ экономикалық сараптамадан өту үшін техника экономикалық негіздемені жетілдіруде бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, жоба банк тарапынан бағалануда", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Қалған жобаларға тоқталсақ, Түркістан қаласының Шығыс айналма жолын салу (30 км), Шымкент қаласының Оңтүстік-батыс айналма жолының құрылысы (48 км), Сарыағаш қаласы айналма жолының құрылысы (102 км) жоспарланған.


Оқи отырыңыз: 28 жылда Қазақстанда жол-көлік апатынан 80 мың адам көз жұмған


Бейбіт Атамқұлов Ақтөбе-Астрахань бағытындағы жолдың жайына да тоқталды.

"Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытына ерекше назар аударғым келеді. Қайта жаңарту жұмыстары басталғанға дейін автожолдың нашарлығынан Ақтөбе мен Атырау, Ақтау қалалары арасындағы қатынас Орал қаласы арқылы жүзеге асырылатын. Яғни, 500 шақырым артық жол жүретін. Қазір бұл автожолдың бойында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Қандыағаш-Мақат (327 шақырым) учаскесінде жұмыстарды аяқтап, жолда қозғалыс ашылады. Ал келесі жылы толық пайдалануға береміз", – деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың сөзіне қарағанда, биыл Түркістан, Жамбыл облыстарын орталық өңірлермен тікелей байланыстыру жұмыстары қарқын алуы тиіс.

"Бұл өңірлер мен көрші мемлекеттер еліміздің орталығына сапарлау үшін Алматы қаласы арқылы, 250 шақырым артық жол жүреді. Сондықтан, Меркі-Бурылбайтал автожолының әлеуметтік маңызы зор және ол Орталық Азия елдерімен транзитке әсер етеді. Биыл жолда негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашуды (262 шақырым) жоспарлап отырмыз", – дейді Бейбіт Атамқұлов.