Прямой эфир Новости спорта

Google, Facebook, Netflix – уақыт машинасы, ал кедейлер мен сауаты төмендер қайтпек?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Технологиялар уақытымызды ұрлап жатыр ма, әлде үнемдеп жатыр ма? Бұл сұраққа ІТ аналитик Тимур Бектұр жауап береді.

50 миллион қолданушы немесе аудиторияны қамту үшін:

  • Телефонға 75 жыл;
  • Радиоға 38 жыл;
  • Теледидарға 13 жыл;
  • Интернетке 4 жыл;
  • Фейсбукке 2 жыл;
  • Айфонға 3 ай;
  • Ал Angry Birds ойынына 35-ақ күн қажет болды.

Дәл осы мезетте... Сіз менің жазбамды оқып отырғанда (Brand Watch ақпараты):

  • Әр секунд сайын Google арқылы 40 000 іздеу жасалып жатыр.
  • Әлемдегі барлық интернет іздеудің 92,81 пайыз үлесі Google арқылы жасалады.
  • Әлемнің 0,01 пайыз электр энергиясы Google-дің дата орталықтарын қуаттандыруға жұмсалады.
  • Фейсбукте әрбір секунд сайын 6 жаңа профайл ашылады.
  • Фейсбукте 270 000 000 жалған аккаунт бар.
  • Ютубке әр минут сайын 300 сағаттық видео жүктеліп жатыр.
  • Әлемнің әрбір тұрғыны күніне 40 минутын Ютуб арнасын қарауға жұмсайды.
  • Инстаграмда күн сайын 4,2 млрд лайк басылады.
  • Инстаграмның 90 пайыз аудиториясы 35 жастан кіші.
  • Ал Snapchat әлеуметтік желісінің Қазақстандағы 1 550 000 қолданушысының 90 пайызы қыз бала.

Осы сәтте әңгіменің ауанын тағы да технология мен өндірістік революция тақырыбына бұруға тура келеді.

Өйткені, адамзат баласының тарихында екі әділ нәрсе бар: уақыт пен өлім. Бай болсын, кедей болсын, барлық адам баласының бір күнінде – 24 сағат, әрбір минутында – 60 секунд бар. Сондай-ақ, барлығын да ажал деген осы уақыттың ақыры күтеді.

Осы сәтте, адамзат баласы уақыттан асқан бағалы нәрсенің жоғын түсініп, ал өлімнің қашан келетінін білмеген соң, уақытқа қатысты екі параметрді анық сезінгісі келеді:

  • Уақытты сақтау, үнемдеу, соза түсу;
  • Уақыттың ләззатын сезіну, әрбір секундтың құнын арттыру, дәмін алу.

Оқи отырыңыз: Ыбырай Алтынсарин – І өндірістік революция жаршысы ма?

Осы сәтте әлгі көзіқарақты адамға танымал болған өндірістік революциялар туралы әңгімені қайта бастауға тура келеді. Себебі, осыдан 120 жылдай бұрын адамзат баласы уақыт үнемдеудің технологиялық және ең бастысы, бұқаралық жолына түскен болатын. Олар: автомобиль һәм көлік өндірісі.

Одан әріге, яғни І өндірістік революция қарсаңына – XIX ғасырдың екінші жартысына өтсек, адамзат баласы индустриализацияны бастан кешіріп жатқан болатын. Аяқ жолдың орнын темір жол басып, хат-хабар жолының телеграф жолына модернизацияланып жатқан кезеңі. Уақыттың ауаны адам мен атқа, жел мен суға емес, көмірге бағынған сәт.

Ал кейін, механизация автоматтана бастады, көліктер бұқаралық сипат ала бастады, ақпаратты жылдам таратудың технологиялары пайда бола бастады. Іштен жану двигателі өмірге келіп, жанар-жағар май үстемдік құрды.

Артынша пошта мен телеграф желісінің орнын әуелі мейнфреймдер желісі, артынан дербес компьютерлер желісі алмастыра бастады. Әлем, яғни, адам баласының уақыты электр тоғына мойынсұнды. Компьютер мен электротехника дәуірі адамды ғарышқа ұшырды. Бұл технологияның барлығы біздің айшылық алыс жолдарға кететін уақытымызды, өмірімізді үнемдеді.

Осы жерде жаңағы айтқан уақытты үнемдеу және оған қоса өткізген әрбір сәттің (уақыттың) ләззатын сезінуді еске алайық.

Ақшасы бар адамдар өзінде де, өзгеде де бар уақытты басқаларға қарағанда пайдалы, сапалы және жайлы (комфорт) өткізудің жолын тапты. Бұқара халық пойызбен жүрсе, ақшасы барлар ұшақпен қатынады. Ұшақ бұқаралық деңгейге өткенде, қызмет күтіп, кезекке тұру үшін кететін уақытты үнемдеп, бизнес кластың сервисін сатып алады.

Осы жерде бұқараға ортақ технология мен адамзатқа ортақ уақыттың қызығын қалталы адамдар қалай көретініне назар аударсақ:

Егер сіз аптасына 2-3 рет ұшатын адам болсаңыз, тіркеу және отырғызу кезінде кезек күтіп уақыт жоғалтпау үшін Clear секілді қызметке $5,370 ақша төлеу арқылы 30 жыл аралықта 46 күн өміріңізді сақтай аласыз.

Ал Walmart Delivery Unlimited немесе Amazon Prime секілді жеткізу қызметтеріне жылына $98 төлеп, 30 жыл аралықта $2,940 құртсаңыз да, өміріңіздің 120 күніне иелік етіп қаласыз.

Жылына $156 немесе 30 жылға $4,680 төлеп, жарнама көрумен құрып кететін тұтас бір жылдық өміріңізді сақтап қаласыз. Осыған ұқсас Youtube Red қызметі айына $12 тұрады.

Оқи отырыңыз: Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін

Бұған дейін біз кітапханаға баратынбыз. Каталогтан ақпарат іздейтінбіз. Ал қазір Google біздің уақытымызды еселеп қысқартты, яғни уақытымызды үнемдеді. Ал былайғы уақытта қолың жетпейтін адаммен таныстыққа, кездесуге кететін уақытты бірнеше мәрте қысқартқан Facebook адамдар арасындағы қатынасты жаңа бір деңгейге шығарды.

Ең қызығы, әрбір технологияның пайдасы оның кемшілігімен қатар жүреді. Алғашқы кездегі көмірдің зияны – ауаны ластауға әкелсе, іштен жану двигателі мен мұнай-газ энергиясы жаһандық жылынуға себепші болды. Ал қазіргі "уақыт машиналарының" зияны – жеке бас ақпаратының құпиялылығына зиян келуінде болып тұр. Яғни, адам баласы бір жақсылықтың бір зиянын көріп жатыр.

Осы орайда, уақыт үнемдеу, процесті жеделдету, жұмысты үйлестіру, жаңа заман ағымына ілесе отырып жаңа талаптарға жауап беру үшін технологияны импорттаушы ел ретінде оның уақыт жағынан да мойнымызға түсіретін ауыртпалығы мен үнемдеуге болатын айналма жолдарын қоса игергенімізді қалаймын. Өйткені, "ХХ ғасырдың алтыны мұнай болса, XXI ғасыр алтыны траффик" деген тәмсіл шыққалы қашан. Ал траффиктің көзі – кедейлер мен сауатсыздар деседі...

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Новости партнеров