Прямой эфир Новости спорта

Ыбырай Алтынсарин – І өндірістік революция жаршысы ма?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
IT аналитик Тимур Бектұр әлемде І өндірістік революция дәуірі орнағанда біз енді хат тани бастадық деп есептейді. Ал қазір ІV революцияның да ауылы алыс емес.

Ойлап қараңызшы...

Қазіргі таңда ешкімге таңсық емес Тесла электромобилі осыдан 10-ақ жыл бұрын Франкфуртте прототип күйінде таныстырылған болатын. 10-ақ жыл бұрын ғана. Прототип күйінде. Ал қазір ол бұқаралық деңгейде конвейерден шығып жатыр. Яғни, электр энергиясымен жүретін автомобиль ешқандай да болашақтың еншісі емес, ол – біздің бүгініміз.

Қазіргі таңда ешкімге таңсық емес Falcon 9 зымыраны осыдан 10-ақ жыл бұрын енді-енді ғарышқа шығуға дайындалып жатқан болатын. 10-ақ жыл бұрын ғана. Прототип күйінде. Ал қазір SpaceX NASA-ның қажетті жүктерін халықаралық ғарыш станциясына жеткізетін келісімшартқа қол жеткізген. Яғни, бірнеше мәрте қолдануға болатын, айлаққа өзі қайта ұшып келіп қонатын ақылды зымыран ешқандай да болашақтың еншісі емес, ол – біздің бүгініміз.

Қазіргі таңда ешкімге таңсық емес Boston Dynamics роботтарына осыдан 10-ақ жыл бұрын біз түгіл, бұл компанияның иесі Google-дің өзі сенбей, SoftBank-ке сатып жіберген болатын. Ал қазір BigDog атты ит тектес роботтан бастау алған Atlas атты гуманоид роботтар паркур жасап, тұрған жерінен артқа сальто айналатын деңгейге жеткен. Spot роботтары бұқаралық деңгейде сатылымға шықса, жақыннан бастап Массачусетс полиция департаменті күнделікті қызметінде бұл робот иттерді қызметіне жарата бастады. Яғни, робот құрастыру мен оны өмірде қолдана бастау ешқандай да болашақтың еншісі емес, ол – біздің бүгініміз.

Оқи отырыңыз: Цифрлы Қазақстан. Ол қандай болады? Біз дайынбыз ба?

Шындығында, бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Осыдан 10-ақ жыл бұрын футуристік сипаттағы технологиялар қазіргі таңда күнделікті қолданысқа еніп келеді. Өзі жүретін көлік, VR/AR құрылғылар, жасанды интеллект, блокчейн, интернет заттар бастаған технологиялар тізбегі бүгінде баршаның аузында жүр.

Осы кезде, бала кезде бүкіл қазақ жаттап өскен:

"Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге

Күн жарымда барғызды.

Адамды құстай ұшырды;

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді"

– деген Ыбырай Алтынсариннің өлеңі тіліңнің ұшына қайта-қайта келіп, ойыңа еріксіз орала береді.

Мектеп кезінде аса мән бермегенбіз не жәй ғана бірсыдырғы оқып өткенбіз. Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті, неміс экономист Клаус Шваб "IV өндірістік революция" ұғымын бұқаралық деңгейде таныстырып, қазіргі әлемнің қандай тектоникалық өзгерістер сәтінде тұрғанын әрбіріміздің санамызға жеткізген кезде барып, осы өлең жөнінде қайта ойландық.

Сөйтсек, Ыбырай Алтынсарин осы өлеңді жазған кезде батыс елдерінде, Еуропада индустриялық заман мен электрификация басталып, бу двигателі барлық өндіріске еніп, тоқыма фабрикалары механизациялана бастаған екен.

Ал ең қызығы – бүкіл әлем "2025 жылы журналист, бухгалтер, аудармашы, сатушы, заңгер, экономист секілді мамандықтар жойылады, себебі олардың орнын жасанды интеллект басады" деп тұмсығымыздың ұшындағы болашаққа сәуегейлік айта бастауының қайнар көзі – компьютер мен ақпараттық-коммуникациялық технологияның қарқынды дамуы болса, Ыбырай жазған сол бір өлеңнің қарсаңында ағылшын математигі, жасы отызға да жетпеген Ада Лавлейс есімді тұңғыш программист әйел Чарльз Бэббидждің әйгілі арифметикалық машинасына бағдарлама жазып, есептеу машинасының, яғни компьютердің дамуына алғышарт қалыптастырып кеткен болатын.

Оқи отырыңыз: Қазақ инженері Нью-Йорк құрылыс саласындағы технологияларды Қазақстанға алып келуді армандайды

Технологияның жұмыссыздық тудыруы, адам орнын басуы, күнделікті өмірдің автоматтандырылуынан адам баласының қажетсіз боп қалуы, тұтас мамандықтардың ескіріп, зейнетке шығуы мен мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуы бізді бүгінгі таңда когнитив диссонанс жағдайына түсіре бастаса, Ыбырайдың өлеңінде бейнеленген Еуропа халқы бұл психологиялық соққыға сол кездің өзінде тап болған.

"Желкілдеп шыққан көк шөптей

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай"

– деген Ыбырайдың заманындағы қазақ біздің қазіргі түсінігіміздегі академиялық сауаттан ауылы алыс қоңсы еді. Сөйтіп, Ыбырай бастап, өзгелер қостап, біздің далада да қағаз бен қалам пайда болып, ұлдар мен қыздар мектепке бара бастады.

Қысқаша айтқанда, ел компьютерге бағдарлама жазып, автомобиль өндірісін жолға қоя бастағанда, біз партаға отырып, әріп тани бастадық. Сөйтсек, сол кез І Өндірістік революцияның дәуірі екен.

Ал, бүгінге, IV өндірістік революция қарсаңына оралар болсақ, біз компьютерге бағдарлама жазуды енді игере бастадық. Бірақ, "ол енді тым кеш емес пе?" деген сұрақ қылаң береді. Өйткені, 2006 жылы Қазақстан тұңғыш рет "Инженер-программист" мамандығы бойынша алғашқы түлектерін шығарды. Солардың бірі ретінде АКТ саласынан хабардар болуы тиіс менің өзім, бұқара халықты айтпағанда, machine learning яғни машинаны оқыту туралы осыдан 10-ақ жыл бұрын өңім түгіл түсімде естімеген болатынмын. Ендеше, осы айтылған машинаны оқыту саласы жасанды интеллект һәм нейронды желілермен қосылып, программалық кодты өзі жазатын уақыт таяп қалды деседі.

Оқи отырыңыз: Әлемдегі және Қазақстандағы электронды сауданың жағдайы. Интернет дүкен ашсаңыз, салық жеңілдігі бар

Интернеттің түпатасы, яғни ARPANET-тің негізін қалаушы Джозеф Ликлайдер айтты деген бір сөз бар. Ол "Адамдар алдағы бір жылда не болатынын айтқанда тым асыра сілтеп, ұзақ жылдарда не болатынын айтқанда жеріне жеткізбей тастайды" деп кеткен екен. Сол айтқандай, алдымызда не күтіп тұрғаны жөнінде футуристік болжам жасаушыларға аса бір скептикалық көзқараспен қарасам да, Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы бір құжатында жақын болашақтағы еңбек нарығы жөнінде "Жасанды интеллектің қарқынды дамуына байланысты, 2022 жылы әлемде 75 млн жұмыс орны жойылып, 133 млн жұмыс орны пайда болады. Қазіргі таңда компьютерлер күнделікті жұмыс операцияларының 29 пайызын атқарса, 2025 жылға қарай 52 пайыз деңгейге жетеді" деген сөз бар. Бұл, әрине, ойландырмасқа қоймайды.

Сөз соңында бір сұрақты ортаға салғым келеді. Ыбырай Алтынсарин көзі ашық, оқыған, сауатты, алыс-жақыннан хабары бар адам ретінде, әлемдік өндірістік революция басталған бойда ол туралы елді құлағдар етіп, сонымен бірге жалпы халықты сауаттандыруға кіріскен болса, төбемізден төніп келе жатқан IV өндірістік революцияны көзіміз көріп тұрып, біз қандай қам, қандай әрекет жасап жатырмыз?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Новости партнеров