Атажұртқа оралуды аңсап жүрген қазақтардың бірі – Махмуд Найман. Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Кезінде аталары қылышын жалаңдатқан қызылдардан қашып, Қытай асқан, кейін Түркия жеріне табан тіреген. Бастарынан кешпегендері жоқ. Талай еңсені езген аштық пен жоқтықты көрсе де, елге деген сағынышы мен түбі бір оралармын деген армандары ғана жандарын аман алып қалған.
Тұсауы қылышпен кесілген ұрпақ
– Қытайда тұрақтай алмаған аталарымыз, 1937 жылы аты аңызға айналған Елісхан Әліпұлының бастауымен ұлы көшке ілесіп, Түркістаннан Үндістанға бет алады.
18 000 мыңдай отбасы көшкенмен, діттеген жеріне жете алмай, жолай біразы суықтан, аштықтан, аурудан қырылады. Такламакан шөлінен өтіп, дұнғандар өлкесі Гансудың елсіз даласына да барған.
Бірақ қытай үкіметінің қуғынынан құтыла алмай, олар Қашқарияны басып, Таңғұт асып, Тибет жоталарына шыққан. Одан әрі Гималай тауынан тек 4000 отбасы аман асып өткен екен.
Бұл жөнінде Шәріп Найман өз естелік-кітабында "Тұсауымыз тоймен емес, қылышпен кесіліп, "аттың жалы, түйенің қомында" кете беріппіз. Тіліміз бесік жырымен, шілдехана-тойларда айтылатын өлеңмен емес, қансыраған халықтың жоқтауымен шығыпты" деп жазады.
Көш Үнді елінен Түркияға дейін созылды
500-дей қазақ Үндістанның Бопал ауданында 25 жылдай тұрақтайды. Бұл жер "Қазақабад" яғни, "Қазақ ауылы" деп аталған. 92 баланың сауатын ашқан бір бастауыш мектебі де болған екен. Алайда қазақ отбасылары үшін балаларының жоғары білім алуы үлкен арманға айналады.
Ал 1947 жылы Британиялық Индия Пәкістан және Үндістан деп екі тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін, 1948 жылы Бопалдағы қазақтардың көбі балаларының болашағын ойлап, Калькутта мен Дели арқылы Пәкістанға өтеді. "Қазақабадта" үш-төрт отбасы қалады.
1960 жылы "Түбі бір түркі елміз" деп түріктер Хайдарабадқа (Андра Прадеш өлкесінің орталығына) көшіп барған оларға Түркияның Стамбұл қаласынан жер беріп, Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегімен көшіріп алады. Бұл кезде Найман Шәріп екі қыз, бір ұлдың әкесі болатын.
Бірақ бір жылдан кейін әкесі ұлының науқасына байланысты Сауд Арабияға көшіпті. Махмұд Найман сол Сауд Арабияның Джидда қаласында 1964 жылы дүниеге келген.
Сауд Арабиясынан аман-есен оралған соң әкесі 1972 жылы Түркия азаматтығын алып, жұмыс істеу үшін отбасымен Германияға көшіп барады.
Махмудтың әкесі Найман Шәріп Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елге келіп, өзі көзімен көрген көштің қиындығын тарихи деректерге сүйене отырып, кітап құрастырған. Алайда кітап басылымға шығардан бір жыл бұрын 81 жасында дүниеден өткен. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуына да үлкен үлес қосқан.
Ұрпағын қуғынға салған үкімет атасының мектебін музейге айналдырыпты
Махмуд Найман Қазақстанға бірінші рет келіп отыр. Ол атасы Әбдікерім Ережепұлының Шығыс Қазақстан облысы Қатон Қарағай жерінде ашқан мектебін көруге келген.
– Атам Әбдікерім Қатон Қарағай жерінде болыс болған. Сол кезде, осыдан 110 жыл бұрын мектеп ашқан екен. Мұнда Оралхан Бөкей де білім алған. Қуғынға ұшырған соң көшіп кеткен. Қазір мектеп музейге айналды.
Аталары "Найман" деп жаздыртқан бүгінгі ұрпақ қазақшаға шорқақ
– Көшіп-қонып жүрген қазақта құжат болмаған. Әкем Найман Шәріп Түркия жеріне табан тірегенде өзара келісіп, жеке куәлікке тегінің орнына руын жаздыртқан. Ұрпағы қазақтың қай руынан шыққанын ұмытып қалмасын деген ниет қой. Менің балаларымның тегі де құжаттарында Найман деп көрсетілген.
Махмұд Найман бес баланың әкесі. Есбол, Жанмырза, Әбілғазы және Гүлсім мен Гүлсара есімді қыздары бар. Үлкен екі ұлы Түркияда дүниеге келгендіктен әлі азаматтық алмаған.
– Қазір Германияға көшіп келген қазақтардың үшінші ұрпағы жоғары білім алып жатыр десе болады. Ал білім алған жастар қиындықсыз жұмысқа тұрады. Менің үлкен ұлымның жасы 27-де. Германияның Фрайзинг қаласында магистратурада оқып жатыр.
– Есбол Еуропадағы қазақ балаларымен бірге футбол ойнайды. Тіпті өз командасын құрып алған. Өзара қазақ тілінде сөйлеседі деп айта алмаймын. Үйде қазақша сөйлескенмен ортасы басқа. Сондықтан араластырып жауап береді. Қазақшаға тым шорқақ.
Махмудтың айтуынша, 55 жыл бұрын Германияға жұмыс іздеп, жақсы өмірді аңсап келген қазақтар үшін оның өтеуі тым қымбатқа түскен. Өйткені Еуропа мәдениетін бойына сіңірген ұрпақтары Қазақстанға көшіп келгісі келмейді.
Махмудтың қалған балалары да студент. Жанмырза мен Әбілғазы да білім алып жатыр. Ал қызы Гүлсара Холан қаласында жұмыс істейді. Тек кенже қызы Гүлсім мектепте 12 сыныпта оқиды. Махмуд қазақстандық студенттермен де тығыз қарым-қатынас орнатқан.
– Қазақстандық жастармен араласып тұрамыз. Әлеуметтік желі арқылы танысқанмен, үйге жиі келіп тұрады. Еуропа мемлекеттерін аралатамыз. Келгенде қазақша сөйлесіп, мәз болып қаламыз, – дейді ол.
"Айлығым 2000 еуро, ал пәтерақы – 1500 еуро... Қымбатшылық" дейді германиялық қазақ
Махмудтың негізгі мамандығы – қаржыгер. Алайда Мюнхенде қара жұмыс жасайды. Оның айтуынша, Мюнхен қаласында шамамен 150 қазақ отбасы тұрады.
– Мен почтада қызмет жасаймын. Біз қатарлы қазақтардың көбі қара жұмыс істейді. Өйткені қара жұмыс жасағандардың еңбегі жоғары бағаланады. Сондықтан болар жергілікті жастар да жоғары білім алуға ұмтыла бермейді. Жалпы мұнда кез келген жұмысқа тұратын кезде ұлтына қарайды. Алдымен жергілікті халықты жұмыспен қамтуын қадағалайды. Содан кейін Еуропа мемлекеттерінен келгендерді жұмысқа алады. Біз сияқты сырттан келгендерді үшінші кезекте қабылдайды.
– Айлық табысым 2000 мың евро болғанмен, мұнда қымбатшылық. Жалдап тұратын пәтерге айына 1500 евро төлеймін. Ал тамаққа 500 евро жұмсаймыз. Егер зейнеткер жасына жетсем, 1500 евро зейнетақы тағайындалады. Ал зейнет жасына ерте шықсам, онда аз төленеді. Сондықтан амандық болса, уақытында шығуды жоспарлап отырмын. Өйткені әйелім Нүрифа ешқашан жұмыс жасаған емес. Бес баланы бағумен айналысты.
Германиядағы қазақтар беске бөлініп жүр
– Жалпы осындағы жастар қазақша сөйлейді деп айта алмаймын. Кездескенде бір-бірімен немісше сөйлеседі. Тойларда, әртүрлі мерекелерде бас қосып тұрамыз. Біз үшін ең үлкен мереке – наурыз. Алдын ала дайындық жасаймыз. Сосын екі күн тойлатамыз. Алайда біз үшін жұмыс бірінші кезекте. Жауапкершілікпен қарамасаң, жұмысыңнан айырылып қалуың мүмкін.
– Тойларымыз да қазақша дәстүрмен өтеді. Дегенмен Германиядағы қазақтар бас қосқан кезде өзара тіл табысып кетеді деу қиын. Мұнда жаңадан көшіп келген қазақтарды "жаңа қазақтар" деп атаймыз. Өйткені орысша сөйлейді. Сондықтан бір-бірімізді түсінбейміз.
Жалпы мұндағы қазақтар өздерін беске бөліп қарастырады. Бас қосқанда неміс тілі арқылы түсініседі екен.
– Орта Азиядан ертеректе көшіп келіп, неміс ұлтының ажырамас бөлігіне айналғандарды "байауар" деп атаймыз. Оларды немістерден ажырату мүмкін емес. Өздері "байауармыз" деп мақтанады. Негізгі ұлттық аспабы – қыл қобыз.
Сосын екінші дүниежүзілік соғыс кезіннен тұрақтап қалғандар бар. Олар өздері бір топ болып бөлінеді.
Ал Түркиядан келген қазақтар қазақша сөйлеуге бейім.
Содан кейін Қазақстаннан келгендерді қазақ тілін білгендеріне қарай "ескі" және "жаңа қазақтар" деп бөлеміз.
Қазақстанға келсе, зейнетақыдан қағылады
Зейнеткерлікке шыққан соң, атажұртқа қайтып келу Махмуттың ойында бар. Ол қарттықты өз қандастарының ортасында қарсы алғысы келеді. Алайда Қазақстанда шетелден көшіп келген азаматтардың сол жақ бекіткен зейнетақысы сақталмайды ма деп жүрексінеді.
Алматы қаласы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Ардақ Шәмшиеваның айтуынша, шетелден көшіп келген азаматтарға Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін мемлекеттік базалық зейнетақы (14 358 теңге – авт.) төленеді.
– Зейнет жасына жеткен Қазақстан азаматы зейнетақыны алып жүріп, біраз жылдар шетелде тұрып, отанына оралған соң қайта тағайындаудан өтеді. Шетелден келгендерге ең төменгі базалық зейнетақы (2017 жылғы бектіліген ең төменгі зейнетақы 30 988 теңге – авт.) тағайындалады. Бірақ зейнетақы алу үшін шетел азаматының оралман куәлігін немесе азаматтықты алуы шарт. Азаматтық алғанға дейін күн көріс деңгейінің жартысы (2017 жылғы ең төменгі күн көріс деңгейі 24 459 теңге – авт.) төленеді.
Қазақстан Республикасы зейнетақы тағайындау мәселесі жөнінде тек Балтық жағалауындағы елдермен келісім шартқа отырған. Келісім шартқа сәйкес, Балтық жағалауынан келген азаматтардың еңбек өтілі есепке алынып, қайта есептеледі. Бірақ көшіп келген елінде алып жүрген зейнетақы сақталмайды.
Қытайдан келген азаматтардың бала баққан немесе оқу оқыған жылдары ғана есепке алынып, ең төменгі зейнетақы тағайындалады.
Ал Германиядан көшіп келген азаматтар басқа елдерден келген азаматтармен тең азаматтық алған соң, ең төменгі зейнетақы алады. Демек олардың шетелдегі зейнетақысы сақталмайды. Ал азаматтық алғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы алып тұрады, – дейді Ардақ Шәмшиева.
Шетелдік көлемді зейнетақы қалдырамын дегендер азаматтық ала алмайды
– Егер шет елдерден келген қазақтар тек ықтиярхат (ықтиярхат (вид на жительство) – бір жерде орын теуіп тұруға берілетін құжат) арқылы келіп, тіркеуге тұрмаса, бұрын тұрған елінде тағайындалған зейнетақыны алып тұруына болады.
Ал азаматтық алмағанына қарамастан тіркеуге тұрса, содан кейін ғана шетелде тағайындалған зейнетақысы тоқтатылады. Өйткені жəрдемақы мен зейнетақыны біздің ел қайта есептейді. Екі мемлекеттен бірдей зейнетақы төленбейді, – дейді Ардақ Шамшиева.
Шетел азаматтарына ықтиярхат он жыл мерзімге беріледі. Кейін мерзімін тағы ұзартуға болады. Қазақстанға келемін деген шетел азаматтарына ықтиярхатқа қатысты қосымша мəліметті egov.kz сайтынан алуларына болады.
-
1🛍Сельскохозяйственная ярмарка пройдёт в Астане в выходные
- 5161
- 0
- 7
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 25 ноября
- 2919
- 1
- 4
-
3❗️ Политиков Казахстана будут наказывать за неисполнение поручений президента
- 2793
- 8
- 65
-
4⚡️ Токаев сменил главнокомандующего сухопутными войсками
- 2756
- 1
- 55
-
5❗️Топ-10 советов от Forte: как защитить себя от мошенников
- 2820
- 2
- 8
-
6🇰🇳 Ещё одна страна ввела безвизовый режим для Казахстана
- 2857
- 2
- 119
-
7🗓 До старта первого этапа Кубка Мира по биатлону остаётся 5 дней
- 2457
- 0
- 5
-
8💵 Забирал премии сотрудников: суд вынес приговор главе ветеринарной службы Туркестанской области
- 2521
- 1
- 22
-
9👨⚖️ Дело против Трампа после его победы на выборах решили закрыть
- 2489
- 0
- 40
-
10❓ За обрушение школьной стены в Костанайской области наказали чиновника: что решила апелляция
- 2441
- 4
- 2