Тікелей эфир

28 жылда Қазақстанда жол-көлік апатынан 80 мың адам көз жұмған. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстанда күн қайта суытады. Отандастарымыз визасыз қанша елге саяхаттай алады?

Қазақстанда балалардың 76%-да тіс жегісі бар

Ауылдық округтерге бұл көрсеткіш 98%-ға жетеді. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Д.Мыңбай елімізде мемлекеттік стоматологиялық балалар емханаларының жаппай жекешелендірілуіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, еліміздегі 2 812 стоматологиялық ұйымның 1 121-і мемлекеттік меншік нысанында. Соның ішінде тек 12-сі ғана мемлекеттік мамандандырылған облыстық балалар емханасы.

"Балалар стоматологиясынан айырылсақ, кезінде педиатрияны қысқартып тастағандығыдай жағдайға душар боламыз", – дейді депутат. Бұл ретте ол Денсаулық сақтау министріне бала-бақша мен мектептерге заманауи жылжымалы стоматологиялық кабинеттерді енгізуге қатысты бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Тәуелсіздік алғаннан бері 28 жылда елімізде жол-көлік оқиғасынан 80 мың адам көз жұмған

Зардап шеккендердің саны жарты миллионға жетіп жығылады. 2018 жылдың өзінде жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам өліп, 20 445 адам жарақат алған. Жантүршігерлік деректерді Парламент Мәжілісінің депутаты П.Казанцев жария етті. Айтуынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің 70%-ы еңбекке жарамды жаста. Аман қалғандарының көбісі мүгедек болып қалады. Оқиғалардың 95%-на көлік жүргізушілер кінәлі.

Бұл тұрғыда депутат ІІМ көлік жүргізуді үйрететін ұйымдарға қатысты, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын емтихандарға талаптарды күшейтуге байланысты кешенді шаралар қабылдауы керек дегенді айтты. Жолаушыларды тасымалдаушыларға да қатаң бақылау қажет дейді.

Елбасы жасырын, әдепсіз жарнамалардың иелерін жазалауға қатысты заң жобасына қол қойды

Мемлекет басшысы жарнама саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бекітті.Оған сәйкес енді жөн-жосықсыз, жалған жарнама жасаушыларға айыппұл салынады. Енгізілген өзгерістердің арасында кешкі уақыттарда Отандық телеарналар мен радиолардағы жарнаманы азайту да бар.

11 қаңтардан бастап Қазақстанның Шығысында 37 градусқа дейін аяз болады

Республиканың солтүстік және орталық облыстарына жоғары атмосфера қысымының ықпалы жүріп тұрғандықтан, тек кей аудандарда ғана қар жаууы мүмкін. Ал, түнде ауа температурасы - 28...35 градусқа дейін төмендейді. Батыс облыстарда аздаған аяздан кейін күн жылынып, қар жауады, көктайғақ болады.

Байланыс операторлары SIM-карталарды электронды цифрлық қолтаңбамен ұсынуға міндеттеледі

Ақпарат және коммуникация министрлігі бүгін осындай жобаны таныстырды. Бұйрық жобасы 9 қаңтарда жарияланды. 23 қаңтарға дейін көпшіліктің талқылауына шығарылды.Талқыланып, бекітіліп, ресми түрде жарияланғаннен кейін 10 күннен соң күшіне енеді.

400 адам мемлекеттен тегін дәрі-дәрмегін алмаған

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтарға ұсынылатын тегін дәрі-дәрмектерге қатысты жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады. Бір айдың ішінде дәрі-дәрмектерді алушыларға 190 мың SMS жолданған.

Хабарламаларға 2881 емделушіден жауап алынған, олардың 441-і дәрілерді алмадық депті. Ал, 32-і дипансерлік есепте тұрмайтынын, ешқашан тегін дәрі алмағанын жазып жіберген. Қор мұндайларға тегін рецепт жазып жүрген мекемелердің тізімін жариялады. Төрағасы Б.Жақсылықованың айтуынша, мониторинг нәтижесі Фармация комитеті мен қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің тексеру жүргізуіне негіз болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандықтар визасыз қанша елге бара алады? Қазақстан төлқұжаттар индексінде 67-орынға көтерілді. Отандастарымыз әлемдегі 76 елге визасыз бара алады. Рейтинг басында Жапония тұр. Жапондықтар визасыз 190 елге саяхаттай алады. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея мен Сингапур (189 ел) тұр. Үздік үштік қатарына, сондай-ақ Германия мен Франция (188 ел) енген.

Baq.kz: 2030 жылға қарай 57 мамандық жойылады. Оның орнын 180 мамандық басады. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай технологиялардың дамуы себепті жаһанда 5 миллион жұмыс орны жабылады. 2030 жылға қарай 800 миллион жұмыс орнын құлтемірлер алмастырады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары